25.09.2020, 10:50
Оқылды: 1256

Өнерлінің өрісі кең

Өнер – мұхиттай шексіз. Қазақ халқының шешен сөйлеу және саз өнері елмен бірге жасап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, жас буынның бойынан ізін тауып үлгерді. Осындай өнер дарыған азамат бүгінгі мақаламыздың кейіпкері болмақ.

онер

Парасаттылық пен ізгілікті, мәдениет пен өнерді бойына жия білген бәйтеректік Дмитрий Барабанов қазақ-орыс әндерін гитарада тамылжыта шырқап, шебер орындайды. Абай һәкімнің көптеген өлеңдері мен қара сөздерін жатқа білетін ол бала күнінен қазақ мәдениетіне қызыққанын айтады.

- Өнерде шекара, ұлт, нәсіл деген болмайды. Өнер адамзаттың ортақ құндылығы, - дейді Дмитрий.

1988 жылы Орал қаласында дүние келген кейіпкеріміз шахардағы №32 мектепте 1999 жылға дейін оқып, сол жылы отбасымен ауданымызға қарасты Володар ауылына қоныс аударады. Володарда орта мектепті тәмамдайды.

Бүгінде екі мамандықты игерген жігіт әуелі М.Өтемісов атындағы университетінде «Биология және химия пәні мұғалімі» мамандығын аяқтайды. Бірақ сөзінше, ұстаздық етуді жаны қаламай, ұзақ уақыт өмірден өз орнын таппағандай күй кешкен. Кейін арман қуып Орал қаласындағы медициналық колледжінің «Медбике ісі» мамандығында оқып, диплом алып шығады. Қазір екіші мамандығы бойынша Дариян ауылындағы арнайы қызмет көрсету орталығында жұмыс жасайды. Негізгі жұмысымен қатар Дмитрий сүйікті хоббиі музыканы қатар алып жүр. Ауылда, аудан орталығында өткен мәдени-көпшілік шаралармен байқауларға қатысуды дәстүрге айналдырған.

- Ес білгелі музыкамен айналысып келемін. Бала кезімнен өнерге ерекше ынтам болды. Ол шақта гитарада ойнау сән болатын. Гитара маған ағамнан қалған мұра. 13-14 жасар шағымда осы аспапқа аңсарым ерекше ауды. Алайда ауылымызда саз мектепбі де, ғаламтор желісі де болмады. Сондықтан өз еркіммен, гитарада ойнай білетін адамдардан сұрастырып, соғу, шерту техникасын үйрендім, - деп Дмитрий өз балалық шағын еске алады.

Өнерге құштар бозбаланың жолы болып, 2004 жылы ауыл мектебіне музыкалық білімі бар Тілеген Дүйсенғалиев атты жас мұғалім келген. Мұғалімінен гитараның қыр-сырын үйренген Дмитрий ұстазының алдында әлі күнге қарыздар екенін айтады. Ынталы жігіттің бойындағы өнерін байқап, ары қарай білімін жетілдіруге ықпал еткен Тілеген ұстазы көрінеді. Соның арқасында ол 3 жыл саз мектебінде білім алып, гитараны толық игеріпті. Бір кездері ерінбей, бар білгенін үйреткені үшін ол Тілеген Дүйсенғалиевті қатты құрметтейді.

- Қазір гитарада ойнаудың жаңа неше түрлі техникалары бар. Солардың бірі фингерстайл техникасы. Қазір сол техникаға қызығып жүрмін. Фингерстайл дегенміз - гитаристтің бір уақытта соло, ритм және бас партияларын жүргізуі, - деп түсіндірген Дмитрий аспабын қолына алып, әдемі әуеннің үзіндісін ойнап берді. Шын мәнінде әсем әуен тыңдарманын ерекше сезімге бөлейді.

Соңғы уақытта домбыраны игерсем деген мақсат қойған өнерлі жігіт гитарамен салыстырғанда домбыраның диапазоны тым бөлек екенін айтады.

- Екі ғана ішегі бар болғанына қармастан қазақ аспабының үні ерекше. Домбыра үні орындаушының ғана емес түгел ұлттың жанын толық көрсете алады. Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра, - деп Қадыр ағамыз тегін айтпаса керек? Домбырада күй тыңдаған адам қазақтың жанын ұға бастайды. Өйткені домбыраның жаны – халықтың жаны, - дейді ол.

Дмитрийдің ендігі мақсаты өзі сүйіп орындайтын «Бауырым-ай» әнін домбырада шырқау. Бұл кезекте ол тағы да бала кезгі мұғалімі Тілеген Дүйсенғалиевті еске алады. Ұстазы ұсынған өлеңді мүдірмей жаттап алатын жас музыкант оқушы кезінен бастап қазақ өлеңдерін жаттап, гитарада орындап жүрген.

- Қазақ тілін үйреніп, өлеңдер жаттау маған қиынға соқпады. Тіл үйренуіме тағы бір ұстазым Айжан Сапетовна айтарлықтай ықпал етті. Сонымен қоса бала кезімде «Қазақ ертегілері» атты кітабым болатын. Сол кітапты қайта-қайта оқитынмын. Қазір қазақ ертегілеріндегі «Алдар Көсе», «Жалмауыз кемпір» сынды кейіпкерінен маған жақын ешкім жоқтай көрінеді. Өйткені олар менің балалық шағымның бір естелігі, - дейді Д. Барабанов.

Жас музыкант бала кезінен музейлерге барып, қазақ мәдениетіне қызығушылық танытқан. Киіз үйлерді көргенде ерекше толқып, ішін аралағанды ұнатады екен. Колледжде оқып жүргенінде мұғалімі Даметкен Ерболатқызының көзіне түсіп, «Абай оқуларына» қатысуға ұсыныс алады. Орал қаласында өткен сайыста Абайдың «Өлең сөздің патшасы», «Желсіз түнде жарық ай» атты өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтып бас жүлде иеленген. Осылайша ол сайыстың Семей қаласында өтетін республикалық кезеңіне  жолдама иеленгенін ерекше мақтанышпен еске алды.

- Абай оқулары сайысының республикалық кезеңінен жүлде алмағаныммен Абай туып өскен жерге табан тіреп, музейін, қолжазбаларын өз көзіммен көріп қайттым. Ол маған ерекше әсер етті. Менің әлемімді өзгертті. Абайға ұқсатып айтар болсақ Батысым Шығыс болды, - дейді Дмитрий.

Бұдан бөлек Дмитрий Барабанов гитараға сәйкестендіріп өз өлеңдерін де жазады. Өлеңге табиғат тақырыбын, адамның ішкі толғаныстары мен сезімді қосады. Қазіргі ғаламторы дамыған уақытта жоғалып бара жатқан адамдардың шынайы қарым-қатынасы да оның ажырамас тақырыбы.

- Өнер – ол мәңгі және өнерге ұмтылған адам ешқашан жерде қалмайды, - дейді Дмитрий Барабанов.

Алдағы уақытта кейіпкеріміз өзінің жеке онлайн концертін ұйымдастырмақ.

Аружан Болатбекқызы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале