15.02.2024, 16:30
Оқылды: 50

Несие алған кезде не нәрсеге мән беру керек?

Қазіргі күні екі адамның бірінің басында несиесі бар. Бәрі де өздеріне белгілі себептермен мойындарына қарыз қамытын ерікті іліп алған. Бірі уақытында төлеп жүрсе, екіншісі қарыздан қарызға батуда. Оған себеп мардымсыз еңбекақы алатындардың мүмкіндігінің шектеулігі, ал кейбірінде тұрақты жұмысының жоқтығы, әлеуметтік теңгерімсіздіктің салдары.

Ақша JP

Қордаланып қалған қарыз ұйқыдан айырып, адамдардың жүйке жүйесіне салмақ салып, тыныш өмірлерін астан-кестен етуде. Бұл жерде кінәні адамдардың өздеріне аудару оңай-ақ, бірақ, осыған мұқтаждық әкеліп отыр емес пе?

Иә, біз несиеге неліктен тәуелді болып қалдық? Бұған себеп-салдар көп. Бір отбасында мектеп бітірген бала грантқа оқуға шектеулі балл жинай алмай қалып жатса, әке-шеше балам білім алсын, қатарынан кем болмасын деп оқытуға бел байлайды, арғы жағында қаражат жетпей жатса банкке жүгінеді. Өйткені баланың оқу ақшасының өзі аспандап тұрғаны шындық, оның үстіне пәтері, киер киімі, жол ақысы т.б. шығындар жетерлік. Ал екінші біреулері көптен армандап жүрген затына (көлік, пәтер, тұрмыс-үй бұйымдары, тіпті алтын алқа мен бағалы тон) қол жеткізу үшін тегін беріліп жатқандай көрінетін Kaspi Gold, редтерге өз мойындарын өздері сұғады. Уақытынан кешіктірілсе болды, банкің мазалап, үсті-үстіне күн-түн демей қоңырау шалатыны тағы бар. Банктердің де тыныш отырған елді елеңдетіп: «Несие алып, бағалы сыйлықтар ұтып ал!», «Несие алудағы жеңілдіктерді пайдалан!» сынды әлем-жәлем жарналамаларының құрығына түсіп жатқандар қаншама? Осындай құйтырқы шақырулар адамдарды оңай олжаға кенелу жолына итермелейді. Бәрі де тиімді, бәрі де қолжетімді болып көрінеді. Тегін жатқан батпан құйрықтай көрінген соң кім алғысы келмейді. Әйтеуір бір шаруасы оңынан шешілмей басы қатып жүргендер суға кеткен тал қармайдының әрекетін жасайтыны белгілі.

Несие алғанда неге мән бермейміз?

Біз әдетте несиені болмашы нәрсеге ала саламыз. Қолымызға керек қаражат тигенше әбігерге түсеміз. «Иә, сізге несие беру мақұлданды» деген банк қызметкерінің сөзі құлағымызға майдай жағатыны шындық. Сол жерде шығарылып алдыңа қойылған банк пен ортадағы келісімшартты да алақ-жұлақ етіп, оқыған түр танытамыз. Оның ішінде де түрлі түйткілді жәйттардың бары түсінікті. Бірақ қарапайым адамдар тайға таңба басып жазылған сөйлем жолдарына мән бермеуі де, иә болмаса түсінбеуі де мүмкін. Сөйтсек, банкпен арадағы келісімшартта: «егерде несие алушы қайтыс болған жағдайда оның банк алдындағы қарызын артында қалған бала-шағасы төлейді» деген сөз жолдары бар екен.

Иә, алда-жалда оқыс оқиға орын алса, бұл сізді несиеден құтқарады немесе кешіріледі деген сөз емес, керісінше бұл қарызың бала-шағаңның мойнына ілінеді деген сөз. Былай алып қарасаң, ешбір несие алушының баласы «егер әкем иә шешем қайтыс болса оның орнына қарызын қайтаруға міндеттімін» деп қағазға қол қоймасы анық қой. Ал ол келісім бермесе қарызды не үшін төлеуі керек? Бірақ мұны банк әкімшілігі құлақтарына ілмейді де.

Ал дүниежүзілік тәжірибеге сүйенсек, қайтыс болған борышкердің қарызын сақтандыру компаниялары төлеу керек екен. Бізде несие рәсімдегенде белгілі бір сомаға сақтандыру қағазын алатынымыз рас, бірақ мұндай мүмкіндік қазақстандықтарға қарастырылмаған. Әрине, біреу үшін біреу жауап бермеуі керек. Бұл келеңсіздік болашақта Үкімет деңгейінде қарастырылатын мәселе болса керек. Ал заңгерлер «Азаматтық кодекстің» 376 бабында банк пен тұтынушы  келісімшартта «егер адам қайтыс болса, несие алушының міндеттері түгелдей жойылады» деп тайға таңба басқандай көрсетілген деседі. Бұл жерде еліміздегі банктер халықтың қаржылық сауатсыздығының төмендігін тиімді пайдаланып отыр.

Мұның үстіне тек біздің елімізде ғана әртүрлі деңгейдегі банктердің несие беру пайызы да түйінді мәселе екенін сарапшылар да, қаржыгер мамандар да күн тәртібіне қойып келгенімен халық қалаған жақсы жаққа өзгеретін түрі жоқ.

Айталық, Хоум кредит – 28,5%, Каспи – 24,4, БТБ Береке – 21,5, Центр кредит – 23,6, Евразия банкі – 23,7, ал Халық банкі – 16,70 пайызбен несие рәсімдейді.

Мұның үстіне сақтандыру полисі үшін төлейтін шығыныңыз тағы бар. Ал түптің түбіне келгенде несие жабар уақытта банкке берешекті 2-3 есе қаржы қосып қайтаратынын көпшілік терең түсінгенімен де, екі бүйірден қысып тұрған мұқтаждық мұны ойлантуға мүмкіндік бермесі анық. Жалпы ауданымызда Халық банкі арқылы қанша шыңғырлаулық несие рәсімдеді деген сауалымызға аудандағы осы мекемедегі басшысы бар, басқасы бар,мұндай мәліметті беруге құқымыз жоқ десті. Ол үшін Орал қаласындағы бас офистен рұқсат сұрауымыз керек десті, бірақ сол қаладағылардың өзі мұндай мәлімет берілмейді деген үшбу сәлемдерін жолдапты.

Несие қақпанына қалай түсудеміз?

Бірде Парламентте отырған бір депутаттың: «Халық бір несие алады, оны жабады да екіншісін алады. Біріншісін жабу үшін екінші несие тағы алады, осы халық өзі ойнап жүр ме?» деген пікірін құлағымыз шалып қалды. Қалай айтса да ойланбай қате айтылған, ауылдағы шындықтан қашық адамның пікірі екенінде сөз жоқ.

Ауылда жөнді жұмыс жоқ, табыс аз, үйелмелі-сүйелмелі бала-шағасы бар отбасылар тығырыққа тірелгеннен шығар жол іздейді. Депутат ханым айтқандай тоқтықтан секіріп емес, тоңғаннан секіріп жүр. Тіпті тамақты жаздырып алатындар өз ауылымызда да жетерлік.

Олардың да жарқырап киінгісі, жадырап күлгісі, қайғы-мұңсыз өмір сүргісі келеді. Бірақ көрпесі қысқалықтан көсіле, көйлегі жоқтықтан тойға бара алмай жүр десек артық айтқанымыз емес.

Бәрімізді де сол қанымызға біткен намыс қамшылайды. Баламызды елдің баласынан кем қылғымыз келмейді, несие алып тойын жасаймыз, несие алып құдалығын шақырамыз. 50-60 жылдықтарды дүркіретіп тойханаларда өткіземіз, баланыбесікке салу, тұсеукесерінің өзі қазір мейрамханаларда ұйымдастырылады. Мұның қып-қызыл шығын екенін білсек те несие бар ғой, бірдеңе қылармыз деп өзімізді алдап жұбатамыз және сол несиені аламыз. Мұның бәрі өз еркімізбен эшафотқа бару екенін мойындамаймыз, сол қарызды төлей алмай ертеңіне үйімізден сән, өмірімізден мән кетерін тап сол шақта ойлауға мұрша жоқ. Несие берешегі қордаланып, қармайтын тал да қалмаған сәтте өздеріне өздері қол жұмсауға барып жатқандар қаншама. Біздің ауданымызда да дабыра қылып айтылмаса да осындай оқиғалар болғаны рас. Тек бізде емес несиенің кесірінен биік үйлерден секіріп, өздерін өздері өртеген оқиғалар аз ба? Өте өкінішті, әрі ақымақтық шешім дер едік.

Гүлжайна Әділханқызы, педагог-психолог:

– Қоғамда осындай қиын сәттерде адамдар өздерін өздері бақылай алмай қалады. Тіршіліктің қиындауы, шешімі жоқтық, банктер тарапынан болып жатқан қысымдар салдарынан адамдар өздеріне өздері қол жұмсауға барады. Шыны керек, қазір банктен несие алу оңайлап кетті. Сонау қиын 1990-1994 жылдардағы тоқырау тұсында да халық дәл осылай дағдарысқа тірелмеген шығар. Ол кезде адамдар айлық алмаса да амалдады, бір-біріне көмектесті, барымен бөлісті. Бірақ ол кезде несие алу деген атымен жоқ еді. Ал қазір қоғам қатыгезденіп кеткен бе, амалы жоқтық қарызға батуға әкеліп жатыр. Көп банк алушының мүмкіндігіне қарап жатпайды, келгенге қарызды оңай рәсімдеп, бере салады. Ал оның артындағы жауапкершілік алған адамға түсері хақ. Жоқшылық, жетпеушілік, ертеңгі күнге деген сенімсіздік, қарыз берушілердің үздіксіз соққан қоңыраулары адамның жүйкесіне салмақ түсіретіні белгілі.

Осылайша келіп ашушаңдық, отбасындағы ақша жетпіспеушілігі салдарынан несие алған адамның бойында «шаршау синдромы» басталады. Өткен уайым-қайғысыз, қара шай ішсе де көңілі тоқ жүретін кездері есіне түсіп, жасаған ісіне өкіну, күні-түні ойлар қажытқан адам шаршайды.

Шығар жол таппай, осылай өз өзін мүжи келе қорқынышты қадамға барады. Жүйкенің сыр беруі, болашақты көре алмаудың басты себебі – адамдардың несиелік қарыздарын өтей алмауынан.

Құмар ойындар үшін қарыз алуда

Бүгінгі таңда барлық жарнамалар мақсаты қайткенде де көп тұтынушыны тарту, қызылды-жасылды билбордтарымен өзіне назар аударту, уәдені үйіп төгу. Осындай жеңіл амалдардың жетегіне жастар жиі еріп кетіп жатыр. Ең сорақысы – қымбат айфонның жаңа үлгісін алу үшін ата-аналарына несие алдырту, банктегі ұйымдастырылған жеңіл көрінетін салымдарға еріксіз еру. Яғни, пәлен сом салсаң пәлен мың ақша ұтасың деген желеумен өзіне шақырып, басында аз-мұз ұтыспен алдап, соңында қарызға батыратын ойын түрлерінің кең етек жаюы. Осындай күмәнді ойынға кіріп кеткен бір танысымыздың баласы берешегі сегіз млн теңгеге жеткенше тоқтамаған. Ақырында құздың басына келіп тірелген ол амалсыз анасына барлық шындығын айтып, «өлем» деп еңіреген. Байғұс ана перзентін өз қолымен өлімге қайтып қисын, бір бөлмелі пәтерін сатыпбанктегі қарызын жапқан. Енді бір аудан тұрғыны банктегі ойынға қатысам деп алғашында 170 мың ақшасын ұтысқа тіккен, ұтпаған соң тоқтай салу жоқ қой, үсті-үстіне несие алған. Бәрібір ұтпай қоймаймын деп заланған. Түбі не болды, коллекторлардың күні-түні телефон шалуларынан қашып, тұтқаны көтермейді, бірақ оның зардабын әке-шешесі, айналадағы тума-туыстары көруде.

Банк тарапынан шалынған қоңыраулар әбден жүйкелеріне тиіп болған, бүкіл ағайын араз. Тіпті қазір колледж суденттері арасында құмар ойындарын ойнау үшін несие алып жатқандары мәлім болып, шошытуда. Бұл туралы білім беру вице-министрі Наталья Жұмаділдаева дабыл қақты. Мұның бәрін әрімнің өз мүмкіндігін екшемеуі, қаржылық сауатсыздықтың жоқтығы, ата-ана тарапынан қадағалаудың бәсеңсуінен.

«Қарызсыз қоғам» – қауқары қандай?

Қоғамдағы осындай түйткілді мәселелер күн тәртібіне шыққан сәтте нақты қадамдар жасалуы қажет болды. Сол себепті де ел Президенті Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша «Қарызсыз қоғам» атты жобасының аясын кеңейтуді тапсырды. Жобаның басты мақсаты – несие ауыртпашылығын жеңілдету, тұрғындардың өз мүмкіндіктеріне қарай өмір сүруіне жетістіру, қаржыны мақсатты жұмсауға оқыту. Біздің ауданымызда да жоба аясында қарыздық сауаттылықты арттыру курстары наурыз айынан бастау алғалы отыр. Бұл жұмысты ұйымдастыруды аудандық ішкі саясат бөлімі қолға алмақшы.

«Жалпы оқуға 65 аудан тұрғыны тартылмақ, ал бұл дәрістердің өміршеңдігі анық байқалатын болса одан да әрмен бар мүмкіндіктерді пайланған жөн»,-дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айгүл Жоламанова. Өзін өзі үнемдеуге үйренгісі, қарызсыз өмір сүруге дағдылануға, ең бастысы өз мүмкіндігі шеңберінде өзіне пайдалы іске бағыт алуға жетелейтін мұндай оқулар әрбір екі тұрғынның бәріне керек деп ойлаймыз. Тек ынта, өзін-өзі еңбекпен қана дамытуға деген жігер әр адамның бойында басым болғаны керек. Несие деген бәлені туғанындай көретін қарапайым жұртшылық бұл дерттен алдағы уақытта емделгісі келуді жан-дүниесімен қаламайынша қандай жоба қолға алынса да бекер болмақ. Несие отбасыңның несібесін еселейтін нәрсе емес, тек тұңғиыққа тартатын жаман әдет.

Түн ұйқыңның тыныш, әр күніңнің уайымсыз өткеніне жетер не бар. Бақ-берекенің бәрі де адал еңбекпен, тынымсыз тірлікпен келетінін естен шығармайық.

Гүлшат Ибрагимқызы

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале