25.03.2021, 16:34
Оқылды: 76

Мерекенің лебін сезінді

Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында карантиндік шаралар қайта енгізілгенімен, Шыңғырлау ауданы тұрғындары үшін бұл мерекені сезінуге еш кедергі болмады. Көшелерде орнатылған киіз үйлерге барып, суретке түсіп, бір-бірін мейраммен құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп жатқан адамдарды көргенде Наурыз мейрамына деген халықтың ықыласы анық байқалды.

FBE3FAC7-5AC4-4100-9F39-7DDEE5F8B0FE

Көптеген ұйымдардың қызметкерлері наурыз бойы ұлттық нақыштағы киімдер киіп, ұлттық киімге өз құрметін көрсеткен-ді. Осы орайда Ақтау мәдениет үйі салауатты өмір салтын насихаттап, ұлттық ойындарды дәріптеу мақсатында асық ату мен ләңгі тебуден мерекелік жарыс өткізді. Осындай ұлттық киімдеріміз бен ойындарымыз, сонымен қатар бір-біріне Наурыз көже мен бауырсақ ауыз тигізіп, жылы лебіз тыңдап, бата алған тұрғындардың көңіл күйі бұл мейрамға ерекше серпін берді.

Карантиндік шектеулерге байланысты көптеген мерекелер тиісінше тойланбай отыр. Дегенмен халыққа өз өнерлерін паш етемін деушілер әлеуметтік желілер арқылы онлайн-концерттер ұйымдастырды. Шыңғырлау аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен "Наурыз келді төріме" атты мерекелік онлайн-концерт өткізілді. Карантиндік шараларға байланысты концерт әлеуметтік желілерде жүргізілсе де, көрермен өз бағасын беріп, жылы пікірлерін қалдырды. Мерекелік бағдарлама ерекше қойылыммен басталып, театрландырылған көрініс әсем әуенмен жалғасын тапты. Шараның жалғасы Көрісу мейрамы жайындағы көрініспен жалғасып, ақсақал елге, халыққа батасын берді.

Шыңғырлау мәдени-демалыс орталығының қызметкерлері мен әжелерден құралған хор да, басқа орындаушылар да әдемі әндер шырқап, концерттің көркін келтірді. Шара кішкентай бүлдіршіндеріміздің "Қамажай" биімен жалғасты. Шара барысында ән шырқалып, күй тартылды. Аталмыш шара онлайн түрде өткізілсе де аудан халқының алғысына, ықыласына бөленді.

                                        Айбарша Лекерова,

Шыңғырлау ауданы

  zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале