22.01.2021, 14:57
Оқылды: 114

Новопавловкада су қымбат

Қаңтардың 21-і күні Теректі ауданына қарасты Новопавлов ауылдық округінің әкімі Бақтияр Карл аталмыш ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен 2020 жылы атқарылған жұмыстары хақында онлайн режимде есеп берді. Оған Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұлов пен аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев куә болды.

 новопавлов

Айта кетейік, ауылдың өткен жылдағы қаржылық жоспары 25 млн. 286 мың теңгені құрап, 22 млн. 918 мың  теңгесі игерілген. Округ бойынша халық саны – 712 адам. Аула саны –192.

2020 жылы жұмысқа орналасқан адам саны – 20, жұмыссыз ретінде тіркелгендердің саны – 7 адам. Бес адам қоғамдық ақылы жұмыспен қамтамасыз етілді. «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 4 жас маман 6 айлық тәжірибеден өтті. Кәсіптік оқуға бір адам жіберілді.

– Округте 8 шаруа қожалығы және 14 жеке кәсіпкер тіркелді. Шаруа қожалықтары мал және өсімдік шаруашылығымен, кәсіпкерлер азық-түлік саудасымен жұмыстануда.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 1 адам қысқа мерзімді оқу бітірді, екінші бағыты аясында 1 адам 3 млн. теңге көлемінде несие алып, 50 бас ұсақ мал асырауда. Ал үшінші бағыты бойынша 3 адам 555.000 теңгеден грант иеленді.

Сондай-ақ, крафт өнімдерін өндіру және сыйлық бокстар форматында азық-түлік себеттерін қалыптастыру үшін «Coca-cola белестері» компаниясынан 1 адам 4000$ көлемінде грант иеленді.

Округ бойынша 1208 ірі қара бар. Оның ішінде 643 аналық мал, 1380 ұсақ мал, 97 жылқы, 79 шошқа, 2506 құс бар.

Дәнді дақылдардың жалпы өнімі 2546 тоннаны, көкөністер мен бақша дақылдары 610 тоннаны, мал азықтық дақылдар 1,4 тоннаны құрады, - деді Бақтияр Асқарұлы.

Ауылдық округ әкімінің айтуынша, өткен жылы ауыл тұрғындарының бастамасымен қаражат ерікті түрде жиналып, ауылдың батыс бөлігінде орналасқан тоғанды тереңдету жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар 15 шақырым қашықтықты құрайтын Новопавлов – Пойма тас жолы жөнделген.

Қазіргі таңда округтегі өзекті мәселенің бірі – электр жарығы. Әсіресе қыс маусымында округ тұрғындары ауа райының қолайсыздығынан ұзақ уақытқа жарықсыз қалады. Бір сөзбен айтқанда, электр бағаналары мен сымдардың ескіруі үздіксіз жарықтың сөнуіне әкеліп соқтырып отыр.

Сондай-ақ ауылда судың бағасы қымбат. Айталық, ауыз судың тарифі 1 куб 200 теңгені құрап тұр. Судың бағасын арзандату мақсатында «Теректі Таза Су» ЖШС мемлекет тарапынан субсидия алу үшін құжаттар тапсырылып, тізімге енгізілгенін ауыл әкімі тілге тиек етті.

– Новопавловка ЖОББМ-нің бір бөлігі жалпы алаңы 559,9 ш.м. рәсімделіп, «Новопавловка ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ-нің теңгеріміне берілді. Осыған байланысты, қазіргі таңда инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде, тігін цехын ашу, шаштараз ашу және т.б. шағын және орта бизнеспен айналысуға ниет білдірген азаматтарға коммуналдық меншікті жалға беру көзделуде.

Алдағы уақытта шағын құс фермасын ашу, 4 стационарлық контейнер орнату, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын жаңа полигон рәсімдеу, шағын ашу, «Елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру» бағдарламасы бойынша қосымша жарық шамдарын орнату, электр желілерін жаңарту сынды жұмыстарды жүзеге асыру жоспарда бар, - деді Бақтияр Карл.

Тікелей эфир барысында  оқырман тарапынан ауыл атауын өзгерту, жаңа клуб ашу, жер телімі секілді  сауалдар болды.

Онлайн режимінде өткен кездесуде аудан әкімі Арман Өтеғұлов сөз алып, Новопавлов ауылының тұрғындарымен жиі жүздесіп, ауылдың мән-жайын үнемі назарда ұстап отырғандығын жеткізді.

– Новопавлов ауылының жолдары теп-тегіс тақтайдай, көгілдір отын бар. Сондай-ақ мектептеріңіз жөндеуден өткен. Көше шамдары жарықтандырылды. «Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, енді ауылдың тазалығына көп көңіл бөлу қажет. Күл-қоқыстарды уақытылы тазартып ұстасаңыздар, әп-әсем ауыл болып шыға келеді. Тазалық мәселесін қолға алыңыздар.

Сонымен қатар ауылдағы атаулы көмек алатындардың санын – алға қойған мақсаттарыңыздың бірі болу қажет.

Жалпы аудан  көлемінде электр бағаналары мен сымдардың ескі екені рас. Бұларды жаңарту бір күннің жұмысы емес. Сондықтан да бар дүниені сақтап жұмыстану керекпіз, - деген аудан басшысы жас әкімнің жұмысына сәттілік тіледі.

 

Айшабибі Мәмет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале