11.11.2021, 17:10
Оқылды: 76

«Орал-Атырау» күрежолы төртжолақты болады

Ақжайық ауданынан өтетін республикалық маңызы бар «Орал-Атырау» күрежолы төртжолақты болып қайта жөнделмек. Жол құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтіп, инженерлік-геологиялық, инженерлік-геодезистік, жоспарлау жұмыстары аяқтала келді.

01

Бүгін аудан орталығында жұртшылықпен жүздескен «Қазавтожол» ұлттық компаниясының облыстық филиалы директоры Әмір Кәрімбаев мәлімдеді. Ол жиынға қатысқан ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалық, кәсіпкерлік нысандары жетекшілері, жол құрылысына қатысы бар мекеме басшыларымен ақылдасып, жолдың құрылысының аудан халқына ұтымды тұстарын саралады.

02

«Атырау-Орал» автомобиль жолы – екі облыс орталығын байланыстырушы маңызды транзиттік көліктік дәліз. Бастапқыда тәулігіне 3000 көлік қатынайтын етіп салынған жолда сапарлаушылардың қатары қазір екі-үш есе артты. Сондықтан жол-көлік оқиғалары көптеп тіркеліп, сәйкесінше қаражолдан төнер қауіп те көбейді. Әрі аудан елді мекендері жол бойында орналасқандықтан, еркін жайылған төрт түлік те бұл жағдайды ушықтырып тұр.

03

Ақжайық ауданының басшысы құрылысты жобалайтын мердігер компанияларға осы жайттарды құлаққағыс етіп, жолдың үстіне малдың шығып кетуінің алдын алу мақсатында оның жиегін қоршау керектігін қаперге салды. Әрі елді мекендердің тұстарын жарықтандырса, көлік жүргізушілерін жылдамдықты түсіруге ықпал етері сөзсіз.

WhatsApp Image 2021-11-11 at 17.03.29

Жиында мердігер компания өкілдері қатысушыларды өз жобаларымен таныстырып шықты. Алдағы уақытта осындай басқосулар әр ауылдық округте өткізілмек. Себебі аудан үшін игілігі мол, әрі ірі құрылыс жұмысында қай тұрғынның да пікірі маңызды.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале