22.03.2022, 11:40
Оқылды: 157

Наурыз айы туғанда…

Көктемнің жаршысы Наурыз айы кімге болса да ыстық екені рас. Өйткені, мамыражай көңіл-күй мен қонақжай мейірім орнайтын бұл айды қазақ халқы ерекше құрметтеген. Наурыз мейрамы қарсаңында дүниеге келген сәбиге де өмірі «құт-берекеге толсын» деп, Наурыз атауымен байланысты есімдерді еншілеген. Наурызды ырымдаудың арқасында болса керек, аты алты алашқа танылған Наурызбай батырдың есімі мәңгі халық жадында қалды. Тарихта наурыз есімімен байланысты тағы бір тұлға бар. Ол – Бату әулетінен шыққан Алтын орданың соңғы билеушісі Наурыз хан.

90813BDF-4AEC-461F-95FA-F9F731ACA804

Наурызда туылған балалар жоғары күш, жұлдыздардың орналасуымен белгіленетін болады деп есептеледі екен. Ел арасында Науырызғали, Наурызбек, Наурызмұхамет, Наурызәлі, Наурызжан, Наурызхан сынды есімдер де кездесіп қалады. Наурызды қысқаша қайырып «науан» деп те атаған.  Ал қыз балаларға Наурыз, Наурызбике, Наурызгүл, Наурызек, Науан есімдерін қойған.

ҚР Ұлттық статистика бюросы көктем мен жаңару мерекесі қарсаңында Қазақстанда Наурыз есімді қанша адам тұратындығы туралы инфографика дайындаған. Бір қызығы, Наурыз есімі ер азаматтарға да, қыз-келіншектерге де қойылады. Мәселен, елімізде Наурыз есімді 1 453 адам болса, оның 1 417-сі ер адам, қалған 36-сы әйел. Сонымен бірге статистикада Наурыз есімін қай өңірлерде жиі қоятыны көрсетілген. Айталық, Маңғыстау облысында – 278 адамның; Түркістан облысында – 190 адамның; ал Қызылорда облысында – 160 адамның есімі Наурыз екен. Одан бөлек, 2021 жылғы 1 қаңтар мен 2022 жылғы 1 қаңтар аралығында елімізде Наурыз есімді 17 нәресте өмірге келген.

Ал біз Ұлыстың Ұлы күнінде Наурызбай, Наурызбек, Наурызғаным сынды теректіліктермен тілдескен едік.

Адам денсаулығының сақшысы

1966 жыл. Шағатай ауылы, Қарабас бөлімшесі. Наурыздың 19-ы күні Төлеген аға мен Зиға апаның отбасында сәбидің үні естіліп, айнала нұрға бөленді. Наурыз айында дүниеге келген қыз балаға Наурызғаным деп есім беруді ұйғарған отағасы Төлеген аға екен. Сол сәби Наурызғаным бүгінгі таңда білікті медициналық қызметкер.

Ауылдық жерлерде ақ халатты жандардың тапшылығын көріп өскендіктен бе, әйтеуір дәрігер болуды армандадым. Шағатай ауылындағы мектепті бітіргеннен соң, Орал қаласындағы  медициналық училищеге оқуға түсіп, диплом алып шықтым. Сөйтіп туған жерімдегі медициналық пунктте жылы орнымды суытпай жиырма жылдай жұмыс жасадым, – дейді кейіпкеріміз.

Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан нәрестеден  бастап, еңкейген қартқа дейін дәрігерлердің көмегіне жүгінетіні рас. Олардың еңбегін қажетсінбейтін жан бұл өмірде кемде-кем. Күнделікті үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға ем-шаралар көрсетуден бөлек,  аурухананың өзге де күйкі тірлігіне қарамастан кейіпкеріміз әрқашан жайдары мінез танытып жүруден жалыққан емес. «Гиппократ антын» қабылдап, сабырлылық пен салмақтылықты серік еткен Наурызғаным Шайжанова дәл қазіргі уақытта Подстепный ауылдық дәрігерлік амбулаториясында жұмыс істейді.

– Ата-ана тәрбиесін көріп өстім. «Ұяда не көрсең,  ұшқанда соны ілерсің» демекші,  өзімнің өскен ортамнан алған тәрбиемді келін болып түскен жерімде де жалғастырдым. Қос анамның да айтқан ақылдарын тыңдадым. Біздің кезімізде үлкендердің айтқан сөзін жерге тастамай орындау заңдылық еді. Өзіміздің жіберген қателіктерімізге айтқан сөзді сын айтты екен деп ренжімедік. Қайта сын-ескертпені түзетуге тырысатын едік. Бұдан біздер қор болмадық. Өсиет сөздерді санамызға құйып өстік.

1986 жылдан бері медицина саласында қызмет атқарып жүрмін. Тәжірибемен бөлісіп, жас мамандарды тәрбилеуді басты парыз деп санаймын. Әріптестерімнің қай-қайсы да сондай, олардың білмегенін үйретіп жүреміз. Сырқаттанып келген әр науқастың қажетті ем алып, аяқтан тұруын басты назарда ұстаймыз. Жалпы, адам жанын ажалдан арашалайтын,  дертіне дауа тауып, әрқашан көмек қолын созуға дайын әріптестерімнің еңбектері ерен, – деген ол өз мамандығының қыр-сырын әңгімелеп берді.

Наурызда дүние есігін ашқан Наурызғаным Төлегенқызы күллі теректіліктерді Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, жылы лебізін жаудырды. Адам денсаулығының сақшысына саулықты біз де тіледік!

Ұранды елдің ұрпағы қайсар

Жастар — асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың нышаны. Олар — қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Жарқын болашақ тарихын тереңінен танып, тілін қастерлейтін, елі мен жерін сүйетін, ойы озық, өрісі кең, рухы биік жастардың қолында. Соның ішінде ерікті жастарымыз барда елдің еңсесі биік боларына  бек сенімдіміз.  Ақсуат ауылының тұрғыны Наурызбай Досжанов спортты серік еткен белсенді жас.

Оның кіндік қаны тамған жері – Қарқалпақ елі, Кенагас елді мекені. Кейін, яғни 2007 жылы Ақсуат ауылына отбасымен қоныс аударған.

Спорт десе ішкен асымды жерге қоюға бармын. Мен спортпен 4 сыныптан бастап шұғылдандым. Тоғызыншы сыныпта түрлі шараларға қатысып жүрдім. Одан әрі Орал қаласындағы педагогикалық колледжінің спорт факультетіне оқуға түстім. Студент кезімде қазақ күресінен түйе палуандардың облыстық турниріне түстім. «Қазақ барысында»  бақ сынадым. Дзюдо күресі бойынша республикалық чемпионаттардан жүлдемен оралып жүрдім, – дейді Наурызбай.

Ұранды елдің ұрпағы қайсар болатыны әмбеге аян. Қайраттылығымен талай жерде қарсыласының сағын сындырған Наурызбай Сәрсенбайұлының «Мамандығым бойынша қызмет етіп, ауыл, ауданымыздың абыройын асқақтатсам екен. Қазақ күресін дамытып, спорт жаттықтырушысы болып, шәкірт тәрбиелесем» деген тілегі бар.

Айтпақшы, оның есімін әкесінің әпкесі Баһар апай қойған. Баһар дегеннің өзі көктем деген мағынаны білдіреді ғой. Ол наурыз айында дүниеге келгендіктен інісінің есімін Наурызбай деп қоюды құп көрген.

Наурызбай әңгімешіл. «Руымыз — Әлімұлы Қаракесек» деп шежіресінен сыр шертті. Мұнысы жақсы қасиет, әрине.

Біз, жастар, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің тамырын тереңдететін еліміздің жарқын болашағымыз! Халық мүддесін бірінші орынға қоя отырып, қазақ елінің атын күллі әлемге паш ететін батыл ұландары болуға бар күшімізді саламыз! Еліміздің мәртебесін бірге көтерейік, достар! Наурыз құтты болсын, – деді Н. Досжанов.

Елге қызмет – ерге міндет

Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызды өтеуге әрбір азамат міндетті. Туған жерді, елді, атамекенді қорғау — қасиетті борыш. Әрбір ер азамат әскерге баруды абыройлы міндет ретінде сезіне отырып, ел алдында берген антты орындайтын үлкен асу баспалдағы тұрғанын естен шығармауы тиіс. Мінекей, осындай азаматтардың қатарында Подстепный ауылының тұрғыны Наурызбек Тілепов бар.

Ол 1995 жылы Жалпақтал ауылында дүниеге келген. Мектепті 2013 жылы аяқтаған. Мамандығы технолог.

Есімімді нағашы әжем қойды. Наурызбек — наурыз айында дүниеге келген бек, сұлтан болсын деген мағынаны білдіреді. Кішкентай кезімнен бастап спортқа жақын болдым. Мамандық алып шыққан соң бұрынғы Астана қаласындағы Ұлттық Ұлан әскери бөлімшесінде 2018-2019 жылдар аралығында әскери борышымды абыроймен атқарып келдім. Жалпы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланы – қоғамдағы қауіпсіздіктің зор қалқаны. Жауынгерлік қызметте олар қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін, азаматтардың бостандығы мен құқығын қорғауда аянбай тер төгіп келеді.  Аталарымыздан ұрпақтан ұрпаққа ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан аманат – Отанды қорғау жолында міндетімді орындағаным өзім үшін үлкен жетістік, – дейді Наурызбек Хайратұлы. Ол қазіргі таңда Атырау қаласындағы Теңіз кентіндегі «Isker» компаниясында қызмет атқарып жүр. Бос уақытында спортпен шұғылданып, кітап оқығанды жаны сүйеді. Оның ендігі мақсаты, өнегелі отбасын құрып, ата-анасы алдындағы борышын өтеу һәм елге қызмет қылу.

– Егемен елдің жастары баянды болашақтың байрағын көтеріп, жарқын келешектің желкенін керіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кез келген елдің табысы өз азаматтарының жекелеген жетістіктерінен құралады. Егер әрқайсыңыз алдарыңызға қойған мақсатқа қол жеткізіп, өз қабілеттеріңізді арттырсаңыздар, мемлекет те табысты болады. Бүгінгідей жоғары бәсекеге қабілетті әлемде ешкім туғаннан табысты бола алмайды және оған кепілдік те берілмейді. Ол үшін үнемі еңбектену керек, ең алдымен өз-өзіңді дамытуың қажет» деген болатын. Менің  өмірлік ұстанымым — еңбек және еңбек! Расында да, Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан әрі өркендету — біздің қасиетті борышымыз. Мемлекетіміздің келешегі – өзіміз екенін әркез есте ұстайық, замандас, — дейді Наурызбек.

Материалды дайындаған Самал Жамет,
Сурет: baribar.kz

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале