7.05.2021, 10:25
Оқылды: 59

Өмірі тұнған өнеге

Ұлы Отан соғысының аяқталып, Жеңістің  туы желбірегеніне биыл 76 жыл толып отыр. Жеңіс күні – майдангерлердің сан мыңдаған ұрпақтары үшін ортақ мереке. Сұрапыл соғысты басынан өткеріп, бізге бейбіт өмір сыйлаған ардагерлеріміздің теңдесі жоқ ерен еңбегі, қадір-қасиеті мен бағасы уақыт өткен сайын артып келеді. 15FA8829-2139-4CD2-91FE-207B936C227B

Соғысқа аттанғандардың ішінен аман-есен елге оралып, бейбіт өмірде ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен ерекше жандардың бірі – менің әкем, соғыс және еңбек ардагері Мақу Теміров.

Соғыста  оң қолынан жараланып, мүгедек болып оралса да, әкеміз елі үшін дене мүшелері сау адамдардан артық еңбек етті. Бүгінде ортамызда әкеміз болмағанымен, оның есімін айрықша құрметпен еске алып, рухына тағзым етеміз.

Әкем  1921 жылы Гурьев облысының Азғыр өңірі Батырбек ауылында дүниеге келген. 1941 жылы Кеңес әскері қатарына алынып, Ақтөбе қаласында жасақталған 101-ші атқыштар бригадасының құрамында майданға аттанған. Қысқа мерзімді байланысшылар курсынан өтіп, Смоленск, Ржев, Великие Луки қалаларын азат етуге қатысқан. 1942 жылы қан майданда ажал оғы от шашып тұрған кезде СОКП-ның қатарына өткен. Соғыс кезінде байланысшы ең ауыр да жауапты қызметтердің бірі болған. Өйткені әскери құрылымдар арасындағы байланыс тек сым арқылы берілетін. Ұрыс кезінде катушка арқалап, жер бауырлап, сырғып жүру оңай емес деп айтушы еді әкем марқұм. Осы орайда ақын С. Мәуленовтің:

Сапер жол сап миналардың ішінен,

Байланысшы сымды жалғап тісімен.

Батареялар от шашады бұрқанып,

Күн айналып түсетіндей күшінен, – деген өлең жолдары әкемнің соғыстағы сұрапыл күндерін басынан кешіргенін білдіргендей болады.

1943 жылдың қыркүйегінде Лозовская өзенінің жағасындағы Шашки деревнясын алу үшін болған кескіленген ұрыста ерлікпен көзге түсіп, мемлекеттік наградаға ұсынылған. 1944 жылы ауыр жарақаты салдарынан елге оралған. І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы ҰОС-ында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапат-талған.

Еңбек  жолын 1944 жылы Гурьев облысы, Азғыр орта мектебінің мұғалімі болып бастаған. Кейін Орал мұғалімдер институтын тарих мамандығы бойынша тәмамдаған.

1952-1960 жылдары сол кездегі Жәнібек ауданының Нариман, Жетібай жетіжылдық мектептерінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директоры  болып қызмет  істеді.

Алпысыншы жылдары елде ұжымшарлар таратылып, кеңес шаруашылықтары құрыла бастаған шақта ауыл мұғалімдерін партия, кеңес, кәсіподақ жұмыстарына тарту саясаты жүргізілген. Осы бағытта әкеміз Жәнібек ауданының Бисен, Ұзынкөл совхоздарында 10 жылдан астам уақыт кәсіподақ комитетінің төрағасы болып абыройлы қызмет атқарды. 1973 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Б.Жәнекешев орта мектебінде мұғалім, интернат меңгерушісі болды.

Әкем өте сауатты, зиялы адам болды. Газет-журналдар мен кітаптарды өте көп оқитын. Ол мені жаман нәрседен аулақ болуға, адал еңбекпен өмір сүруге үйретті. Мен әкемнің бойынан мұқалмас күш-жігерді, батылдық пен қайсарлықты, білімділікті, мейірімді көріп өстім.

Соғыс салған ауыр жарақат әкемізге өз дегенін істеді. Ауыр дертке шалдықты.  1991 жылы 70 жасында дүние салды.

«Әке сенің жасыңнан асып барам» деп Мұқағали ақын жырлағандай, көзден кетсе де, көңілден кетпейтін асқар тау әкемнің тәлім-тәрбиесі мен өнегелі өмірі азаматтық тұлғамның өзегі деп есептеймін.

Біздің буын әкелеріміз сыйлаған мамыражай бейбіт күндердің қадірін бағалай білеміз. Ұрпағымызға да соны жазсын.

 Баубек Теміров,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале