21.08.2026, 9:30
Оқылды: 6

Мұхит әндерін мұхиттан асырмақ

Дәстүрлі ән – ұлттың үні, халықтың жадында ғасырлар бойы сақталған рухани мұра. Сол өнердің өрісін кеңейтіп, оның құдіретін жаңа белеске көтеруді мақсат еткен өнер иелерінің бірі – дәстүрлі әнші Қайрат Сайлауұлы Кәкімов.

Қайрат Кәкімов

Қайрат Кәкімов 1976 жылы 23 ақпанда Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Өлеңті ауылында дүниеге келген. 1983-1991 жылдары Өлеңті жалпы орта білім беретін мектебінде білім алып, 1991-1993 жылдары Жымпиты саз мектебінде Амангелді Ғұбайдуллиннен тәлім алды. 1993 жылы Батыс Қазақстан облыстық Құрманғазы атындағы саз колледжіне түсіп, дәстүрлі әннің дарабозы Қатимолла Бердіғалиевтен дәріс алды.

1997-2000 жылдары Атырау облыстық Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің әншісі болып қызмет атқарса, 2000 жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармонияның әншісі. Өнер жолындағы еңбегі елеулі жетістіктермен өрілді. 2001 жылы халықаралық фестивальдің бас жүлдесін иеленсе, 2006 жылы Мұхит Миралы атындағы байқаудың, 2009 жылы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Мәдениет саласының үздігі атанып, Құрмет орденінің иегері болды.

Қайрат Кәкімов 1

Дәстүрлі әннің хас шебері ән орындауда жаңа рекорд орнатуға дайындалып жатыр. Семейлік дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев 2026 жылдың маусым айында 5 сағат 29 минут бойы қазақтың 102 дәстүрлі халық әнін үздіксіз орындап, Азия мен Африканың дүниежүзілік рекордтар кітабына енді. Ал Тараздық дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев алты сағат бойы бір сәтке де тоқтамай 114 ән орындап, осы санаттағы жаңа әлемдік рекордты тіркеді.

Енді Қайрат Сайлауұлы бұл межені жаңартып, бір демде 150-ге тарта ән орындауды көздеп отыр. Қызу дайындық үстіндегі өнер иесімен осы бастаманың мақсаты, өнер жолы, дайындық барысы және дәстүрлі әннің келешегі туралы әңгімелескен едік.

– Қайрат аға, дәстүрлі әнге деген қызығушылығыңыз қалай басталды?

– Әкем де, анам да ән салған адамдар. Қарапайым адамдар болса да, «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, әкем халық театрында қойылымдарда ойнады. Анам домбыра тартып, ән салған адам.

Оның үстіне Амангелді Ғұбайдуллин деген ұстазым әке-шешемнің замандастары, достары еді. Сол кісілердің ықпалы тиді ме, 1992 жылдың күзінде саз мектебіне сол кісіге оқуға бардым. Ол кезде кәсіптік-техникалық училищеде оқып жүрген кезім еді. Амангелді ағайға барып, домбыраны әліппесінен бастап үйрендім.

Қайрат Кәкімов 2

Бір жарым жылдан кейін Оралдағы Құрманғазы атындағы саз колледжіне Мұхит класына оқуға түсіп, Қатимолла ағамнан сабақ алдым. Мені өнер жолына түсірген қос ұстазым бар. Бірі – Амангелді Ғұбайдуллин, екіншісі – Қатимолла Бердіғалиев.

– Сізге бір демде 150 әнді орындау идеясы қалай келді? Тоқтамастан ән айтып, рекордты жаңартудағы мақсатыңыз қандай?

– Бұл рекордты Семейлік дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев 2026 жылдың маусым айында 5 сағат 29 минут бойы қазақтың 102 дәстүрлі халық әнін үздіксіз шырқап, Азия мен Африканың дүниежүзілік рекордтар кітабына енді. Бұл тарихи шара Абай облысы, Семей қаласындағы Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияда өтті.

Тараздық дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев дүниежүзілік рекордтар кітабына енді. Өнер иесі алты сағат бойы бір сәтке де тоқтамай 114 ән орындап, осы санаттағы жаңа әлемдік рекордты тіркеді. Рекорд орнату рәсімі Тараз қаласында өтті. Әншіні қолдауға тыңдармандары, әріптестері мен жақындары жиналды.

Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясының басшысы Бауыржан Халиолла бауырымыз филармонияның 60 жылдығына орай ұстазым Қатимолла Бердіғалиев екеумізге дәстүрлі ән орындап, рекордтар кітабына ену туралы ұсыныс айтып, бастама көтерген болатын.

Қатимолла аға жасы 75-ке келсе де, 120 әнді орындауға ұсыныс білдірді. Басшымның ұсынысы мен ұстазымның 120 ән орындаймын дегені маған үлкен мотивация болды. Мен 132 ән орындаймын деген ұсыныс айттым.

2016 жылы «Батыс Қазақстан ән антологиясын» шығарғам. Мұның ішінде біздің Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Оралдың халық әндері мен халық композиторларының әндері бар. Сондағы әндерді жатқа білемін. Орындалатын әндердің реті сонда жарияланған бойынша таңдадым. Денсаулық жарап, Алла қуат берсе, әрі қарай да 150-ге дейін ән айта беремін деген ойдамын. Бұл жерде адамға физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да үлкен дайындық керек. Мұндағы мақсатым – Қазақстанды әлемге танытып, рекордты жаңарту. Мойныма бүкіл елдің сенімі, үлкен міндет, жүк артылып отыр.

– Бірнеше сағат ән айтудың қиындығы неде? Бір демде осынша ән айту адамға физиологиялық жағынан қаншалықты қиын?

– 132 ән айтуға 5 жарым сағаттай уақыт жұмсалады екен. Әр 25-30 ән сайын 10-15 минуттық үзілісі бар. Қиыншылығы – бастысы, тамақты шаршатып алмау, күту, тамаққа суық тигізбеу керек. Қазақ даласы дәстүрлі әннен бес мектепке бөлінеді. Батыс, Арқа, Жетісу, Сыр өңірі, Алтай-Тарбағатай мектебі. Солардың ішіндегі батыс әндерінің шоқтығы биік. Еуропалық, классикалық кең диапазонды әндермен пара-пар. Орындау да қиынырақ. Сол себепті мықты дайындық керек. Ұстазым Қатимолла Бердіғалиев екеуміз қызу дайындалып жатырмыз. Бұйырса, қыркүйек айының соңына қарай дәстүрлі ән орындаудың рекордты концерті өтетін болады.

– Сіздің рекордыңыз жастардың дәстүрлі ән өнеріне деген қызығушылығын арттыра ала ма? Бүгінгі жастар дәстүрлі әнге қаншалықты қызығады?

– Кейінгі толқын жастар қарқынмен өсіп, дамып келе жатыр. Репертуарлары бай, психикалық-физикалық тұрғыда дайын болса, 160-170 әнге дейін айта алатын жастар шығатынына сенімдімін.

Біз дайындалып жатқан жоба – жастарға ұлттық өнерді танытып, оларды тарта алатын жақсы жоба деп ойлаймын. Кейінгі 15-20 жылдың ішінде жастарымыз өте жақсы өсіп келеді.

Батыс Қазақстан әншілік мектебін алып қарасақ, бізде 4-5 дәстүрлі ән байқауы  ұйымдастырылып келеді. Мұхит бабамыздың, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы, Амангелді Ғұбайдуллин атындағы, Қаламқас Орашева, Қалампыр Рахимова атындағы республикалық байқаулар бар. Осы байқаулардың арқасында мықты дәстүрлі әншілер өсіп келетініне куә болып жұрміз. Құрманғазы атындағы консерваториялық оқу орны, Т.Жүргенов атындағы өнер институты бар, Астанадағы К. Байсейітова атындағы өнер университеті, басқа өңірлердегі оқу орындарында ұлттық ән өнерін таңдаған, дәріптеп жүрген жастарымыз көп.

Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясына Бауыржан Халиолла басшылыққа келгелі бұрын-соңды болмаған серпіліс әкелді. «Дәстүрлі ән» бөлімін ашып, ән өнерінің кенже қалмауына, Мұхит, Ғарифолла жолының жалғасын таба беруіне мүмкіндікті еселеді. Республикадағы басқа облыстық филармонияларда «дәстүрлі ән» деген бөлім жоқ, тек бізде ғана. Мен сол бөлімнің көркемдік жетекшісімін. Қатимолла Бердіғалиев, Сәуле Таудаева, Сағадат Рахметжанов, Серік Абдрахманов, Күлаш Қуанышқалиева, Бейбіт Қажығалиев, Дастан Есентеміров, кейінгі толқын оннан аса әншілеріміз осныда қызмет етудеміз.

– Сіз рекордыңызда орындалатын әндердің біреуін ғана болашаққа аманаттап қалдыру керек болса, қай әнді таңдар едіңіз?

– «Әннің де естісі бар, есері бар» деп Абай атамыз айтқан ғой. Мен үшін халық әндерінің, дәстүрлі әндердің барлығы жақсы.

Орындайтын 132 әнімнің ішінде болашаққа аманаттап бір ғана әнді қалдыру керек болса, шоқтығы биік сал Мұхиттың әндерін, соның ішіндегі «құжаты», «мөрі» саналатын, кең диапазонды қажет ететін Мұхиттың «Айнамкөзін» таңдар едім деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет, аға! Дәстүрлі ән орындап, рекорд жаңартуда сәттілік тілейміз.

 Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Сырым ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале