6.10.2022, 11:16
Оқылды: 124

Мықты едің ғой, әйел-ана?

Шыны керек, теледидарды қоссақ та, басылым беттерін парақтасақ та, әлеуметтік желіні ақтарсақ та, көріп-оқитынымыз - әйел қауымның, яғни аналардың, қыз-келіншектердің өз-өзін өлімге қиюының көбеюі.  Біресе, көпқабатты үйден һәм көпірден секіріп, біресе ... Неге? Бұл «жұқпалы дерт» пе, жоқ әлде аяққа тұсау болған жоқшылық жүдетті ме? Тұрмыс тауқыметін тартып, отбасынан озбырлық көріп жүр ме екен? Қазақ әйелін кінәлі дейміз бе, мүмкін қоғам ба? Санада сан сауал. Жалпы бұл заман құйын сықылды құбылмалы ғой әманда. Көшер, өтер, кетер. Ал қазақ әйелінің қандай да болмасын жағдайға төтеп беріп, төзімділік танытқаны дұрыс-ау, сірә. Хош, сонымен...

8

Фото: stan.kz

«Отбасының жүрегі, алтын діңгегі - ана» депті бұрынғылар. Әйелдің отбасында алатын орны, атқарар рөлі ұшан-теңіз. Әйел - ана, ақылшы, тәрбиеші, үйдің береке-ырысы. Ол ел мен елді елдестіруші, араздықты бітістіруші, дәнекерлеуші адам. Әсіресе, қазақ қоғамында ананың алар орны ерекше болған. Ел басына күн туғанда ер-азаматтармен бірдей атқа қонған, бейбіт күнде білігі асса - билікте, өнері асса - бәйгеде ерлермен бірдей жүрген.

Мәселен, екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген ұлы даланың батыр қыздары Томирис және Заринаның әлем тарихында ерлігімен қатар, даналығы аңыз болып қалды. Жоңғар шапқыншылығы тұсында қолбасшы Қабанбай батырдың жары Гауһардың ерлігін, тапқырлығын еске алсақ та жетеді. Қабанбай мен Гауһардан туған Назым қыздың небәрі 16 жасында Түркістан түбінде от шашқан жоңғар зеңбірегіне батпай қалған қазақ қолын бастап, кәмшат бөрік киіп, найза орнына қолындағы қамшысын бұлғап «Абылайлап» жауға шауып, жоңғарларды түре қуған ерлігі ел есінде. Кешегі Кенесарының қарындасы Бопайдың ерлермен бірге елінің азаттығы үшін толарсақтан саз кешіп, жасанған жаумен арыстанша айқасуы, қазақ тарихында аққан жұлдыздай із қалдырған Шоқанның әжесі Айғанымның елді ақылмен басқарғаны әсте ұмытылмайды.

Екінші дүниежүзілік соғыста шығыстың қос шынары атанған Мәншүк пен Әлияның да ерлігі ел есінде. Соның нәтижесінде қазақ халқы әлемге үлгілі ұлт болды. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен әйел, елдік пен имандылықты ана сүтімен перзентіне сіңіре білді.  Бұл - бұрынғы аналар. Тарихқа үңіліп, тек сүйсінуден басқа айтармыз жоқ.

Ал қазір ше? Өзегімізді өртеген «әттеген-ай» деген тұсымыз көп болып тұр бүгін, өкінішті-ақ. Рас, көп әйелдер қит етсе ашуға мініп, әр нәрсенің байыбына бармай, сабырсыздық танытады. Әйтеуір, бітпейтін кикілжің, күйзеліс, түбі өз-өзіне қол жұмсауға әкеліп соқтыруда. Бұл хақында Теректі аудандық мешітінің бас имамы Еркінбек Ебелекқажиев:

10

- Соңғы кездері елімізде әйелдердің өздеріне қол жұмсап, өз туыстарын да, бүкіл қоғамды да дүр сілкіндіруі белең ала бастағандай. Бұқаралық ақпарат құралдары ай сайын осы жайлы кемінде бір немесе бірнеше хабар таратады. Мұндай жайсыз жағдайлар республиканың барлық облыстарында көрініс беруде. Сондықтан осындай дертпен ел болып, жұрт болып жұмыла күресудің өзектілігі артып отыр. Өз өмірін өлімге қиюдың шариғатымыздағы үкіміне келсек, Ислам дінінде жазықсыз адамды өлтіру немесе өзін-өзі өлімге қию – Алланың ашуы мен аса ауыр азабына себеп болатын ауыр күнә. Себебі, Ислам дінінің, қасиетті Құран мен хадистің көрсетуінше, адам баласының орны жаратылыс атаулының бәрінен де жоғары әрі үстем. Мейлі ол әйел болсын, еркек болсын, кәрі болсын, жас болсын, әрбір адам қадірлі және құрметті. Демек, адам өз өмірін оп-оңай қия салатындай сұраусыз, іздеусіз, бостан-бос жаратылыс емес. Қасиетті Құранда: «Біз адам ба-ласын ардақтадық...», «...оларды басқа жаратқандарымыздан әлдеқайда артық жараттық» («Исра» сүресі, 70-аят) делінген анық аяттар бар. Сондықтан әрбір жанның өмірі де өте қымбат. Оның өміріне қол сұғуға, ар-намысына тиюге, малына зұлымдық жасауға, еркінен айыруға дінімізде рұқсат жоқ. Тіпті, адам өмірінің қымбаттығы сонша – жазықсыз бір адамды өлтіру бүкіл адам баласын өлтірумен парапар (Маида/32). Бұл бір. Екіншіден, адам жаратылысының өзгеден жоғарылығы оның ақыл-ойына, ар-ұжданына, парасатына, әр нәрсенің қадірін біліп, парықтай алу қабілетіне, т.б. қатысты мың сан артықшылықтарынан анық байқалады. Адамзат баласының іші-сыртын осындай рухани және материалдық інжу-маржандармен безендіре жаратқан Алла тағала олардың өмірі мен өліміне де белгілі бір шарттар мен өлшемдер белгілеген. Адамның бүкіл тіршілігі, өмірден озуы да сынақ. Ал өзіне қол жұмсауы осы сынақтан омақаса құлаудың айқын бір белгісі, - деді.

Бас имам Еркінбек Серікұлының айтуынша, көп отбасында мәміленің жоқтығы осындай жағдайларға душар етуде. Ата-ананың баламен, ер адамның әйелімен мәмілесінің жоқтығы салдарынан түсінбеушілік орын алуда. Ерлі-зайыптылардың арасындағы мәміленің шорт кесілуі, үзілуі суицидтің ең басты себебі көрінеді. Сондықтан жанұяда сенбі, жексенбі күндерін «Отбасы күніне» айналдырып, отбасы мүшелерімен өткізу маңызды екен.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, суицид жасаудан Қазақстан дүнижүзі бойынша үшінші орын, Орталық Азия елдерінің арасында бірінші орында тұр екен. Бұл - елімізде әр сағат сайын бір адамның өз-өзіне қол жұмсайтынының көрінісі.

Жаға ұстатарлық жағдайдың не себептен екенін білу үшін Х.Есенжанов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің педагог-психологі Зейнегүл Нұрмұхамбетовамен тілдестік.

9

- Бұл дертті әркім әрқалай қабылдап, өз алдына топшылайды. Бірі заманның өзгеруі десе, екіншісі әлеуметтік жағдайдың қиындығынан не болмаса денсаулықтың сыр беру салдарынан деп ойлайды. Ал кейбіреулер тұқым қуалаушылық жолымен келеді деседі. Әдетте суицид жасаушы адамдар өте күшті жан ауруымен ауырады. Әрдайым стресс күйінде болғандықтан, өз мәселесін шешудің мүмкін еместігін сезінеді. Яғни, мәселесі мүлдем шешілмейді деп ойлайды. Тығырыққа тіреледі. Болашағына үмітсіздікпен қарайды. Бір өкініштісі, ешкімнен көмек сұрамайды. Өздігінше әрекет етеді. Осындай күйзеліс кезінде жақсы психологпен жұмыстанса, барлығы дұрысталатыны белгілі. Күрмеуі шешілмейтін мәселе болған емес. Адам баласы төзуге мүмкін болмайтын жағдайдың өзінде де өмір сүре білуі керек, - деп маман ретінде  пікірін білдірді.

Әр отбасы - өзінше бір мемлекет. Бүгінде жасы сексенге таяп қалған Рәзия Сахыпкереева - алтын құрсақты ана ретінде барша қазақ әйелдеріне үлгі-өнеге.  Ардақты жанға «Әйелдер неге әлсіз?» деп сұрақ қойған едік.

- Қазір мұндай әйелдердің көбейіп жатқанын оқып, естіп отырмын. «Отбасында анау болыпты, мынау болыпты, ақшаның жетіспеушілігі, бала-шағасын асырай алмай, қиналып, өмірден түңіліп көпірден секіріпті» дегенді оқыдым. Ойпырым-ай, ойлап қарасақ, енді осы  өлімге итермелейтін жағдай ма? Сонау-у ашаршылық, соғыс заманында баласы үшін өмір сүруге шыдаған, сабыр танытқан аналардың жаны қандай десеңізші? Киімді айтпай-ақ қояйын, ішерге асы болмай қиналғанда да сол балаларын өсірді, жеткізді. Аллаға шүкіршілік айтып отырды. Ал қазір бейбіт заманның өзінде де көңілі толмай жүрген бір адам, әйтеуір. Шүкіршілік азайды, ашкөздік жайлады. Бәрі соның кесірінен ғой. Бәріміз де көп баланы өсірдік. Әйел адам болғасын, жас кезімізде біздің де көңіліміз толмайтын жайттар болды. Бірақ «ойбай, өлемін, өмірден түңілдім» дегеніміз жоқ. Қазіргі әйелдерді тым еркінсітіп, былайша айтқанда, есіртіп жібердік. Олардың іс-әрекеті еріккендік, - деген көпбалалы ана әйелдер қауымына әлсіздік танытпай, қиындыққа мойынұсынбауын тіледі.

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев ағамыз «Шыда, шыда» дейтін бір өлеңінде былай деп жырлайды:

«Өкінбе, өкпелеме, бүгініңе,

Өмір, өмір!

Болмайды түңілуге,

Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,

Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге».

Ақын Мұқағали тағы бір өлең жолдарында мынадай шумақтарды оқырмандарына жолдайды:

«Қатыгез қайсыбір сағатта

Өмірді келеді тастағың.

Сонда да үмітті жоғалтпа,

Қаралы күндерден қашпағын.

 

Қай жерде тіршілік, өмір бар,

Сол жерде қуаныш, қайғы да,

Болсын да алдың құз, артың жар,

Көн дағы, өмір сүр, айныма».

Ал енді бір сәт ойланыңыз. Сізге не болып жүр, емен ағашындай мықты едің ғой, Әйел-Ана?

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале