31.05.2021, 11:01
Оқылды: 147

Мінгенім астымдағы  –  мотоцикл

Жер аяғы кеңіп, жазғытұры шыққан соң, көшеде дырылдап заулаған мотоциклдер мен скутерлер, мопедтерден көз сүрінеді. Жүргізсе, жүргізсін-ау, кәмелетке толмаған балалардың қос дөңгелекті көліктің құлағында ойнап, желігіп, желмен жарысатынын қайтерсің? Басқару құқығы жоқ, көлікті пайдалану ережесін бұзған адамдар да мотоциклді тақымдарына басқан.

80309B32-4FB1-49DE-93A7-D4FE9BF0B9AC

Жасөспірімдер арасында мотоцикл жүргізу бәсекеге айналды. Құны 400-500 мың теңге тұратын көлікті әперген ата-ана: «Мал қарап, қайыруға жеңіл болсын деп әпердік» дейді.

 Болмасын деп майып, мотоциклшіге салынды айып

Сырым ауданы аумағында сәуір айының 17-25 күндері «Мотоцикл» жедел профилактикалық  іс-шарасы өтіп, рейд жүргізілген болатын. Рейд барысында  мотоцикл жүргізушілеріне жол жүру ережелерін бұзғандарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің  612-бабы 1-бөлімімен 1 хаттама, 2-бөлімімен 4 хаттама, 593-бабы 2-бөлімімен 1 хаттама толтырылып, айыппұл салынды. ӘКҚТК-нің бірінші бөлімімен – жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжаты өзімен бірге болған жағдайда, Қазақстан Республикасында берілгендерін қоспағанда, өзімен бірге басқару құқығын беретін жүргізуші куәлігі немесе жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәлігі; Қазақстан Республикасында берілгендерін қоспағанда, көлік құралына тіркеу құжаттары; көлік құралына заңнамада белгiленген өзге де құжаттары жоқ жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы – ескерту жасауға не бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл төлейді.

32EE2069-141E-46AA-A632-805AED893ADA

Ал, екінші бөліммен, көлiк құралын басқару құқығы жоқ адамның оны (жүргiзіп-үйренуден басқа) басқаруы, сол сияқты тиiстi санаттағы көлiктi басқару құқығы жоқ жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы – жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді.

Былтыр мотоциклге қатысты 1 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Көлікті жүргізуші мас күйінде айдап, бұғанасын сындырып, жарақат алды.

 Халық қарамасын десең үрке, мотоцикліңді тірке!

Ауданда мотоциклшілердің көбейіп кеткені, олардың қандай бақылауда екенін сала маманынан сұрадық.

Сауалымызға жауап берген Сырым ауданы полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Бақытжан Қазақстанов:

–   Мотоциклді 18 жасқа толған, А санатты басқару құқығы бар азамат жүргізе алады. Міндетті түрде шлем киіп, жылдамдықты асырмауы, жол жүру ережесін сақтауы тиіс. Аудандағы мотоциклдердің Орал қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына (автоцон) тіркелгені жоққа жақын деп айтуға болады. Көлік иелері қос дөңгелектіні тіркетуді басы артық мәселе санайды. Қосымша құн салығын төлеу,  сақтандыру, мемлекеттік нөмір алу ақша мен уақытты талап ететіндіктен, оңай жолы – жауапкершіліктен қашып, тіркетпей-ақ қою. Алайда «Жол жүрісі туралы» Заңның  64-бабына сай, жылдамдығы 50 км/сағ құрайтын мотоцикл, квадроциклдер, мопедтер мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс.  Цилиндрінің жұмыстық көлемі 0,50 текше см-ден асса, ол мотоцикл болып саналады. 0,50 текше см-ден кем көлемді көлік мотоциклге жатпайды, мопед болып есептеледі. Мопед үшін жүргізуші куәлігі талап етілмейді. Көшеде ызғытып жүрген көліктердің цилиндрінің жұмыстық көлемі көбінде қозғалтқышы 0,50 текше см-ге жетпейді екен, мұндай көлікті 18 жасқа толмаған балалардың тізгіндеп жүруі де сондықтан екен. Кейбір мотоциклдердің күшінің көлемі 2500-3000 текше см-ге дейін барады. Қазіргі жаңа мотоциклдің бәрі Қытайдан әкелініп жатыр. Қаптаған қытайлық қос дөңгелекті көлікті тіркеу бүгінде заң бойынша талап етілуде. Мотоцикл де техникалық құрал болғасын мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына тіркеу міндетті. Оған тіркелгенімен, Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің процестік орталық басқармасына құжаттары тапсырылады,- дейді.

Мотоциклді алған адам ең бірінші мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына көліктің сертификатын тапсырып, көлік ретінде тіркету керек. Одан кейін көліктің көлеміне қарай қосымша құн салығын төлейді, Қазақстан Республикасы бойынша тіркеп, нөмір алады.

Сырым аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының 2020 жылғы тізімі бойынша небәрі 5 мотоцикл тіркелген. Иелері 1 АЕК көлемінде көлік салығын төлейді. Биыл саңырауқұлақтай қаптап кеткен мотоқұмарлардың бәрі тұлпарларын тіркетіп, салық төлесе, бюджетке де пайда болары сөзсіз.

«Отан» кәсіптік-техникалық орталығының Сырым ауданындағы филиалының меңгерушісі Сәлімгерей Тәжібаевтың айтуынша, ауданда А санаты бойынша соңғы жылдары оқыған бірде-бір болашақ жүргізуші жоқ екен.  Мұнда білім алушылар  В, С санатын ғана алуға ниетті екен. Жүргізушілікті меңгертетін Сырым колледжінде де, Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте де А санаты оқытылмайды екен. Ауданда мотоциклді теория бойынша үйреніп, басқару құқығын иеленуге құлықты адам жоқ. Сонда ағылған мотоциклді қандай адамдар айдап жүр? Олар жол ережесін меңгермегені ғой сонда?

 Басыңа кисең шлем, ажалдан мың да бір ем

A3081BD0-654F-4323-89E1-1B5BCE2E330C

Дулыға (шлем) – адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірден-бір бас киім.  Дулығаны көмір өндірісінде, құрылыс алаңында қауіпсіздік кепілі ретінде міндетті түрде киеді. Кейбір шет елдерде көшеде  жаяу жүргендерге де сақтық үшін шлем кию ұсынылған екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіпті жарық дүниеге басымен келетін сәбиді де шлеммен «күтіп алудың» қауіпсіздігін айтады. Мотоцикл, мопед, велосипед жүргізген адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін – шлем. Алайда қауіпсіздік ережесін сақтамай, ыңғайсыз көріп, шлем кимейтіндер жетіп артылады. Шлем – мотоцикл мен велосипедтің өзінен кейінгі маңызды нәрсе. Шабандоздар мұның байыбына бара бермейді. Дулыға киген адам аңдаусызда құласа, бас миының жарақатынан қорғаулы болады. Әрине, мотоцикл мен велосипед адамға желік бітіріп, қанатты құс боп ұшқандай ләззат сыйлауы мүмкін. Алайда, басты байлық  денсаулыққа жетері жоқ. Сынған жаңа шлемнің орнына жаңасын сатып алуға болады, ал басыңның «жаңасын» сатып ала алмайсың.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале