8.06.2020, 9:19
Оқылды: 544

«Ойбайлатқан» он екі

«Әрі тұр, орын бер, аяғым, қолым...»

«Ойбай, басым-ай!» деген дауыс шыққан жаққа жалт бұрылдым. Сол баяғы автобустың іші. Ығы-жығы халық. Ішінде сауы бар, ауруы бар, әйтеуір бір-бірімізге жабысып, ала көзбен қарап келеміз. Көзімізде мейірім, сөзімізде сабыр жоқ. «Әрі тұр, орын бер, аяғым, қолым» деген жолаушылардың сөзіне етіміздің үйренгені соншалықты, міз бақпай тұра береміз. Ал мына «басым» деп ойбайға салған дауысқа бей-жай қарамадық. Өйткені бұл жерде ешкім осы уақытқа дейін «басым» деп айтқан жоқ. Сөйтсек, орта жастағы келіншектің басы көліктің есігіне қысылып қала жаздапты. Содан автобустың ішінде айқай-шу басталды. Бұл айқай-шу күнде көріп жүрген айқайдан өзгерек. Қалалық автовокзалдан қозғалғанда басталған шу Подстепный  ауылының орталығына жеткенде ғана саябырсыды. Айтпақшы, танысып қойыңыз, аты шулы бұл автобус Орал-Подстепный бағыты бойынша қатынайтын №12 маршрут. Темір тұлпардың сырты қандай ескі болса, іші де сондай. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Подстепныйдың жыл сайын өсіп келе жатқан халқы осы автобустың ішінде. Жалпы, ауыл тұрғындары он екінші автобустың ескі екенін және халық саны көп ауылға көлік ішінің тарлығын айтудан әсте шаршаған емес. Тек уәжді тыңдар құлақ жоқ. Тұрғындар автобустың жырын айтып ауылдық әкімшілікке барады, мұндағылар қалаға сілтейді. Екі ортада табан тоздырып жүрген тұрғындар енді кімге шағымдануды білмей дел-сал. Ешкім құлақ аспағандықтан әрі әбден ашынғандықтан ауыл тұрғындары әркез шаршап-шалдығып, ұрысқа дайын тұратынын байқайсыз. Бір сөзбен айтқанда, автобусқа емес, ашуға мініп жүреді. Расында да, халық саны өте көп. Автобусқа кісі сыймайды. Әсіресе жаз мезгілінде күн ысығында, автобустың іші құдды бір монша секілді болады. Кейде әр адамның жағымсыз иісі бір-бірімен араласып, ауа болмай жүректі айнытатыны шындық.

C9570A17-48D0-4C8B-94F1-69486117B907

«Аудан әкімі іске араласса екен»

Осы ауылдың тұрғыны Гаухар Шайхиниязова: «Подстепный ауылы – Орал қаласының іргесінде орналасқан іргелі ауыл. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі Орал қаласына жұмысқа, оқуға қоғамдық көлік арқылы қатынасады. №12 маршрут Орал-Подстепный бағытындағы жалғыз тасымалдаушы көлік. Жолдағы 1,2,3 саяжай тұрғындарын санамағанда 15 мыңға жуық халқы бар ауыл үшін аздық ететіні анық. Жазғы маусымда қосымша саяжайға барушылар саны артса, қыркүйек айынан бастап қатарға студенттер мен оқушылар қосылары сөзсіз. Ал қыс маусымында 40-45 минуттап аялдамада «автобус қашан келер екен?» деп күткен кездеріміз аз болмайды.  Айталық, «Infobus» жүйесіне кіріп көрсек, маршрутта 8 көлік тасымалдауға шыққан. Кейде тек маршрут жолында 4-5 көліктің тасымалдап жүргенін де байқауға болады. Кейбір қоғамдық көліктердің тазалығы сын көтермейді. Шаң басқан жабындары мен май басқан орындықтарын көргенде, «жоқтан тәуір-ау» деп бір күрсінесің. Осы ретте, ауыл тұрғыны ретінде қоғамдық көлік мәселесінің жағдайы қаралып, тағы бір маршрут шығарылса да артық етпес еді» дейді.

Ал Нұршат Оразбаев «озық ел емес, тозған елде өмір сүріп жатырмыз» деп бірден өкпесін  білдірді. «Әлем алға қарай жылжып дамуда, біз кері кетіп бара жатырмыз. Қанша жыл болды, 12 автобусты айтып қақсап келеміз. Біресе уақытында жүрмей қалады, біресе ішінен сыймай қырық пышақ боламыз да жүреміз. Таңертең жұмысқа бара жатырғанда ең бірінші келген автобустан қалмауға тырысам. Мен сияқтылар тағы бар. Бәрі де жұмысқа кешікпеуді ойлайды. Екінші №12 келіп болмайды, оны күте алмағандықтан, бір-бірімізді итеріп, қыстырылысып мінуге тура келеді. Бір күні аяғымыз езіліп қалатын шығар деп ойлаймын. Тапалып жатамыз, әйтеуір. Ауыл әкімінен қайыр жоқ, жұртқа жаны ашымайды. Енді аудан әкімі бұл іске араласып, мәселені шешіп берсе екен. Бұрын «үлкен автобус керек» деп  аудандағы әкімге айтып едім. «Шешімін табамыз» деп еді. Кейін сұрастырсам, ол әкіміміз қызметінен кетіп қалыпты.

Он екінші маршруттың шопыры аты-жөнін айтпақ түгілі, бет-әлпетін көрсетпей тұра қашты. Сосын сәл кідіріп: «Халық көп. Бәрі де діттеген жеріне жетіп алғысы келеді. Сосын жолда қалдырғымыз келмей алып кетеміз.  Автобусқа сыймағаны, менің кінәм емес. Оны басшыларға айтыңыздар. Бізден аулақ, күн көріп отырған азғантай ақшамнан айырылып қалар жәйіміз жоқ» деп қолын бір сілтеді.

«Подстепный тұрғындарын зарлатпай, қаладағы екінші маршрут секілді үлкендеу автобусты неге жүргізбейді екен. Мына кішкентай он екіден ауырып өлетін болдық. Іші толған жолаушы. Ине шаншар орын болмайды. Алдағы уақытта, бір-біріміздің басымызға отыратын шығармыз. Бәрі де қалаға жұмыстарымен барады. Жұмыстан шаршап-шалдығып шыққанда бір орынға отырайын десеңіз, ылғи орын болмайды. Орын деймін-ау, қазір табанымызды тіреп тұратын жер болса екен деп тілейміз». Дәл солай дейді Шолпан Қиясова.

Автобустың зардабын көрген Ермек Қойшыбаев: «Апам жездеме сай» демекші, шопыр да, кондуктор да бір-бірінен өткен  ұрысқақ адамдар. Шопыр да қызық, мал тиеп әкеле жатқан адам секілді, жолаушылар онсыз да сыймай тапалып тұрса, көліктің жылдамдығын асырып есіріп айдайды. «Ақырындап жүргізіңіз, абайламайсыз ба?» десек, «ұнамаса, түсіп қал да таксиге отыр» деп кондуктор екеуі дүрсе қояды. Таксиге қаржымыз жетсе, сол он екіге мінбес едік қой. Күн сайын барып келуге таксиге ақша шақ келмегендіктен, автобусқа мініп жүрміз ғой. Әрі Подстепныйдағы таксилер тек автовокзалға дейін 100 теңгеге апарады. Егер одан әрі баратын болсақ, онда үстемелеп тағы да жолақысын төлейміз. Күнбе-күн жұмысқа барып жүргендерге бұл тиімсіз. Ал он екіге 80 теңге төлеп, діттеген жерге жетіп қаламыз. Алайда жер-дүниені шарлап жүріп барғанша діңкеміз де құриды. Бұл тек бір рет қайталанса ештеңе емес. Күн сайын осы жәйт» деп шопыр мен кондуктордың мәдениетсіздігін тілге тиек етті.

F638C5D3-5C0F-4844-90FE-85B1AB819B6A

«Көлемі үлкен автобусқа жол тар»

Енді не істемек керек? Базынамызды тыңдаған ауылдық әкімшілік он екінші автобусқа қаладағы жауапты орталықпен сөйлесуімізге жөн сілтеді. Сөйттік-дағы шаһардағы «ОралАвтоТранс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өкілімен тілдестік. «Тұрғындар он екінші автобустың шағын екенін айтқандықтан, біздер Подстепныйға барып ең алдымен жолдарын қарадық. Көлемі үлкендеу автобус шығарып көрдік, онымен ауылішілік жолдың тар болуы кедергі келтірді. Жүру ережесіне сай емес. Мәселен, тұрғындар автобустың орыс мектебі, лесполоса деген аймаққа  жүруін талап етіп еді. Жаңағы үлкен көлігіміз тар жолдан айналып шыға алмай қалды. Сол себепті ең әуелі жолдың көлемін кеңейту керек.

Жалпы, жолаушыларды тасымалдауға 15 көлік шығардық. Қазір елдегі індетке байланысты, әзірше 10,12 көлік жүруде. Олардың жүру уақыт аралығы 15 минут. Темірдің аты темір, кейде жолда сынып қалса, онда 20 минут» дейді «ОралАвтоТранстың» өкілі.

Түйін: Тұрғындарды «ойбайлатқан» он екі кетіп барады. Сырт көзге моп-момақан. Бас-аяғы жинақы шағын автобус. Ал іші ... Сол баяғы айқай, бір айқай. «Ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші, Подстепный тұрғындарының даусы жәйдан-жәй шықпайтыны мәлім. Халыққа «өз баласындай» жанашырлықпен қарайтын басшы болса, бұлай болмас еді. Шешілмейтін шаруа жоқ. Әлі де кеш емес.

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале