23.09.2021, 10:38
Оқылды: 62

«Ойхой, шіркін, жаялық!»

«Ойбуу, қазір бәрі осы «бамберске» үйреніп алды ғой.

Иә, апай, памперске үйреніп алғанымыз рас. Міне, соны сатып алуға келіп тұрмын.

55FA2295-8E73-4584-A976-2DF71D9F1C13

***

Жасы үлкен апаймен әңгімеміз осылайша аяқ асты басталды. Немересіне памперс алуға келген екен.

 Гүлшат Темірболатова:

 — Жеті баланы да  жаялыққа орап өсірдім. Дер кезінде ауыстырып, лезде жуып отырдым. Сондай-ақ, үй шаруасына да үлгеруші едік. Қазіргі келіндер жаялықты ұмытқалы қашан?  Балаға памперсті кигізіп тастайды, жаялық жуып жүрмейді. Сөйтсе де үй шаруасына үлгермейді. Анау памперстің зияны көп қой. Мәселен,  құрамында аллергия беретін химиялық қоспалар да баршылық болар, бәлкім? Оның үстіне бағасы да тым қымбат. Бір рет алып қоятын зат емес қой, сағат сайын ауыстыратын болғасын шақ келмейтіні рас. Мұны түсінетін келін қайда? Амал жоқ, келінге де көндік.  Келін сәбимен шыға алмайтын болған соң, міне, өзім келіп сол памперсті сатып алып тұрмын.

 Айтпақшы, мен памперстің зиянын айтып әлекпін, ал бұлар біздің кезіміздегі жаялықтың әуресін  айтып әлек. Әрі-беріден соң  «әй,құрсыншы, ең бастысы бала аман-есен өсіп кетсе екен» деп отырмыз. Әйтсе де, ішімізден «ойхой, шіркін, жаялық!» деп қоямыз.

 Памперс хақында парақтасақ...

 Бір реттік жаялықтарды ХХ ғасырдың соңына таман Американың Небраска штаты, Милфорд қаласының тұрғыны Виктор Миллз есімді өнертапқыш ойлап тапқан. Ол химиялық  технология саласы  бойынша  отыз  бес  жыл  «Procter@Gamble» компаниясында жұмыс істеп, тапқырлығымен атағы шыққан. Шебер зейнетке шығып, қартайған шағында жалғыз  қызынан  туған  жиенін  бағуға  тура  келген. Әрине, жұмыс нәрестенің тек тамағын берумен ғана шектелмейді.  Сәбидің  жаялықтарын  қайта-қайта жуып, оны кептіру де керек. Қарт адамға  тазалау да оңай емес. Сөйтіп жүргенде шалдың миына  «жумайтын жаялық неге ойлап таппаймын» деген ой түседі. Ақыры Виктор әлемде алғаш  рет  нәрестенің  үлкен-кіші  дәретін  бойына сіңіріп алатын «жаялық» ойлап тауып, өзінің жиені арқылы сынақтан өткізеді. Алайда, оны сол кезде ешкім пайдалана қоймайтын. Бүгінгі күні кез келген сәбидің жанынан табылатын деңгейге жетті.

 Айнагүл Құспанова:  

 — Әжелеріміз бұрын қолданған жаялықтың машақаты көп-ақ. Мүмкін қазір де пайдаланатындар бар шығар, бірақ өзім памперсті қолдаймын. Айталық, уақытты үнемдейміз, күнде-күнде жаялық жуып отырмаймыз,  рахат емес пе? Сонымен қатар қонаққа, алыс жолға шыққанда памперс өте ыңғайлы. Біреудің үйіне барып жаялық жуып жүрмейміз ғой.

 Сөз соңында: Бес саусақ бірдей емес. Әркімнің түрлі пікірі бар. Ендеше, бұл тақырып туралы әлі де ой елегінен өткізіп, ойлануды өзіңізге қалдырдық, оқырман!

Айшабибі Мәмет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале