5.03.2020, 10:19
Оқылды: 346

Үйі өртенген анаға аудан халқы қолдау білдіруде

 «Үйі өртенген анаға қолдау-көмек бола ма?» атты мақаламыз жарық көргелі бізге хабарласып, мән-жайды сұрап, көмектесуге қарекет жасап жатқан жамағаттың қарасы көп. 22 ақпан күні мақаламыздың кейіпкері, қыстың көзі қырауда баспанасыз қалған Майгүл Шатаеваның жағдайын білмек ниетте халін сұрап, арнайы іздеп бардық. Жанымда аудандық мешіттің бас имамы Ерік Сұлтанов пен мәдениет қызметкері Гүлнәз Гиниетуллина болды.

IMG_5242

Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетейін. Өрт оқиғасы болған күні Майгүл апамызға іргелес көршісі Рустам есімді азамат «үй қалпына келгенше тұра беріңіздер» деп бос тұрған пәтерінің кілтін беріп, көмектескен екен. Бұл азаматтың да жанашырлығына разы болдық.

Кездесу барысында аудандық мешіттің бас имамы Ерік ағамыз қиындыққа тап болған анамызға дұға тілеп, қажылық сапарынан ала келген қасиетті зәмзәм суын ұсынды. Сондай-ақ қайта қалпына келтіріліп жатқан баспанаға төсеніш болсын деп, қос бірдей шағын кілем ала келіпті. Бұл да қамкөңіл анаға үлкен көмек. Қайырымдылық жасауды құп көретін Гүлнәз замандасымыз да бірқатар үйге қажетті жаңа заттарды табыс етті. Сонан соң Е.Сұлтанов Құран аяттарын бағыштап, анамыздың шаңырағына береке тіледі.

дейін

Айта кетсек, бір апта уақыттың ішінде аудандық райгаз, электр торабы секілді мекемелер жарық пен жылу беру жүйесін қайта қалпына келтіріп, реттеп берсе, Жаңақала ауылдық округ әкімдігі үйді жөндеу жұмыстарына атсалысты. Ал іргесі берік, ынтымағы жарасқан бір топ көршілері ұйымдасып, үйдің сыртқы есігін алып берсе, аудандық аурухана, аудандық кітапхана секілді іргелі ұжымдар қаржылай қолдау көрсетіпті. Мұны Майгүл апамыздың өз аузынан естіп, білдік.

кейін

Бұдан бөлек 28 ақпан күні аудандық мәдени-демалыс орталығы 1 наурыз Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай «Алғыс жүректен шығады» атты мерекелік концерт өткен болатын. Ән айтылды, би биленді. Жалпы, концерт жақсы өтті. Айтайын дегенім ол емес. Алдын ала жарнамада айтылғандай мерекелік концерттің негізгі мақсаты қайырымдылыққа бағытталды. Бізді қуантқаны да сол еді.

«Кең болсаң, кем болмайсың» демекші, кеш басында Еріктілер жылы аясында пәтері отқа оранған Майгүл Төлешқызына қаржылай қолдау ретінде қайырымдылық жәшігі қойылды. Шара соңында жиналған қаражатты арнайы комиссия мүшелері есептеп, табыс етті. Және «Қуан», «Салтанат» сауда үйіндегі жеке кәсіпкерлер ақшалай, заттай көмек қолын созды. Сонымен қатар, аудандық «Бөбек» балалар бөбекжайы мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, «Талап» АҚ біркүндік жалақыларын Майгүл Төлешқызының есепшотына аударса, жеке кәсіпкер Талғат Байкенов үй жиһаздарымен қамтамасыз етіп, материалдық қолдау көрсетті.

IMG_7983

Кеш соңында сахна төріне көтерілген М.Төлешова аудан тұрғындарына аналық жүрегінен алғысын жаудырды.

– Пәтерім өртеніп, баспанасыз қалғанымда қатты қиналдым. Жаным жабырқады. Көңілім құлазыды. Құдай мұндай қиын жағдайды ешкімнің басына бермесін. Қиналған сәтімде жанымнан табылып, қолтығымнан демеп, қолдау-көмек көрсеткен аудан халқына айтар алғысым зор. Әсіресе аудандық аурухана ұжымына, соның ішінде жұқпалы аурулар бөліміне, көршілеріме, ағайын-туыстарға, аудандық «Жаңарған өңір» газеті ұжымына, аудандық мешіттің бас имамы Ерік Сұлтановқа, Жаңақала ауылдық округі әкімдігіне, біркүндік жалақысын аударған мекеме-ұжымдарға зор ризашылығымды білдіремін. Еңбектеріңіз жемісті болсын. Кәсіптеріңізге Алла берекесін берсін. Бәріңізге Алланың нұры жаусын! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Ұрпақ қызығын көріңіздер! – деді Майгүл анамыз жанарына жас алып.

Майгүл апамыздың жағдайына шынымен жаны ашып, «бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығарып», қайырымдылық жасаған жерлестеріміздің азаматтығына, жомарттығына бек риза болдық.

– Қазіргі таңда пәтерім толыққанды жөнделіп, қайта қалпына келтірілді. Есік-терезесіне де тапсырыс беріп қойдық. Солар қондырылса, 1-2 аптада өз пәтеріме көшіп, орналасамын, – деді М.Шатаева. Бұл 3 наурыз күні еді.

Алтынбек Ермекқалиев,

Жаңақала ауданы

 zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале