12.08.2021, 15:21
Оқылды: 142

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...»

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз «Абай күні» болып бекітіліп, бүкілхалықтық, ұлттық мереке ретінде күнтізбеге енді. Қазақтың бас ақыны, ойшыл, кемеңгер Абай Құнанбаев ел тарихында өшпес мұра қалдырған ұлы тұлға. Бұл күн – біртұтас қазақ баласын бірлікке шақыратын, адамгершілікке үндейтін, «бірің­ді қазақ бірің дос» тұтатын қастер­лі күн! Бұл күні хакім үңіл­ген терең ой­лар теңіз­дей тебі­ренетіндей, тура осы күні ақынның соңында қалған биік жырлар асқақтай шырқалар күн. Ақынның артында қалған том-том кітаптары бүгінгі ұрпаққа өшпес мұра. Мерекеге орай Теректі ауданындағы «Ғазал» ақындар клубы мүшелерінің жыр шумақтарын ұсынамыз.

Қазақтың бас ақыны Абайға арнау

Ақтіл1

Ғасырдан озғаныңды жылдар растап,

Тұр міне, бағаң биік, тұлғаң да асқақ.

Бұл дәуренді бір сынақ деп қабылдап,

Жыр керуенді бір өзі тұрған бастап.

 

Өмірге келдім дерсің:

Неге?! Қалай?!

Талпынсаң ұғарлыққа себебі оңай.

Біз ол кезде саған кеп бас тірейміз,

О, біздің данышпан-ай, көреген-ай.

«Абай болу» үшін де білім керек,

Білім тану үшін де керек Абай!

 

Жан адалды қалайды, тән оңайды,

Жеңілге еру жігітке жарамайды.

Құдайды тану парыз ең әуелі,

Құдайды тану үшін таны Абайды!

 

Еңбек сатар баланың әр ісі - оңда,

Бас көтермес патшаның бағы - сорда.

Жасқа да, кәріге де ортақ сөйлеп,

Күзді бұлт, қысты теңеп кәрі шалға.

Төрт мезгілін Абайдың ұққан дұрыс,

Орта мен табиғатты танысаң да.

 

Өнер-білім пұшпағын жырдан илеп,

Зейнетін көрер болсаң, бұл да бейнет.

Қара көзім ашылсын десең егер,

Қара сөзін оқысаң...

Бір ғанибет!

 

Арманды уақыт деген жолдар көміп,

Сол демейді сүрінсең алдан келіп,

Бес асылын Ұлының ұмытпайық,

Жүрген кезде бес күндік жалғанға еріп.

 

Аллаға аян!

Кім туып, кім өледі,

Абайға аян!

Ұққанға күн ереді.

Мыңмен жалғыз алысқан Абай болса,

Мыңмен бірге жарысып тұр өлеңі!

 

Бір парақ жыры болса, болады үй-бақ,

Жүрекке тоқып сөзін, дара күй тап.

Абай біздің мақтауға зәру емес,

Біз Абайға мұқтажбыз...

Ол – ақиқат!

 

Сол қазақпыз.

Қуанған атым аса,

(Жақсы еді Абай сыртымыздан бақыласа...)

Қадырша айтар болсам:

«Нағыз қазақ –

Қазақ емес, Абайды оқымаса.

 

Тұлпар кейіп танытса арығандай,

Жүйрік ебін табады жаны қалмай.

Абайды тану керек әрбір қазақ,

Сәби алғаш анасын танығандай.

 

Сені танып, жол табар пенде талай,

Жаратқанға қол жайдың сен де солай.

Өлсе өлер айтары жоқ ақындар,

Сөзсіз мәңгі жасайды, өлмес Абай!

Ақтілек Әлібекұлы

 

Абай – дана, Абай – дара қазақта

Айым1

Сөздері шарлап қазақ пен әлем арасын,

Абай деп таныр қазақтың байтақ даласын.

Өлеңі бізге рухани азық секілді,

Абайдаң биік тұлғаны қайдан табарсың?

 

Абай – жыршы, ұлы ақыны елімнің,

Жырға қосқан сұлулығын жерімнің.

Абай – сыншы, жақсыменен жаманның,

Қайғы – зарын жырлай білген даламның.

 

Абай – мұра, ұрпақтан ұрпақ жалғаған,

Ән мен жыры ел назарсыз қалмаған.

Білім, еңбек, еркіндікті арман ғып,

Жас қауымға сабақ етіп жырлаған.

 

Абай – дана, Абай – дара қазақта,

Оқылмаған ұлы Абайды қазақ па?

Қазақ даңқын асқақтатқан әлемге,

Абай теңдес ақын болмас қазақта.

 

Кеше өткен бұлдыр заман желегі,

Болашаққа Абай үнін тіледі.

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған,

Абай үні бізбен бірге келеді!

 

Айымгүл Ысқақова

                                                                      

Мың жылдық туынды

Бала

Өлеңінің көргем жоқ аласасын,

Қара өлеңмен қалайша санасасың.

Оқығанның өмірде пайдасы бар,

Оқып алып өмірмен жанасасың.

 

Шағылысып көрінер шырай мүсін,

Абайды бұрмаламай солай түсін.

Білемісің Абайдың өмір жолын,

Келе жатқан ұрпаққа айт, сұрай жүрсін?!

 

Білінеді оқысаң тиянағы,

Ақыл болар балаға ұядағы.

Мен Абайды қорлыққа бере алмаймын,

Келер ұрпақ қалайша қия алады?

 

Өмірінен өрегештік байқалмаған,

Құлағым сенде сырың барма айта алмаған.

Салиқалы ұрпақтан берсін бізге,

Сақтасын ұл мен қыздан қайқаңдаған.

 

Абай ақыл, Абай сенің жанашырың,

Адамзатқа қалдырған бар асылын.

Абай деген екі көз маңдайдағы,

Сақта енді көзіңнің қарашығын.

 

Кеудемде жалын жырлар көп тұнады,

Абайдың айтқан сөзі бетке ұрады.

Қылымсыған қазіргі замандасқа,

Қара сөзден айтқым-ақ кеп тұрады.

 

Абай сөзін дұрыс оқы, жатқа бұрмай,

Абай сөзі бабамның хаттарындай.

Саналы ұрпақ болып біз жүрейік,

Санасыз ұрпақтардан сақта құдай!

 Әлішер Әміров

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале