8.11.2022, 13:00
Оқылды: 41

Өмірді санмен өрнектеген

8 қараша күні статистика саласының мамандары кәсіби мерекелерін атап өтеді. Еліміздегі атаулы дата тарихы 1920 жылдың 8 қарашасынан басталады. Статистика мемлекет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Кез келген аймақтық, ұлттық және әлемдік деңгейдегі статистиканың саяси және бизнестік шешім қабылдауда, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын белгілеуде рөлі зор.

1667368111583 (1)

Сырым аудандық статистика басқармасын 11 жылдан бері Бекқожина Гүлнұр Өтепбергенқызы басқарып келеді. Гүлнұр Өтепбергенқызы 1995 жылы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепті, 1999 жылы Батыс Қазақстан аграрлық университетін бухгалтер-экономист мамандығы бойынша бітіріп, 2000 жылы тамызда еңбек жолын аудандық салық басқармасында салық инспекторы болып бастады. 2001-2002 жылдары аудандық қаржы бөлімінде бас маман, 2002 жылы қазынашылық бөлімінде есеп секторының меңгерушісі, 2003 жылы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында бас маман-есепші, 2009 жылы аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маман-есепшісі қызметтерін атқарды. 2012 жылдан бастап Сырым аудандық статистика басқармасының басшысы лауазымында еңбек етіп келеді. Отбасында ер азаматы, аудандық БЖСМ-нің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Батырбек Мұратовпен бірге төрт бала тәрбиелеуде. Балаларының алды студент болса, кейінгі үшеуі мектеп жасында.

Қызметіне шын берілген Гүлнұр Өтепбергенқызы басқалар үшін қиын көрінетін мекеме, қожалық, жеке кәсіпкерлер тапсыратын есептерді талдау, тексеру, аудан бойынша статистикалық мәліметтерді шығаруды өте қызықты және жанына жақын санайды. Ауданның қаржы, денсаулық, білім беру, мәдениет, көлік, кеден, ауданға келген-кеткен адам, төрт түлік, барлық сала статистикалық есеп тапсырады. Аудан бойынша қанша электр қуаты, жанармай, көгілдір отын тұтынылатынын да осы басқарма есептеп шығарады. Он жыл сайын халық санағын, жылына екі рет мал санағын жүргізу де – аталған мекеменің тұрақты жұмысы.

Ауданға қатысты статистикалық қызықты мәліметтерге келсек, аптасына шамамен 3000-4000 адам Орал қаласына қатынайды.  Ал, тоғыз айлық қорытынды бойынша,  бір сиырдан 1791 кг сүт алынған. Үш тоқсан бойынша адам саны – 18347.  254 адам ауданға тіркеліп,  500 адам есептен шығарылған. 1 қазанға 251 сәби дүниеге келіп, 104 адам өмірден озды. 166 адам ЖРВЖ-мен, 6 адам туберкулезбен ауырды.

9 айда  аудан бойынша 59 қылмыс тіркелді. 1 қазанға ауданның орташа айлық жалақысы 181000  теңгені құрайды. 1009 адам ресми жұмыссыз ретінде тіркеліп, оның 888-і  жұмысқа орналасып, 15 адам оқуға жіберілген.  668 адам қоғамдық жұмысқа тартылды.  Тоғыз айда аудан бойынша 4443 шаршы метр үй салынды.

Гүлнұр Өтепбергенқызы Статистика қызметкерлері күніне орай аудандық статистика бөлімінде алғаш басшылық еткен  М.Медетов, одан кейін басшылық қызметте болған А.Нысанбаев, Қ.Бүркіталиев, Б.Қыдыралиева, Ш.Қаржауов, У.Қасмұханов, Р.Ахметжанов, С.Жұбанышев, Қ.Молдағалиев, К.Хамидуллин,  Г.Нысанғалиева,  Р.Баделовтердің есімін құрметпен атады. Бүгінгі күнде статистика басқармасында жетекші маман – Нұрсәуле Макашева абыройлы қызмет етуде.

Адам өмірге келгеннен кейінгі әр басқан қадамын, дүниеден озғанға дейінгі әр белесін қағазға түсіріп, оны сан арқылы сөйлетіп, қоғамның әр құбылысын санмен өрнектеген статистика мамандарының жұмысы елеуге тұрарлық.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале