4.05.2022, 12:30
Оқылды: 71

Нұрлан жеңімпаз атанды

Жуырда Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығында қазақ күресінен ересектер арасында "Қазақстан барысы" турнирінің аудандық іріктеу жарысы өткізілді. Оған қоса балалар жылына орай 2010-2011 жылдары туған кіші жасөспірімдер арасында "Жас барыс" атты қазақ күресінен аудан біріншілігі ұйымдастырылды.

Қазақ барысы фото

Аталмыш жарыстың ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. «Спортты жанына серік етіп, салауатты өмір салтын насихаттап жүрген жастарымыздың қатары көбейіп келеді. Қазақ күресі көнеден келе жатқан спортымыздың түрі. Бүгінгі таңда боз кілемде белдесіп ауданымыздың намысын қорғап жүрген жастар аз емес. Солардың бірі өздеріңізсіздер. Сіздерге тек сәттілік тілеймін. Жеңісті күндеріңіз көп болсын»,- деді аудан әкімі Бауыржан Есқайырұлы.

Фото барыс

Алдымен жасөспірім балуандар боз кілемде белдесіп бақтарын сынап көрді.  Кездесу барысында бірнеше қарсыластың жауырынын жерге тигізген ақтаулық Мырзабек Есмырза "Жас барыс" атағына ие болды. Екінші және үшінші орындарды ақтаулық Диас Асанов пен ояндық Бекжан Талғатұлы өзара бөлісті. Сөйтіп жас барыстардың күресін тамашалағаннан кейін облыстық іріктеуге жолдама ұтып алу жолында ауданға танымал балуандар боз кілем үстінде белдесті. Бірі шалып құлатса, бірі жамбасқа салып, алып ұрды. Әр ауылдан келген балуандар көреременнің қошеметіне бөленіп, жарыстың көркін қыздыра түсті. Көрермендер де жақсы күрес үлгісін көрсеткен балуандарға қолдау білдіріп, қошеметтеп отырды. Бір кезде финалдық белдесуге шығатындардың есімдері белгілі болды. Олар тасқалалық Нұрлан Тасқалиев пен амангелділік Талғат Ажғалиев еді. Екеуі де бұған дейін бірнеше белдесу өткізіп әбден бабына келген балуандар екенін белдесу барысында көрсетті. Біраз алысты. Жеңісті қолдан бермеу жолында барын салған қос балуанның күресін көрермен қауым тапжылмай тамашалады. Ақырында күрестің соңғы секундтары аяқталып ортадағы төреші тасқалалық Нұрлан Тасқалиевтың қолын көтерді. Сөйтіп ол облыстық кезеңге жолдаманы ұтып алды.

Әсет Баян,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале