1.06.2023, 17:20
Оқылды: 16

Мұхит атындағы мектепті 24 түлек тәмамдады

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен түспа-тұс келген соңғы қоңырау салтанаты аудан орталығындағы Мұхит атындағы ЖОББ мектебінде «Балалықтан даналыққа...» атауымен өтті.

Мұхит соңғы қоңырау (5)

 

Соңғы қоңырау салтанатының шымылдығын мектепалды даярлық тобының бүлдіршіндері «Бақытты балғын» биімен ашты.

Алдымен аудандық, облыстық, республикалық білім мен өнер додаларында оза шауып, өз қабілеті мен дарынын шыңдай отырып, биік белестерді бағындырған мектеп мақтаныштары, биылғы жас түлектер сынып жетекшілерімен бірге шеру тартса. Одан соң жыл бойы үлгілі сабақ үлгерімін көрсеткен оқу озаттары ортаға шақырылды.

Жас түлектердің арманына қанат байлар салтанатты шарада сөз сөйлеген Мұхит атындағы мектеп директорының міндетін атқарушы Райгүл Ажимова:

Бұл мерекені оқушы, мұғалім және ата-аналардың 11 жыл бойғы білім жолындағы атқарған еңбектерінің ортақ жемісі деп білеміз.

Биылғы 2022-2023 оқу жылын 36 сынып комплект, 625 оқушы, 94 педагогпен аяқтап отырмыз.  133 оқушымыз оқу үздігі атанып отыр. Мектебімізде жоғары білімді - 73, арнаулы орта - 19, санаты бойынша:  12- педагог-зерттеуші , 42-педагог-сарапшы, 18 - педагог-модератор, 4 - ІІ санатты , 18 - санатсыз педагог қызмет атқарды.

Мұхит соңғы қоңырау (2)

Биыл мектебімізді 24 түлек бітіріп отыр. 11 жыл бойғы оқу еңбектеріңіздің толағай жетістіктері бізді қуантады. Мен үлкен мақтанышпен оларды атап өткім келеді. Үш түлегіміз «Ерекше аттестатқа» үміткер болып отыр, - деді.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан, аудандық «Қаратөбе өңірі» газетінің бас редакторы Бекжан Қойшекенов, ата-аналар атынан Халқымбай Есжан ұстаздар мен оқушыларды мерекелерімен құттықтап, жас түлектерге сәт сапар тіледі.

Ұстаздар мен алтын ұя мектебіне алғысын білдірген мектеп бітіруші түлектер Мәдина Хамитова мен Нұрлыхан Хасан білім кілтін оқу озаты, республикалық сайыстардың жүлдегері Азиза Темірбековаға табыстады. Мектеп қабырғасынан үлкен өмірге аттағалы тұрған жас түлектер әсем әннің толқынында би билеп, жыр шумақтарын арнап, аспанға шар ұшырды.

Шара соңында соңғы қоңырауды сыңғырлата соққан биылғы мектеп түлегі Арсен Зарипов пен 4-сыныптың оқу озаты Дана Алмас жас түлектердің қимас сезімі мен шексіз алғыстарын жеткізгендей әсер қалдырды.

 

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале