15.02.2021, 13:01
Оқылды: 86

Момышұлымен кездескен механизатор

Тұрсынбек Шалқар көлінің жағасында, балықшылар ауылында туыпты. Әкесі Молдамұрат – ел таныған шебер, етікші еді. Етік тігеді, аттардың әбзелін түгендейді. Доғасын иіп, қамыт+тоқымын тігеді, жүген тоқиды. Қайыс илеп, тіліп, дойыр қамшы өреді. Ерді қаптап, шашақты тоқым жапқанда, жылқылардың сән-салтанаты асып шыға келеді. Молдамұраттың жасаған бұйымдарына көрген кісі қызықпай тұра алмайтын. Тұрсынбек – осы Молдамұраттың Құдайдан мойынына бұршақ салып тұрып тілеп алған жалғызы, өмір ортасына келгенде көрген қызығы еді. Тұрсынбектің алдында Табылды деген бір ұлы болған. Оны перзентсіз жүрген Төремұрат деген ағасының бауырына салыпты. Баланың қызығын емес, ағаның көңілін ойлаған не деген дархан адам еді Молдамұрат? Біз Тұрсынбекті тегіннен-тегін таныстырып отырған жоқпыз. Ол – біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері. Бір болса, Момышұлымен кездескен механизатор осы Тұрсынбек шығар деп шырамытып отырған боларсыз, құрметті оқырман? Сәл сабыр етіңіз. Мен әңгімелеп көрейін...

f44be1a58890cd7925fbaed85552f80e

- Подстепныйда бір ағайынымыз тұрады. Бұрын Жамбылда, Қызылағашта еңбек еткен. Қазір жасы 92-ге келді. Көкірегі қазына, айтарға әңгімесі бар адам. Сол кісі бар ғой, қазақтың батыры Бауыржан Момышұлымен кездескен, - деді бір күні ауылдас ағамыз, доғарыстағы полиция майоры Мұрат Әділгереев.

Естігесін отырамыз ба, газетіміздің сол аптадағы санын баспаға тапсырып тастап, «Жақсыны көрмекке» деп, Орал мен екі ортадағы Подстепныйға аттандық. Жаңағы Мұрат ағамызды жолбасшы қылып алдық. Үлкен кісінің әңгімесін тыңдасын деп ағамыз ұлы Дәулетті ерте шықты.

Барып, Тұрсекең мен оның Құдай қосқан қосағы Қалима шешейге сәлем беріп, қызы Гауһар апамызбен аман-саулық сұрастық. Қарт бізді күтіп отыр екен. Барысымен, абыз ауызындағы әңгіменің тиегі ағытылды. Біз тыңдап отыра қалдық.

- Бізде балалық болған жоқ. Өзім – ата-анамның қартайғанда көрген қызығымын. Әкем де, шешем үлкен кісілер болды. Бала күнімде – «Бізді асырайтын сен ғой!» - деп құлағыма құйып өсірді. Олардың осы сөздері мені өмірге ынталандырды, - деп бастады Тұрсынбек қария әңгімесін.

Кереметін Кеңес, кесірін қазақ көрген кәмпескелеу Молдамұратты да атамекенінен алыстатыпты.

- Шолақбелсенділер елді құртты. Үкімет белдеріне наган байлап қойғанға, олар әбден бәлсініп кетті. Көрінген адамды «Халық жауы қылды.» Содан халық үркіп, Ресейге көшті. Көшкендердің арасында біздің әулет те бар, - деді орыс жеріне барған кезде 6-7 жас шамасында болған Тұрсынбек.

- Туған жерге деген махаббатты сезіну үшін ересек болу шарт емес екен. Есімді білемін. Орыс деревняларында қазақ – күншығысқа жаққа қарай жүре бергім келеді. Қырдың ар жағынан қазақтың балаларының дауысы естіліп тұрады. Оны кейін түсіндім. Туған жерге деген сағыныш екен ғой. Бірде жүріп-жүріп, кешке жақын шаршап, жолдың жанына шығып құлаппын. Үйдегілер мені таңда ғана тапты. Бұл 36-37 жылдар еді. Әкем менің жүрегімді тыңдап, бізді елге алып келді.

Қарт шебер дедім ғой. Етік те тігетін, тас та соғатын. Тас соғып, Шалқардың жағасынан мектеп салды. Молдамұрат салған ескі мектеп Рыбцехта күні кешеге дейін тұрды. Үй салдық. Әкем сол кезде 60-70-тің шамасында еді.

Біздің ауыл – балықшылар ауылы. Кешкілік көлге ау салынады. Түнімен ау тартады. Оны атпен тарту керек. Мен балықшыларға ат айдауға жәрдемдесемін. Оңай жұмыс емес. Бағытпен, баппен жүргізіп отыруға тиіссің. Сақа аттар бір қозғалғасын, ретпен шығыршықты айнала береді. Кейбіреулері көнбейді. Аушылар ауға 100 метр сайын қызыл шүберек байлайды. Ол түзу, тең тарту үшін керек. Балықшылар жағадан бақылап, қызыл шүберек көрінсе, «Келді, келді!» - деп айғайлайды.

Түнімен балықшыларға ат айдасып, еңбегіме балық аламын. Әжептеуір азық еді. Ол кезде 8-9-дағы баламын. Балықтарды жағамен сүйреп, үйдің тұсына дейін алып барамын. Жақындағасын, көтеріп, үйге тасимын. Сөйткенше, таң болады. Мал да бақтым. Ата-анамды асырау үшін, қолымнан не келді, соны жасадым, - дейді еңбекқор бала.

Аштық пен қуғын аздай, Молдамұраттың әулетіне соғыс та зардабын тигізді. Немере інісі Ғаббас майданға аттанды. Соғысып та үлгермеді, бірден жаудың қолына түсті. Неміс концлагерьде не қорлық көрсетпеген? Ғаббастың айтуынша, тірі адамның басын суырмаға салып, қысатын көрінеді. Күніне ішінде құрыш шыбығы бар резеңкемен 36 мәрте дүре соғады екен.

«Кебенек киген келеді» деген бар. Ғаббас сол сұмдықтан аман келді.

- Сен ағаңды көргенде қорқып кетпе, - деген еді әкесі Тұрсынбекке.

Немістің азапханасы Ғаббастың өңіне де, өміріне де өз өрнегін салыпты. Баяғыда үлкен мектептерде адамның қаңқасы болады деп еститін. Ағасы тап сондай екен. Көзі әріде жатыр. Тісі ақсиған. Қолдары шыбықтай. Тек тері мен сүйек қалған. Көргенде зәресі зәр түбіне кетті. Тұтқыннан қайтарда немістің майдан даласынан бір алтын кесе мен бір алтын қасық алып келіпті. Соған тарының талқанын салып береді. Бір кесе талқанды бір апта жейді. Артық жей алмайды. Аштық өткен ғой.

Өмірінің соңғы сәттерінде көрінген кісіге «Фашист! Фашист!» - деп шабатынды шығарды. Тұтқындағы өмір оның түбіне жетті.

***                       ***             ***

Бір күні ата-анасын адал еңбегімен асырап жүрген Тұрсынбекті ауыл кеңесі ФЗО-ға (фабрика, зауыттық оқуға) айдады. Төртінші сыныпты да аяқтамаған баланы оған қуған кім? Дардай азаматтардың, сақа әйелдердің ортасында оған не бар? Сөйтсе, мансапқа малданғандар Тұрсынбектің ағайынын соттатып, ерегестің кесірі балаға да тиген екен. «ФЗО керуені» алдымен Чапай ауданына барып аялдады. Санаулы күннен кейін оларды полутаркаға отырғызып, Оралға әкелді. 4 милиция айдап апарып, түнде пойызға тиеді. Жолай қашудың мүмкіндігі туды. Қашқынның күні жайлы бола ма? Ана үйді паналап, мына үйді жағалап, бәлен ай ауылға жолай алмай, қуғын көрді. Сол кезде Тұрсынбек қаршадай бала еді.

Ол күндерде өтті-ау. Тұрсынбек жігіт болды, үйленді. Кейін әскерге алынды. Германияда, Бреслау қаласындағы Кимпленский әскери гарнизонының 162-полкінде борышын өтеді. Қабілет қарап жатады ма? Кеңестік танкіні жетілдіруге үлес қосты. Орыс танкісінің ату зеңбірегіне ауа мен сұйықтық айдауға арналған насос құрылғысын ойлап шығарды. Тәжірибесі іске асып, оған № 389 санды өнертапқыштық анықтамасы берілді. Ефрейтор деген шен алды.

Тұрсынбектің білімге іңкәрлігіне таң қаласың? 4 сыныпты бітірсе де, жүрегі оның білімнің жарқ еткен жарығына ұмтылды да тұрды. Техниканы меңгеруге де білім керек қой. Осыны ойлап, ол әскерде жүргенде әскери-дивизиондық жөндеу шеберханасында оқыды. Техниканың тілін түсінді, түрін таныды. Елге келіп 40 жыл механизатор болғанда сол білім, сол тәжірибе пайдаға асты.

Көл жағалап, балық аулап өскен бала трактордың тізгініне отырып, дала теңізін кешіп, еңбек етті. Қызметтің қамымен Жымпиты ауданы, Жамбыл ауылына көшті. Әкесі Молдамұратқа сол жақтан жан тыныштығы бұйырды. Тұрсынбек кейін Қызылағаш ауылына барып, сол жақта еңбек етті. Қызылағаш құтты жер болды. 2000 жылдарға дейін сол ауылда тұрды.

***                       ***                       ***

1973 жылы Тұрекең дертке шалдықты. Әуелі көзі бұлдырады, кейін тамағынан жұтым су өтпей қойды. Ем табылмады. Имашева деген дәрігер:

- Бізде не көп? Дәрі көп. Бірақ, олардың бірде – бірі сізге көмектесе алмайды-ау. Сіз қалайда ыстық суға барыңыз, - деді.

Содан жолдамамен Сарыағаш шипажайына аттанды. Науқасының меңдегені соншалық, шипажайдың ішіне кіруге әлі жетпей, ауласында жығылып түсті. Оны жанұшырған медбикелер алып кетті. Шипажай шынымен де шипа болды. Беті бері қарағандай. Тәуекел деп, стакандағы судан бір жұтты. Өңештен өтіп сала берді. Маңдайдан тер бұрқ етті. Бүкіл дүниенің рахатына татыған бір жұтым су-ай!

Содан тәуір болып, өмір қалыпты ырғағына түсе берді. Бұрынғыдай төсекте бүк түсіп жату жоқ, фойеге шығып, кейде газет-журнал парақтап, кейде демалушылармен әңгіме айтатын болды. Күн ыстық. Әсіресе, солтүстік, батыс өңірлерден келгендер оңтүстіктің ыстығына шамалыға шыдай алмайды. Содан да болар, күн еңкейгенше уақытты іште өткізеді. Ал, Жамбыл, Қызылорда жағынан барғандар елемейді. Тапа-түсте, күн тас төбеде тұрғанда Ташкентке базаршылауға кетіп бара жатады.

Сіз бен бізді елеңдеткен тұсқа да келіп жеттік, оқырман. Қазір механизатор Момышұлымен кездеседі. Кездесу жайлы әңгімені де Тұрсекеңнің өзіне қалдырдық:

- Бір күні кешкілік ауызғы бөлмеде, екі қолды диванның арқалығына артып қойып, шалқайып отыр едім. Баспалдақ жақтан тасыр-тұсыр дыбыс шығады. Дыбыс менің қабатыма қарай жақындап келеді. Көзімді салып отырдым. Көрінді. Шашы, мұрты тікірейген, көзі өткір бір ер азамат жоғары қабатқа көтеріліп барады. Екі жағынан екі дәрігер қолтықтап алыпты. Олардың соңынан тағы да екі-үш дәрігер-медбике келе жатыр. Қолдарында – сөмке. Шамасы, жаңағы шашы тікірейген кісінікі болуы керек. Бұл кім екен?

Сол кезде жаныма шипажайда ем алып жатқан әйелдердің бірі жүгіріп келді. Өзі Гурьевтен, руы – Кердері. Менің әйеліммен рулас болғасын, мені күйеу бала дейтін. Сол әдетіне салып:

- Әй, күйеу бала? Ағаңды танымадың ба?

- Қалай аға?

- Жаңағы алдыңнан өткен қазақтың Бауыржаны – батыр Бауыржан Момышұлы ғой!

- Ойбай, танымадым! Кәдімгі Момышұлы Бауыржан ба?

Сол-ақ, айналама жиналған жастар бар, басқалар бар, бәрі шулап кетті.

- Көргесін, таныңыз, танымаңыз, амандаспайсыз ба? Болды. Енді Бауыржаннан сыбағаңызды аласыз! - деді. Мен абдырап қалдым.

Түнімен ұйықтай алмадым. Соғыстың қайраткері, даңқты батыр, қолбасшы Бауыржан Момышұлы қасымнан өткенде шалқайып отырысым не? Неге сәлем бермедім? Момышұлы болсын, басқа болсын, үлкен кісіге неге амандаспадым? Өзімнің ұятым мазалап әрі әкем мен анамның тәрбиесі тергеуге алып, сол түнді ар алдындағы арпалыспен өткіздім.

Бауыржан ағамыз бізден жоғары қабатта, №36 бөлмеде жатты. Таңертең бір сағат, кешке бір сағат серуендеуге шығады. Қалған уақытта бөлмесінде жұмыс істейді. Кейін білдік, өзінің «Ұшқан ұя» кітабын жазып жатыр екен. Ал, демалыс күндері жазудан демалып, көбірек серуендейді екен.

Тынышымды алған түннен де құтылдым-ау! Таң атты. Баукеңнің таңертең шығатынын білемін. «Не естісем де, Бәукеңнен өзім аяқтай барып естиін. Иілген басты қылыш кеспес!» - деп ертерек тұрып, жуынып, есік алдына шықтым. Шықсам, біздің корпустың алдытолған адам. Ішінде жетпіс-сексенге келген қарттар да бар.

- Әй, бала! Қалбалақтап қайда шықтың? - деді бір қария. Мен ерте тұрып, ентігіп жүруімнің себебін айттым.

- Бәріміз де Бәукеңе сәлем берейін деп отырмыз, шырағым! - деді жаңағы қарт.

Жасы сексенге тарқан шалдардың баласындай баланы «Бәукең» - деп құрметтеуі мені тіпті елжіретіп жіберді. Момышұлы ол кезде 60-тан енді асып жатқан еді.

Бір кезде Бауыржан шықты. Қараторы өңді, ұзын бойлы адам екен. Сұсты. Адамға қарағандай қырандай шүйіліп, қабағын түйіңкіреп қарайды. Бірінші рет көрген адам қорқады екен. Көзі кешегіден де өткір болып кеткен бе? Батыр шықты да, газет-журнал сататын дүңгіршекке барды. Басын сұқты, бірақ ештеңе сатып алмады. Қайтадан есіктің алдына қарай келді. Мен алдынан шықтым.

- Ассалаумағалейкүм, Бауыржан Момышұлы! - деп амандастым. Себебі, «ұлы» деген жалғауды қоспасаң, қабылдамайды. Әуелде, «Момышев» дегені үшін марапаттан бас тартты дегенді естіп едік. Сол рас болып шықты.

- Екі қолыңмен неге көрісесің? - деп дүңк еткізді.

- Атам қазақтың дәстүрі ғой! - дедім. Өзі де осыны естігісі келсе керек, ештеңе демеді.

Менен кейін ұзын бойлы, сары көйлек, қоңыр шалбар киген, қолында алтын сағаты бар сылаңдаған бір жігіт сәлем берді. Ол өзімен құралыптас адамға амандасқандай, бір қолымен жеңіл ғана сәлемдесті. Баукең оны да оңдырмады:

- Әй, жігітім! Ана қолыңды қай соғыста жоғалттың? - деп жалпитты. Жаңағы жігіт қып-қызыл болып кетті.

- Жүріңдер! - деді Момышұлы. Қаумалаған халық батырымызды орта алып, орындықтарға барып жайғастық. Қарттар бата-тілегін жаудырып, азаматтар қолын алып, әйелдер жағы бетінен сүйіп, мәре-сәре болды. Бір кезде:

- Манағы бірінші болып сәлем берген жігіт қайда? – деді.

- Ассалаумағалейкүм, Бәуке! – дедім тағы.

- Әй, сен қай жақтан келдің?

Мен «Западный Казахстан...» - деп айта жаздап, тілімді тістеп үлгердім. Орысша сөйлесем, бәлеге қалам ғой.

- Мен мына Батыс аймағынан, Оралдан келдім! – дедім.

- Кіші жүзден келгенсің ғой. Мен – ұлы жүзденмін. Ұлы жүзді – таққа отырғыз, орта жүзді – малға, кіші жүзді – жауға қой деуші еді. Батырлар елінен екенсің ғой. Мен саған аға болам! - деді Бауыржан Момышұлы.

***                            ***                       ***

Сол күннен бастап қазақтың батыры Бауыржан маған шынымен де аға болды.

Батыр күнде тумайды әрі тірі батырды күнде көріп жатқан жоқпыз? Содан, қалған күнімде Бәукеңнің қызметін жасайын деп ойладым. Қолымнан не келеді бірақ? Әр таң сайын есік алдынан сәлеміммен қарсы алайын, ол да – бір құрмет қой! - деп ойладым.

Әдетімді саналы түрде күн сайын қайталадым. Қазақтың қаһарман ұлына сәлем беру – менің мерейімді өсірген іс еді. Жақсылық батырдың да жүрегін жібітеді екен, бара-бара Бәукең де менің сәлемімді жоқтайтын болды. Алтыншы күні:

- Сенің атың – Тұрсынбек қой. Амандасуға асығасың да жүресің, бұдан былай «Асанбек» бол. Ағаңның саған қойған аты осы болсын! - деді. Марқайып қалдым. Қазақтың Бауыржаны екінің біріне ат қойып жатыр ма?

Басындағыдай емес, шипажай демалушылары үшін Бауыржан Момышұлын көру қалыпты жағдайға айналды. Ынта-ықылас жоғатпаған санаулы адам ғанамыз. Батырмен кездесу – біздің өміріміз үшін рухани революция болды. Аңыздың кейіпкері, ақиқи баһадүр Бауыржанның алдында өзімізді барынша сай ұстауға әрі әр ақылын көкірек құтымызға құйып алуға, әр сөзін санамызға сіңіруге тырыстық. Күн сайын батырды ортаға алып, оңаша әңгімелесетінді шығардық. Одан әңгіме күтеміз. Бәукең кейде ашылып сөйлейді, кейде шорт қайырады.

Арамызда қошқыл мұртты жігіт болды. Біз Жезмұрт дейміз. Өзі – өткір сөйлейтін, тік айтатын жігіт. Өзіміз қоюға жүрексінген сұрақтарды Жезмұртқа сұратамыз:

- Бәуке! Қазақтың батырысыз ғой. Көрген жерде шаңырағына қонаққа шақыратындар көп болар. Сіз ондай шақыртуларды қабылдайсыз ба? - деді біздің мұртты досымыз бір күні. Ол сұрақты қойғанымыз, Бауыржан Момышұлы қонаққа барып, қазақша жаймадың деп, дастархан аударып тастады дегенді естіп едік. Бәукеңді ондай тексіздікке қимаймыз.

Момышұлы шақырған жерге барады екен.Ал манағы жағдаятқа келсек, ол ешкімнің асын бетіне лақтырмапты. Оқиға сәл басқашалау, былай болған:

Бір күні лауазымды қызметі бар бір азамат Бәукеңді үйіне қонақасыға шақырыпты. Шақырған жерге уақытында бару – әскери адамға әуелден тән әдет. Бауыржан да уақытында барып әрі жетер жеріне жеткесін, айналасын 5 минуттай шолып, сосын кіреді екен. Шамасы, соғыс кезінен қалған дағды болса керек.

Шендінің үйіне де уақытында барып, айналасына көз жүгіртіп, сосын ішке еніпті. Үй иесі құрақ ұшып қарсы алып, төргі бөлмеге шығарады. Бөлме бос емес. Бір-бір құс жастықты жастанып, қарындарын жерге төсеп генералдар жатыр екен. Шамасы, жаңағы шенді оларды Бауыржанмен дастарқандас болыңдар шақырса керек. Бәукең шетке келіп жайғасады.

- Ал, қонақтар тамақ әзір..

- Ау, отағасы, - дейді Бәукең. Дастарқанды үстелге жайдың ба?

- Иә...

- Соғыстың уақытында жай таңдап, баптанған жоқпын. Қан аралас суды да іштім. Ал, бейбіт уақытта бір қазақтың төріне келіп, үстелдің басында ағашқа қонақтаған тауық құсап отыра алмаймын. Дастарқаныңды жайсаң, жерге жай! Әйтпесе, кетемін, - дейді. Жатқан генералдар орындарынан атып тұрады. Бауыржанның сөзі талқыланған ба? Дастархан дереу жерге ауыстырылады.

- Қазақ біледі ғой. Ылғи қақайып жүреміз. Үстелден түспейміз. Жантайып жатып алып, ауқаттанған да жақсы екен, - десіпті басқа қонақтар. Бәукең осы әңгімені айтып берді.

- Генералдарды жатқызып-тұрғыздым деңіз! - деді Жезмұрт.

- Өздеріне сол керек, қазақтың дәстүрін көрсін! - деп жымиды Бәукең.

***             ***             ***

- Сталинмен кездестіңіз бе? - деп сұрадық бірде. Ол бірден «Жоқ!» - деп жауап берді. Бірақ, жазушы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабының басты кейіпкері, екінші дүниежүзілік соғыстың сайыпқыран қолбасшысы Сталиннің кездеспеуі мүмкін бе? Мүмкін емес қой. Біз сұрауды қоймадық. Естімей тынбайтынымызды білді-ау деймін, бір күні Бәукең таяғына сүйеніп отырып Кремльдегі кездесу туралы әңгіме бастады:

- Соғыстан кейін Кеңес Армиясының әскери академиясында сабақ беріп жүрген кезім. Академияның ауласына есік пен төрдей жалтыраған машина келіп тоқтады. Ішінен бір майор түсті. Түсті де топталып тұрған офицерлермен сөйлесті. Сол-ақ екен, олардың бәрі маған жалт қарады. Майор маған қарай келе жатыр. Офицерлердің бірі оның құлағына:

- Момышұлы деп айтпасаңыз, сөйлеспейді, - деп айтып үлгерді. Мен естіп тұрмын.

- Товарищ, Момышұлы! Вас вызывает Кремль, - деді маған келіп.

Мен ішке еніп, генералдарға ескерттім:

- Жолдас генерелдар, кетуге рұқсат етіңіздер! Мені Сталин шақырып жатыр! - дедім. Олар шошып кетті.

Кремльдің де босағасын аттадық. Майор шенді әскери адам күтіп алды. Кездесу болатын залға қарай бардық. Төрде – генералисмус Суворовтың портреті ілулі тұр екен. Үстелдің үстінде – Кеңес Одағының алып картасы. Соларды қарап жүргенімде, оң жағымдағы бөлмеден біреудің шыққанын сездім. Сталин екен. Қолымен үстелдің басына отыруға шақырды. Өзі қарсы отырды. Қызметші дөңгелегі бар үстелді сүйреп келді. Үсті толған дәм, сусын екен. Сталин кавказдық акцентпен сөз бастады:

- Бауыржан Момышұлы! Сіздің Кеңес Армиясының әскери академиясында дәріс бергеніңізге қуаныштымын. Сіз академияға тәртіп енгіздіңіз. Тактикаларыңызды жата-жастанып оқимын. Тактикаңыз жетіле берсін. Деніңіз сау болсын! - деп коньяк құйылған тостағанды көтеріп қоюды ұсынды.

Сәлден кейін:

- Кеңес үкіметі құрылар шамада қазақта білімді азаматтар, интелегенттер көп болды. Солар ұлт мәселесіне келгенде менің жағыма неге шықпады? - деп сұрады Сталин Момышұлынан. Бәукең де мүдірмепті:

- Жолдас Сталин, ол кезде мен болған жоқпын! - деп жауап беріпті. Әрі қарай коммунистер көсемі мен қазақ қолбасшысының әңгімесі жарасып жүре беріпті. Кездесу осы нотада аяқталған. Сталинмен кездесуден кейін Бауыржанды академияға қайта әкеліп тастапты

Бәукең қазақ туралы көп толғанатын:

- Қытай көсемі Мао Цзедун құрған үкіметтің басында кілең қазақтың оқыған-тоқыған жігіттері болған көрінеді. Қытай олардан үрейленіпті.

- Түбі бізді қазақ билеп кетеді-ау! - деп қорқыпты. Сосын құртудың жолын іздей бастаған. Тауыпты да. Қазақтан шыққан басшыларды бір ұшаққа отырғызыпты. Сол ұшақ көкке көтерілгеннен із-түссіз жоғалған.

- Керемет жігіттер еді, кейбірін танушы едім. Арасында Жетісудің азаматтары бар еді. Бәрі де опат болды, - деп күрсініді батыр.

***                       ***                       ***

Бір күні Бауыржан маған сұрақ қойды.

- Елдегі саяси ахуал қалай? Ауылдарыңда жершілдік, рушылдық бар ма? - деді.

- Несін жасырайын, бар! Еңбекте алдыңғы қатарда жүрсем де, марапат бұйырмады. Ал, малын санай алмайтын малшылар ауыл кеңесінің төрағасымен рулас болғаны үшін ғана, медаль-орден алады. Рушылдық деген осы емес пе? - деп айттым.

- Иә... - деді Момышұлы терең ойланып. Сені құртқан – рушылдық, мені – құртқан рушылдық, сосын ұлтшылдық!

Шынында, ұлтына деген махаббаты үшін ғана Бәукеңнің талай рет жолы кесілді. Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылғанда да, Момышұлының бұғалыққа сыймайтын мінезін көтере алмағандар, халқына деген перзенттік махаббатын көре алмағандар оның сыртынан сөз ерткен. Сол сөздің желімен маршал Георгий Жуков Бауыржан Момышұлының ұсынбасының үстіне «Не одобряю!» (Мақұлдамаймын! - авт) - деп жазып берген деседі. Кеңес Одағының батыры атағы ер өлгеннен кейін, 1990 жылы ғана берілді ғой. Күншілдік, көреалмаушылық деген дүниелер тірі кезінде оған бұл құрметті бұйыртпады, - дейді батыр Бауыржанның сырлас інісі болған Тұрсынбек Бисенов.

***                       ***                       ***

Сол күндерден Тұрсекеңнің қолында екі сурет қалыпты. Біреуі – шипажай демалушыларының Бауыржан Момышұлымен түскен суретін. Екіншісі – Бәукеңнің өзінің суреті. Артына «Тұрсынбекке! (төте жазумен) Ескерме ретінде. Б.Момышұлы. 3.ХІІІ.1973 жыл. Сарыағаш» - деп қолтаңбасын қойып, інісіне батырдың өзі сыйға тартқан. Айтпақшы, суретке түсу кезінде де Бәукең қарапайымдылығынан әрі ұлылығынан танбай:

- Әй, фотограф бала! Суреттің астына мені батыр деп жазып жүрме, Маған батыр атағын ешкім берген жоқ! - деді. Басқа біреу болса, мақтанға мастанып отырар ма еді?

Бәукеңнің қолына ұстаған таяғы да қарапайым болыпты. Қарапайым болғанда да, ағаштан кесіп алынған бұтақ-бұтақ таяқ екен. Дені дұрыс трость ұстамайсыз ба дегендерге:

- Мынау – ауылымның талынан кесіп алынған таяқ. Бұл талды бала күнімде ат қылып міндім. Қартайғанда ауылымның ағашына сүйеніп жүремін. Бұл менің сенімді серігім! - депті.

Тұрсынбекке ағасы Бауыржанмен қоштасу оңайға тимепті. Айға жуық қасында жүріп, бауыр басып қалғаны көрініп тұр. Бәукеңде де қимастық бар сияқты:

- Әй, Асанбегім-ай! Барған жерде мені бәрі құрметтер-ау, бірақ сен секілді күнде сәлем беріп, мені күтпейді ғой! - деп толқыпты батыр жүрек.

- Таңмен жүріп бара жатқанда, Бәукеңнің терезеден қарап тұрғанын байқадым. Автобуста отырып, фотосуретті бұлғадым. Ол да бала көңілмен, терезеден бәріміз түскен суретті бұлғады. Батырды алғашқы әрі соңғы рет көруім – осы еді! Бұл кездесу – менің бір ғұмырыма татитын тәрбие болды, - деп күрсінді Тұрсынбек қария. Тұрсекең бір немересінің есімін Бауыржан деп қойыпты. Өмірлік құрмет деген осы да!

***                  ***             ***

Мақаламыз бірыңғай баяндау болып кетсе кешірім сұраймыз. Ақиқат пен аңызды көзімен көрген қарттың естелігін мүмкіндігінше газет бетінде жаңғыртуға тырыстық. Кім біледі, болашақ та бұл да құнды дерекке айналар.

Тұрсынбек қарттың жасы бүгінде 92-де. Төрт ұл, алты қыз тараған құтты құрсақты «Алтын алқалы» Қалима анамыз екеуі төрдің төбесінде отыр. Ата-анасының қызметін қылған Гауһар апамызға да Алла разы болсын!

 

 Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале