31.03.2021, 18:08
Оқылды: 62

Мүмкіндігі шектеулі балалар назардан тыс қалмайды

31 наурыз күні Қаратөбе аудандық мәслихатының «Әлеуметтік мәселелер мен гендерлік саясат, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс» жөніндегі тұрақты комиссия отырысы өтті. Отырыста Қаратөбе аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің 2020 жылы атқарылған жұмыстары тыңдалды.

Айбенк

Жиналысқа төрағалық еткен комиссия төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Ирина Классен күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарлама жасау үшін аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің басшысы Айбек Зейнуллинге сөз берді.

Аталмыш мекеме басшысы Айбек Бақытжанұлы орталықтың қызметі мен атқарған жұмыстарына тоқталды.

– Сөйлеу, көру, есту қабілеті, тірек-қимыл қозғалысы аппараты, эмоциялық-еріктік саласы бұзылған, оқуында, қарым-қатынас жасауында, мінез-құлқында қиыншылықтары бар балалар мен жасөпірімдерге психологиялық-педагогикалық түзеу және оңалту түрінде кешенді көмек көрсетіп келеміз. Аймақтық психологиялық-дәрігерлік, педагогикалық кеңес  беру мамандарының тексеру қорытындысына сәйкес, әр баламен кешенді топтық бағалау жұмыстары жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша жеке дамыту бағдарламалары жасақталады. Жеке дамыту бағдарламалары негізінде әр баланың психофизикалық даму ерекшеліктерін ескере отырып, түзеу дамыту жұмыстары жеке және топтық бағытта жүргізіледі.

Осы оқу жылында ППТ кабинетіне аймақтық ПДПК мамандарының ұсынысына және ата-аналардың өтінішіне сай 20 бала жолданып, түзеу-дамыту көмегін алуда.

Мекемемізде логопед кабинеті, дефектолог, психолог кабинеттері және ойын залы, психологиялық босаңсу бөлмесі, жаттығу залы бар. Олар толықтай арнайы дидактикалық материалдармен, компьютерлермен, ойыншықтармен, құм терапиясы т.б. құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мамандардың балалармен жұмыс жасауына толақтай мүмкіншіліктер қарастырылған, - дейді Айбек Зейнуллин.

Аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде мемлекеттік қызмет көрсету екі бағытта жүзеге асырылады.

Дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу және мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға консультациялық көмек көрсету бағытында жұмыстар жүреді.

2020-2021 оқу жылында мекемеде Қамқоршылық кеңесі құрылып, өз жұмысын атқаруда. Оның құрамына үкіметтік емес ұйым мүшелері, ата-аналар, кәсіпкерлер кіреді.

 

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале