19.12.2019, 14:55
Оқылды: 98

Өнеркәсібі өрлеген өлке

Бұл жолы біз сөз ететін, Бөрлі ауданының Ақсай қаласынан солтүстік-батысқа қарай 8 шақырымдай жерде орналасқан, өндірістік өлке – Пугачев ауылы.

1954 жылы іргетасы қаланған Пугачев ауылы күні кеше ғана 65 жылдық мерейтойын атап өтті.

Бұл ауылға алғашқыда (2014 жылы) бас маман болып келген, бүгінде ауыл әкімі лауазымындағы Қайрат Салақбаев ауылға алғаш келген жылдарын ерекше сезіммен есіне ала отырып, ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігін баян етті.

«Ауыл – нағыз шаруашылық ордасы...»

Біздің ауылдық округке үш  елді мекен қарайды. (Бесағаш, Сұлусай, Пепел жол айрығы,). Жалпы тұрғындардың саны 2 654 адам. Сонымен қатар бұл аймақты орыс ұлты, украиндықтар, немістер,белорус, татар, шешен ұлтының өкілдері, мордва, өзбек және тағы да басқа ұлт өкілдері мекен етеді. Осынша ұлт пен ұлыс бас қосқан өлкеде, тұрғындар өте ұйымшыл. Ауыл аумағында  әкімдіктен басқа мектеп-балабақша кешені, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі, спорт залы, модельдік кітапхана, 9 дүкен, мал сою алаңы, шаштараз, киім тігу цехы бар. Округтегі кіші және орта бизнестің дамуы туралы атап өтетін болсам, ауылда тұшпара, шұжық цехтары жұмыс жасайды. Сонымен қатар қазіргі таңда 9  ЖШС, 52 ШҚ және «Аманат»  шаруа қожалығы  сүт фермасының жұмысы басталды.Ал Бесағаш ауылындағы  су бөгетін жалға алған жеке кәсіпкер «Искалиев» балық шаруашылығымен айналысуда. Алдағы уақытта ауылымызда балық шаруашылығы  жанданып, айналымға шығады деп күтіп отырмыз.

borli (2)

Ауылда кәсіп ашып, ойға алған істерін жүзеге асырғысы келетіндер санының көбеюі көңіл қуантады. Айталық, биыл  ауыл тұрғыны Евгения Сиротина 2 млн. теңге несие алды. Саңырауқұлақ  өсірумен айналысып, кәсібінің нәсібін көрмекке ниеттенген болашақ кәсіпкер алдағы көктемде жұмысын бастамақ. Сонымен қоса 505 мың қайтарымсыз несие алған   Балтабаева әзірге шағын тігін цехын ашып, шаруасын бастап кетті.  Мұның өзі қарапайым ауыл тұрғыны үшін батыл бастама деп ойлаймын.Ауыл тұрғындарына қолдан келгенше, жоспарға сай жағдай жасалуда. Денсаулық, білім саласы нысандары да өз жұмыстарын қарқынды атқаруда. Округ бойынша медициналық дәрігерлік амбулатория жұмыс жасайды. «Жедел жәрдем» көлігі бар. Әрине қазіргі таңда дәрігер жоқ. Ақсай қаласынан жалпы тәжірибелі дәрігер келіп тұрады. Ал былай 3 медициналық мейірбике қызмет атқарады. Білім саласына келсек,Пугачев мектеп- балабақша кешені 1955 жылы салынған. Жалпы мектеп 180 балаға арналған, биылғы жылы 331 оқушы білім алуда. Округте көпұлтты халықтар тұратындықтан қазақ және орыс сыныптары бар. Оқушылар екі ауысымда оқиды. Бөлмелердің жетіспеуіне байланысты бастауыш сыныптағы 154 оқушы «Ақбота» шағын орталығында оқиды. Сонымен қатар осы орталықта 60 бүлдіршін тәрбиеленуде, 80 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Мектеп-балабақша кешенінде 54 педагог жұмыс жасайды. Осы тұста халықтың көп сауалы бар. Ол,әрине, «жаңадан мектеп салынса» деген ұсыныс. Әрине, салынғанын бізде қалаймыз. Алайда 1-2 жыл көлеміндегі жоспарда мектеп құрылысын бастау туралы «жағымды жаңалық» жоқ. Сонымен бірге осы мүмкіндікті пайдаланып ауыл тұрғындарына тағы бір айтқым келетіні, Пугачев ауылынан 2017 жылдан бастап, тұрғындарға 198 жер телімі берілген болатын.Алайда  3 жылға жуық уақыт өтсе де, 30-35- тей ғана үй құрылысы жүргізілген. Қалған жер телімдері бос тұр. Негізінен берілген жер 3 жыл ішінде толық игерілмесе ҚР жер кодексінің заңнамасына сәйкес кері қайтарылып алынатынын жергілікті халықескерсе екен дейміз. Неғұрлым жұмысты қарқынды етсе, соғұрлым бос тұрған жерлер толығып, ауылға сән берері анық, – дейді ауыл әкімі.

Ауыл әкімі Қайрат Құспанұлының сөзінен аңғарғанымыздай, ауыл шаруашылықтың қай жағынан да құралақан емес екендігін аңғардық. Ауылда ветеринарлық пункт және онда 1 ветеринарлық дәрігер және 1 фельдшер жұмыс жасайды.

borli (4)

Жоғарыда айтып өткен 52 шаруа қожалықтары да өз кезегінде мал өсіріп, шаруаларын дөңгелетіп отыр. Олардың ішінен атап айтар болсақ, «Алмас» шаруа қожалығы  мал шаруашылығына қажетті техника алу үшін 3млн.теңге көлемінде несие алса, «Карповин» ШҚ техника үшін 9,5 млн. теңге, мал басын арттыруға 6 млн.теңге  несие алған. Сол сияқты «Назарбаева» ШҚ мал қорасын салып, келер жылдан бастап ірі қара ұстауға дайындықжасауда. Әзірге дайындық барысында өз меншігіндегі 300га жер теліміне көпжылдық шөп егілген. «Шарипов Қ» ШҚ мал өсірумен қоса құс шаруашылығын да қатар алып, биыл 600 қаз өсірген.

«Біздерде мынадай бар, мынадай бар...»

Пугачев ауылындағы тұшпара мен шұжық фабрикаларының жөні тым бөлек. «PREMIUM FOODS» жеке қожалығы дайындайтын пугачев шұжығы бүгінде үлкен сұранысқа ие. 700 шаршы метр аумақты қамтитын аталмыш  өндірістік орталық 2011 жылы  өз жұмысын бастаған.Қожалық төрағасы Игорь Шайдецкидің сөзінше, шұжықты талапқа сай шығаруға арналған барлық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сиыр етінен және аралас түрде(сиыржәне шошқа еті) шығарылатын шұжықтар аудан орталығындағы дүкендерге, Орал қаласы және көршілес Атырау қалаларында да сатылымда.  Бастапқыда 500-600кг өнім өндіретін өндіріс орталығы қазір айына 10-12 тонна өнім шығарады.Бүгінде шұжық цехында 10 адам жұмыс жасауда. Барлығы дерлік ауыл тұрғындары.Алысқа ұзамай ауыл арасынан жұмыс тапқан тұрғындар бұл өндіріс орталығына  дән риза. Аталмыш өндіріс орталығы сапалы отандық өнімі үшін Нұр-сұлтан қалаларында өткен «Парыз – 2011», «Қараөткел – 2012» байқауларында «Үздік кәсіпорын» атағын иеленсе, қала берді, облыстық «Үздік облыстық шұжық өнімдері» аталымын жеңіп алды.

borli (1)

Сонымен бірге ауылда 2017 жылы «БАТЫС МҰЗТАУ» деген атаумен ашылған тұшпара өндірістік орталығы да отандық үздік өнімдердің қатарында. Тұшпара цехында жұмыс жасайтын қызметкерлердің 90 пайызы ауыл тұрғындары.

«Көбіне-көп басқа жақтан келген тағамдардың құрамына күдікпен қарайтынымыз жасырын емес. Оған қоса, Бөрлі ауданы облысымыздағы ең үлкен аудандардың қатарына кіреді. Сондықтан өнімнің өтімділігі де жоғары болмақ. Осындай жайттардың бәрін ойластыра келе, тұшпара цехын ашуды жоспарлап, енді, міне, өз күшімізбен межелі мақсатымызға да қол жеткізіп отырмыз. Біздің өнімдеріміз бүгінгі таңда аудандағы сонымен қоса Атырау облыстарындағы дүкендерде сатылуда. Ойлағанымыздай-ақ, өнімге деген сұраныс өте жоғары. Тіпті, үлгермей жататын кездер де болады.
Цехта 20 адам жұмыс істейді. Олардың барлығы да жергілікті жердің тұрғындары», – дейді шаруасын шырқ үйірген іскер Айнұр Аймурзина.

Ақсай қаласындағы аталған өнімдер сатылатын дүкендердің біріне бас сұққанымызда дүкенші өнімдер апта сайын жеткізіліп тұратынын, тұрғындардың көңілінен шығып, сұранысқа ие болып жатқандығын жеткізді. Сол жердегі кезекте тұрған тұрғындардың да пікіріне құлақ астық. Өзін Айман деп таныстырған қала тұрғыны:  «Мен тек осы Пугачевтан шығатын өнімдерді аламын. Оның үстіне бағасы да қолжетімді. Мысалы қазір мен 2 түрлі шұжық алып тұрмын. Екеуі 840 теңгеге шықты. Осыдан-ақ тиімділігін байқай беріңіз», – деді.

Ирина есімді тұрғын ол да тұрақты тұтынушы екендігін айтып, шұжықтардың майлылығының мөлшерге сай, тұшпара, манты т.б жартылай фабрикаттардың  дәмі ерекше екендігін айтты.

Сонымен бірге ауылда «Аманат» сүт фермасы іске қосылмақ...

Алдағы көктемде іске қосылатын сүт фермасында бүгінде 50 бас сиыр бар.  «Аманат» шаруа қожалығының  төрағасы Қайрат Далабаев –«Негізінен 50 га  ферма аумағында мал ұстайтын қорадан бөлек  жатақхана, асхана,зертхана,қойма, кеңсе бөлімдері бар. Бәрі де жаңа технологиямен талапқа сай, заманауи жабдықталған. Мысалы, мал алаңдарында сүтті сауу, қай сиыр қандай көлемде сүт беруде, қайсы мал ауырып тұр, қала берді, қораны тазалау бәрі автоматтандырылған. Әзірге 50 сиыр ұстап бастадық. Қосымша 40 сиыр алынып қойылды. Негізінен қора аумағы 400-450 бас ірі қараға арналған.

borli (3)

Техникаларымыз, олардың көмегімен жиналған жем-шөбіміз де дайын. Әзірге бізге жетпей тұрғаны жайылымдық жер. Дегенмен оның да бір шешімі болады деп ойлаймын» деп  бізді жалпы жұмыс барысымен, ферманы жасақтау барысында бүгінгі күнге дейінгі атқарған жұмыстармен таныстырып шықты. Әзірге бізде сүттің өзін дайындап, салқындатып, тұтынуға жіберу көзделген. Алдағы уақытта, әрине, жұмысымыз ойдағыдай ілгерілеп жатса, айран, қаймақ т.б дайындау жоспарда бар»,-деді.

Жоғарыда ауыл әкімі атап өткен жеке кәсіпкер « Искалиев» жалға алған бөгетке 2018 жылдың көктемінде 3,0 млн дана Карп,  2,0 млн ақ Амур және 500 мың дана Дөң маңдай шабақтарының тұқымдарын суға жіберілсе, биыл бөгетке бюджет қаражатынан күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

 Биыл тағы да  бөгетке қосымша 3,0 млн-дай балық тұқымдары суға жіберілген.2020 жылдан бастап, аудан мен ауыл халқы балықтар айналымға шығады деп күтіп отыр.

 

Сәнім Меңдібай

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале