7.12.2021, 10:00
Оқылды: 113

Мұғалім болып өмір сүремін

Маған «Кім болып жұмыс істейсіз?» деген сауал қойған кезде, зор мақтанышпен «Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп жүрген  мұғаліммін» деп жауап беремін. Мектеп – менің екінші үйім, ал қызметімді өмірімнің мәні деп есептеймін. Мен тек педагог болып жұмыс істемеймін, мұғалім болып өмір сүремін. «Жақсы мұғалім – жай ғана өз пәнін жақсы білетін және өз білімін жас ұрпаққа бере алатын тұлға» деген пікірмен келіспейтінімді айтқым келеді. Бала тәрбиелеу, оған білім беру, өмір сүруге үйрету  оңай емес. Оны  балаларға сабақ беріп көрген адам ғана түсінеді. Білім беру тәрбиемен астасып жатса, бұл – нағыз ұстаздың еңбегі дер едім. Осы орайда ұлы ойшыл әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі есіме түседі. Бала алған білімін жақсыға да, жаманға да жұмсауы мүмкін. 

IMG-20211022-WA0018

Бүгінгі таңда мұғалім – шығармашылық, интеллектуалдық әлеуеті зор, дүниетанымы кең, парасатты, мейірімді, сезімтал, ғылыми зерттеуге бейім жан болуы қажет. Сондай-ақ жаңа технологиялар мен тілді меңгерген болуы керек.

Нағыз ұстаз шәкірттерін жақсы көруі керек. Алдында отырған баланы жақсы көрмеген адам оған зейінді білім беруі екіталай. Әрине, сынып біреу болғанымен, онда отырған шәкірттер – әртүрлі отбасының мүшелері. Мәселен, біреуі ерке болса, енді бірі ұялшақ келеді. Әр оқушының ерекше қасиетін  байқау – ұстазға  сын.

Әр мамандықтың өз қиындығы, өз қызығы бар. Мұғалімнің жұмысы күрделі де қызықты. Шынын айтсам, кейде жұмыстан соң үйге келгенде, қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ сол өткізген күнді талдай отырып, балаларымның маған деген ықыласын сезген сәтте шаршағанымды ұмытып кетемін. Балалар әлемінің теңізіне бір бойласаң, ешқашан басқа жаққа кете алмайды екенсің.

Айнагүл Сұлтанова, 

Федоров орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале