27.01.2021, 18:27
Оқылды: 54

Өнер иесіне құрмет көрсетілді

Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиевтің ұсынысы, аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен, аудандық мәслихат сессиясының шешімімен 2020 жылдың 28 желтоқсанында күйші-домбырашы, қазақ күй өнерінің алтын қорына бірнеше көне күйді жеткізген өнер иесі Өтеген Жұмашевқа Жәнібек ауданының Құрметті азаматы атағы тағайындалды.

IMG-20210127-WA0027

Жуырда аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуанәлиев және аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Әліпқалиев Орал қаласында тұратын Өтеген Жұмашұлының үйіне арнайы барып, аталмыш атақты табыс етті.

Өтеген Жұмашұлы 1930 жылы қазан айында Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Теректі ауыл кеңесінде дүниеге келген. Жасынан жетімдік көрді. Балалық шағын соғыс шарпыды. Жігіт шағында туған жері полигонға айналып, «ақтабан шұбырындыға» ұшырады. Еріксіз сонау Оңтүстік Қазақстан облысына көшірілді. Ол жақтан 1958 жылы туған жерге қайтып, Жәнібек ауданында қарапайым есепші болды. Домбыра тартуды 5 жасынан үйренген. 1959-68 жылдары Жәнібек ауданында ұйымдастырылған домбыра оркестрінің құрамында өнер көрсеткен. Ел ішіндегі Қожахмет, Тайторының Қожағы, Ғилаж күйші сынды өнерпаздардан Соқыр Есжан, Құрманғазы, Дәулеткерей, Мүсірәлі, Сейтек күйлерін үйренеді. Өтеген ағаның бір қасиеті – әуелі өзі тартатын күйдің хикаясын айтып, тыңдарманды дайындап алады. Өйткені бағзыдан жеткен дағды солай. Өзінің қайын атасы Шайхы кезінде әйгілі Сейтектің серігі, қосшысы болған екен. «Атам көп сөйлемейтін, тұйық кісі еді. Бірақ Сейтек туралы әңгіме естісе орнынан атып тұрып, көпшігін құйрығына қойып, әңгімеге араласа кететін» дейді өзі.

IMG-20210127-WA0036

Өтеген Жұмашев саналы ғұмырында өнер адамы ретінде құрметтеліп, өз бағасын алды деп айту қиын. Өмір бойы есеп-қисаптың айналасында жүрді. Жәнібек ауданына қарасты Тегісшіл, Борсы ауылдарында қызмет етті. 1992 жылы зейнет демалысына шығып, Орал қаласына көшіп кетті. Өз қолымен бейнеттеніп үй тұрғызды. Қазірге дейін сол үйде қоңыртөбел күн кешіп жатқан жайы бар.

Өнер қадірін білетін жандар Өтеген Жұмашевты бірауыздан дәстүрлі күй өнерінің көзі тірі өкілі, қаймағы бұзылмаған қазақы домбыра үнін жеткізуші ретінде танып, арнайы марапатқа лайықты деп есептейді.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале