23.12.2021, 17:41
Оқылды: 68

"Өмір мектебі" кітабы жарық көрді 

Қазақ әдебиетінің қоры тағы бір жыр жинақпен толықты. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай ақын, тілші ҚР Журналистер одағының мүшесі Қыдыр Харесұлы Абдрахмановтың «Өмір мектебі» атты кітабы жарық көрді. Ақынның шығармашылық кешінде жыр жинақтың тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.

30

22 желтоқсан күні Казталов ауданы орталығындағы С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында есімі ауданымызға мәшһүр, облысымызға белгілі ақын, тілші Қыдыр Харесұлының шығармашылық кеші өтті.

29

Әдеби-сазды кешке аудан әкімі Альберт Есалиев, белгілі ақын, тілші, жазушы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Аманкелді Шахин, ҚР мәдениет саласының үздігі, әнші, сазгер Гүлбаршын Қасиетова, Халықаралық–Республикалық конкурстардың лауреаты, әнші, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ақмарал Ахметова, дәстүрлі әнші, «Мұхит», «Махамбет» Республикалық конкурстарының лауреаты Ажар Ситенова және аудан тұрғындары қатысты.

26

Шығармашылық кеште аудан әкімі Альберт Есалиев аудан жұртшылығын ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, ақын Қыдыр Харесұлын жаңа жыр жинағының жарық көруімен құттықтай отырып, ақынға шапан жауып, алғыс хат табыс етті. Салтанатты марапаттау сәтінен соң аудан басшысы ақынымен бірге жаңа жыр жинақтың тұсауын кесті.

Қайран жастық,

Қамшы салмас көңілге,

Сенсіз жалған,

Мынау өмір-өмір ме?!

Жігіт кезде,

Төмен қарап жүргендер,

Шал болып та,

Жарытпайды өмірде... -  деген ақынның септігімен ұйымдастырылған кеш ақынмен сыр-сқхбат арқылы өрбіп, Қыдыр Харесұлы өзінің өмірі мен еңбек жолы, шығармашылығы хақында, әдебиеттің белгілі жанры поэзия тақырыбы мен қазіргі қоғамдағы әдебиеттің рөлі тақырыптарында оқырманға ойымен бөлісті. Өңірімізге белгілі ақын өзінің өмірінде түрлі түрлі марапаттарға ие болған елеулі тұлға. Ол «Мәдениет және өнерге қосқан үлесі», Қос Аққу Әлия-Мәншүк атындағы спорттық-патриоттық клубының ІІ дәрежелі төсбелгісі және «Патриоттық және азаматтық белсенділігі үшін» төсбелгісімен, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Тәуелсіздікке қоқан үлесі үшін» медалімен, ««Қазбат» жауынгерлік іс-қимылдар және бітімгершілік операциялар ардагерлерінің одағы» РҚБ-нің «Қазақстан патриоты» медалімен және өзге де марапаттармен марапатталған.

28

Әдеби-сазды кеште Медеу Қуаншалиев, Аягүл Шоқпанова, Нұргүл Батырбекова, Ақмарал Ахметова, Ажар Ситенованың орындауында ақынның сөзіне жазылған «Ұлыңмын мен - ауылым» (әні: Медеу Қуаншалиев), «Көктем гүл – көктем мейрам» (әні: Гүлгүл Сатжанова), «Ақжайығым - Оралым» (әні: С.Неғметов), «Мемлекетім менің» (әні: Жаскелең Ғайсағалиев), «Өмір мектебі» (әні: Ажар Ситенова) әндерінің де тұсауы кесіліп, әнсүйер қауымның көңілін тербетті. Бұдан бөлек, ақынның ұлы Дастан Абдрахмановтың «Әке» (әні: Гүлгүл Сатжанова), Ақмарал Ахметованың «Алау кездер – ән кездер» (әні: Жаскелең Ғайсағалиев), Гаяз Мазгутов «Жалпақтал жайлы мекенім» (әні: Жанат Мұхамбетов), Бейімбет Дүйсенғалиевтің орындауында «Туған күнге тілек» (әні: Гүлгүл Сатжанова) атты әндер де шырқалды. Ақынның өзіне жазылған, Жаскелең Ғайсағалиевтің «Мемлекетім менің» әні патриоттық сезімдегі өміршең туындыға айналары сөзсіз. Сонымен қатар, кеште ақынның шәкірттері мен немерелері «Ойлану керек», «Жыр қазына», «Жеті қыры даланың», «Өмір қысқа», «Кітап және кітапхана», «Менің елім», «Тәуелсіздіктен айырма», «Бүлдіршін баламын», «Ұрпағым аман болса екен» атты өлеңдерін мәнерлеп оқыса, ақын Абзал Есенғалиев ақынға жүрек жарды туындысын тарту етті.

25

Кеш соңында Жалпақтал ауылдық округі әкімі Әлия Жақсыбаева мен «Ауыл айнасы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің редакторы Қайрат Жақыпов қаржылай сыйлық табыс етсе, құрдастары шапан жапты. Ал, Ажар Ситенова Алматыдан арқалаған сәлемдемелерді жеткізіп, Қыдыр Харесұлына «JASTAR TV» Телерадиокомпаниясының директоры Б.М.Мырзатайұлының «Наурыз-Думан» онлайн қайырымдылық телефестивалінде үздік І орын лауреаты атанғаны жөнінде диплом мен «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақтар шығармашылық бірлестігінің «Мәдениет майталманы» төсбелгісін табыс етті.

Әкімі іздеген, елі жақтаған ақынның шығармашылық кеші көптің көңілінен шықты. Жаңа кітап ақынның жырлары, сөзіне жазылған әндер топтамасы, SMS өлеңдер атты үш бөлімнен тұрып, соңында «Денсаулықтың қадірі» атты новелласы жарық көрген. Назарларыңызға жыр жинаққа арқау болған, әнге айналған ақынның «Өмір мектебін» ұсынуды жөн көрдік.

ӨМІР МЕКТЕБІ

Кеппей-ақ кейде - көңіл көктемі,

Өзгертер сені - өмір мектебі.

Шын ретін тауып - ұсына білсең,

Қолыңа қонар - сенім кептері.

Сайласаң көппен - күздің кетпенін,

Жинайсың шашпай - тағдыр сепкенін,

Жатпай да тұрмай - оқысаң болды,

Өзгеріс сыйлар - өмір мектебін.

Өшпесе таңба - асыл тектегі,

Қаныңа сіңер - білім көктегі.

Сабағын ұқпай - сандалып жүрсең,

Оңдырмас сені - өмір мектебі.

Бір жерге жиған - батыр, бектерін,

Бабаңда болған - ақыл теп-тегін.

Солардай болып - тек беспен ғана,

Аяқта балам - өмір мектебін.

Солардай болып - тек беспен ғана,

Аяқта қалқам - өмір мектебін.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале