16.05.2024, 15:15
Оқылды: 18

«Назерке» би ансамблінің шығармашылық концерті өтті

Жақында Бөрлі аудандық демалу орталығында үлгілі «Назерке» би ансамблінің «Би! Әлем! Назерке!» атты шығармашылық концерті өтті.

 назерке би бурли жп (1)

Концерт басталмастан бұрын ансамбльдің жетекшісі Айнұр Мұқанғалиевамен пресс-конференция өткен болатын. Оған жиналған қауым өздерін қызықтыратын сұрақтарын қойып, жетекшінің ансамбльді құру кезіндегі басынан өткен қиын әрі қызықты оқиғаларын тыңдады.

назерке би бурли жп (2)

«Назерке» би ансамблі 1996 жылы құрылып, 2006 жылы мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығы бойынша «Үлгілі» атағын алды. Негізінен Айнұр Хамитқызы Бөрлі жерінде еңбек жолын 1994 жылы бастап, қаламыздың №4 мектебінде би үйірмесін ашқан. Тек 1996 жылы облысқа жарысқа бару мақсатымен үйірмеге «Назерке» аты қойылыпты.

назерке би бурли жп (3)

Қазіргі таңда ансамбльде 300-ге жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Оларға жыл сайын жаңадан билер қойылып, көйлектер тігіледі. «Назеркенің» қоржынында 30-дан аса әр түрлі халықтың ұлттық билері және одан басқа көптеген заманауи би бар.

Үлгілі «Назерке» би ансамбліне биыл 28 жыл. Осы уақыт ішінде олар көрерменнің көзайымына айналып, ауданымыздың және еліміздің атын әлемге танытты. Әр қатысқан байқауларынан жүлдесіз оралмайтын назеркеліктердің қоржыны жетістіктерге бай. Олар тек 2023 жылдың өзінде көптеген облыстық, республикалық, халықаралық байқауға қатысқан. Мысалы, Ташкент қаласында өткен «Art Silk Way» халықаралық сайысында үш бас жүлде, бір І орын және «Супер Гран при» иегері атанған. Сонымен қатар Түркістан қаласында өткен International Choreograpic Competition «DANS ARENA» атты халықаралақ байқауға барып, жүлделі бірнеше бас жүлде және І орын, Астана қаласында өткен «Astana stars» халықаралық конкурста бас жүлде мен І орындарды иеленген. Биылдың өзінде Ташкент қаласында өткен «Танцуй всей душой» халықаралық байқауында екі бірдей бас жүлде және І орынды жеңіп алып, қоржындарына кезекті жеңіс қосылды.

назерке би бурли жп (5)

- Би – әдемі, нәзік, сезімтал өнер. Би – менің өмірім, менің балаларым, менің халқым. Бұл бойына бірнеше саланы жинаған жас өнер. Бишіге әртістік шеберлік, суретшілік қабілет, музыкалық ырғақпен қозғала алу керек. Сонымен қатар ол дизайнерлік міндетті де атқарады. Себебі биші биіне қандай киім керек екендігін біліп, жасай алуы тиіс деп санаймын. Менің ең негізгі мақсатым би мектебін ашқым келеді. Сонымен қатар ауылдарда мектептің филиалдарын ашу ойым да бар. Шәкірттерім қазіргі уақытта еліміздің әр жерінде оқып, жұмыс істеп жатыр. Солардың бірі өзімнің көмекшім, шәкіртім Назгүл Болатқызы. Кішкентай кезінде маған биге келіп, бітіріп, оқуын аяқтап, өзімнің қасыма хореогроф ретінде қосылды. Осылай шәкірттерімнің туған жерлеріне оралып, «Назеркенің» даму жолында менімен бірге еңбектенгендерін қалаймын. Қазіргі уақытта бітіріп кеткен шәкірттерімнің өздерінің би үйірмелері бар. Менің тынбай еңбектенетін балаларыма, түсіністікпен қарайтын ата-аналарыма, әрқашан қасымнан табылатын көмекшілеріме үлкен алғысымды айтамын. Алдағы уақытта тек «Назеркенің» алар асуларын тамшалап, мақтанып отырасыздар деген үміттемін, - дейді «Назерке» би ансамблінің жетекшісі Айнұр Хамитқызы.

назерке би бурли жп (4)

Сахнада ансамбльдің ең кішкентай тобынан бастап, үлкен топтарға дейін өнер көрсетті. Концерттік бағдарлама «Әдемі ару», «Ерке сылқым», «Іңкәр сезім», «Батыр Баян», «Сыр жауһарлары» атты қазақ билерінен, «Хорезм»,  «Сделаем селфи», «Воздушный экипаж», «Качай крути», «New way», «Ғасырлар үні» және тағы басқа көптеген би қойылымдарынан тұрды.

назерке би бурли жп (6)

Кеш соңында Айнұр Хамитқызы аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың алғыс хатымен марапатталды. Ал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аңсар Дүйсенов «Назерке» үлгілі би ансамблі жетекшісінің көмекшісі Назгүл Аяпбергеноваға алғыс хат табыстады. Сонымен қатар аудандық демалу орталығының директоры Бекей Қанатов ансамбльдің белсенді ата-аналарын марапаттады.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале