28.11.2022, 17:00
Оқылды: 106

Нұрсананың жеңісі – елдің мерейі

Күні кеше ғана Өзбекстан республикасының астанасы – Ташкент қаласында қол күресінен Азия чемпионаты мәресіне жетті. 21-26 қараша күндері аралығында өткен спорттық жарысқа 10 мемлекеттің үздік ұландары қатысып, жүлделерді сарапқа салды. Бұл айтулы додада еліміздің намысын қорғаған спортшылар сапында Жаңақала ауданына қарасты Көпжасар ауылындағы Д.Нұрпейісова атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Нұрсана Шакрикова болды.

Нұрсананың жеңісі

Алтын асықтай Нұрсана қарындасымыз шекара асып, шетелдегі жарысқа тек төбе көрсетіп, жай ғана қатысып қайтқан жоқ. Ол артылған сенімді ақтап, аудан мерейін асырып, жарқын жеңіспен оралды. Нақтылап айтсақ, аты дардай Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Нұрсананың қоласы қол күресі спорты бойынша қол жеткізген Жаңақала ауданы тарихындағы тұңғыш жүлде.
27 қараша күні алақандай Көпжасар ауылының шығып, әлемдік додада атой салған Нұрсана Дастанқызы және оның бапкері Жалғас Нығметовты Орал шаһарындағы теміржол вокзалынан Жаңақала ауданының бір топ белсенді жастары қарсылап алып, лайықты деңгейде құрмет көрсетті.

315756556_1171191090489584_4751004535718303765_n

Ретті жерінде айта кетейік, Нұрсана Дастанқызын аталмыш спортқа баптап-баулыған жаттықтырушысы Жалғас Жеңісұлына жерлестері де дән риза. Ол талай жас өреннің томағасын сыпырып, топқа қосып, түрлі жарыстарда жеңімпаз-жүлдегер атануына, ауыл спортының дамуына үлкен қосып жүрген елжанды азамат.

                    Ақсұңқар Сәдір, 

  Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале