17.01.2022, 10:29
Оқылды: 97

Мұғалім, мәртебеңе лайық бол!

«Алты Алаштың баласы бас қосса,  төр  –  мұғалімдікі». Мұны өткен  ғасырда Алаш қайраткері  Мағжан Жұмабаев айтып кеткен. Өскелең  ұрпақты тәрбиелеп, білім беретін,  өз  уақытын аямай, өзгенің  уақытын  аялайтын абзал жандарға қай  қоғамда да құрмет шексіз. «Педагог  мәртебесі туралы» заң да мұғалімнің мерейін өсіріп,  мәртебесін көтеруге  бағытталған. Алайда қоғамдағы мұғалімдердің барлығы дерлік халыққа, әсіресе,  оқушыларға үлгі  болып жүр ме? Жоқ. Ұстаз деген ұлы есімге кір  келтіріп, абыройын айрандай төгіп  алып жүргендер аз емес.  

IMG-20220114-WA0037

Сөзіме дәлел болу үшін бір ғана мысал айта кетейін. Былтыр 2 қыркүйек күні Казталов аудандық соты ауылдағы мектептің мұғалімі  Болат Мұсағалиевтің (атыжөні өзгертілді) ісін қарады. Ол  – 1976 жылы дүниеге келген, жоғары білімді, отбасылы азамат. 2020 жылдың 22 желтоқсанында масаң күйде көлік жүргізгені үшін  әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15 тәулікке қамалды. Сондай-ақ көлік құралын басқару құқығынан жеті жыл мерзімге айырылды. Алайда бұл жаза «шекесіне» тимеді. Тағы да ескі әдетімен масаң күйде көлік тізгіндеген. Былтыр тамыз айының 15-інде тағы да «Lada Vesta» аутокөлігін басқарып, ауыл көшесінде ерсілі-қарсылы жүрген. Содан оны түнгі сағат 00.45 шамасында Желтоқсан көшесінің бойындағы «Аружан» дүкенінің тұсында полиция қызметкері тоқтатқан. Оған сотмедициналық талдама жүргізілді. Медициналық куәландыру қорытындысына сай, алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Химиялық-токсикологиялық сот сараптама қорытындысы бойынша Б. Мұсағалиевтің қанында 1,19% промилль және несебінде (кіші дәретінде) 2,55% промилль этил спирті анықталды. Өздеріңізге мәлім, ҚР  Үкіметінің 2014 жылғы  13 қарашадағы №1196 қаулысымен бекітілген «Жол жүрісі қағидаларының» 2.4.1, 2.4.2-тармақтарына сәйкес көлік құралының жүргізушісі жүргізуші куәлігінсіз  және масаң күйде (алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық) көлік құралын басқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ сотталушыға жаза тағайындау кезінде Қылмыстық кодекстің 52-бабының талаптары басшылыққа алынды, яғни оның жасаған қылмыстық құқықбұзушылық әрекетінің қоғамға қауіпті екені, осыған дейін алкогольдік масаң күйінде аутокөлік айдағаны үшін көлік құралын басқару құқығынан айырылса да, берілген жазадан тиісті нәтиже шығармағандығы ескерілді. Казталов аудандық соты Болат Мұсағалиевтің қылмысы толық дәлелденгеннен кейін ҚР ҚК-ның 346-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыру және 6 (алты) ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы аудандық сот үкіміне риза болмай, облыстық соттың апелляциялық алқасына шағымданды. БҚО сотының апелляциялық алқасы сотталушының шағымын қарап, үкімді өзгеріссіз қалдырды.

ҚР Қылмыстық кодекстің 53-бабына сәйкес, сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайларға оның жасаған қылмысына шын ниетпен өкінуі және жас балаларының болуы жатады. Ал ҚК-ның 54-бабында көзделген жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Көлікті алкогольді масаң күйде басқару – тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін бірден-бір фактор. Егер сол күні сотталушы рульге ие бола алмай, адам өліміне себепші болса ше?! Жәбірленушінің отбасының алдында және өз перзенттерінің алдында қалай ақталар еді?! Өйткені ол  бір рет берілген ескертуге, берілген жазаға  құлақ аспай, сол қатені екінші мәрте қайталап отыр.

Айта кетсек, 2021 жылдың соңғы төрт айында осы аудандағы мұғалімдерге қатысты үш іс қозғалды. Оның біреуі Еңбек бастауыш жалпы білім беретін мектептің мұғаліміне қатысты. Ол көлікті мас күйінде жүргізіп, әкімшілік жазаға тартылды. Ал екіншісі, Қоныс жалпы орта білім беретін мектебінің мұғаліміне қатысты әкімшілік құқықбұзушылық іс болатын. Ол сол ауылдың тұрғынын қасақана ұрып-соғып, денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Алайда іс сотта тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды.

Қарап отырсаңыз, олардың барлығы шәкірттің бойына тәлім мен тәрбие ұялататын ұстаздар. Десе де, олардың ісәрекеттері мұғалім мәртебесіне сын. Ал мұғалім бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің, мінсіз тәртіптің ең жоғары үлгісі болуы керек. Сондықтан ұстаз болсын, атаана болсын, ең бірінші өздерін тәрбиелеп алғандары абзал.  

 Гүлжиһан Сағитова,

Казталов аудандық сотының судьясы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале