27.08.2021, 20:41
Оқылды: 61

Өнегеде спорт алаңы пайдалануға берілді

Бүгін ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Конституция күні мерекесіне орай Жәнібек ауданына қарасты Өнеге елді мекенінде әмбебап жазғы спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді. Құрылысқа аудандық бюджеттен 10 млн 416 мың теңге қаржы бөлініп, Орал қаласындағы «УралСтройТехСнаб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыстарды атқарып шықты. Айта кету керек, құрылыс жұмыстары мамыр айында басталып, шілде айында аяқталды.

 1

- Өнеге тоғыз жолдың торабында орналасқан ауыл. Елді мекенде бастауыш мектеп жұмыс жасайды. Ауыл тұрғындарының демалуы, бұқаралық спортпен шұғылдануы үшін салынған спорт алаңы пайдалануға беріліп отыр. Жалпы аудан бойынша 14 жазғы спорт алаңы бар. Соның барлығы аудан орталығы мен ауылдық округтерде орналасқан. Енді, мінекей елді мекендерді де жазғы спорт алаңымен қуантудамыз. Спорт алаңы аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп салынған. Бұйырса, қыркүйекте аудан орталығындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешені де пайдалануға беріледі, - деді Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев.

2

«Бүгін Күйгенкөл ауылдық округі Өнеге елді мекенінде үлкен қуаныш. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жастарымызға спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді. Өнеге елді мекені кезінде совхоздың ферма орталығы болған. Кейін қандай жағдай болғанда да қаймағы бұзылмаған, ешкім ешқайда кетпеген, өздерінің туған жерін ұстап отырған азаматтардың мекені. Алаңның салынуы, әсіресе қазіргі қиын кезде, індет кезінде ауыл тұрғындарының амандығының көрінісі. Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Осы спорттық нысанның арқасында жастарымыз салауатты өмір салтын ұстанып, жағымсыз әдеттерден аулақ болады» - деді ардагер ұстаз, аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі Жұпар Хамзина.

Жаңа нысанның тұсаукесер рәсімі аяқталған соң, ауылдық округ пен елді мекендердің командалары арасында шағын футболдан турнир өткізілді.

 

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале