18.02.2022, 17:00
Оқылды: 105

Орда - өнер отаны

Бөкей елін тұңғыштар мекені деп мақтанышпен таныстырамыз. Оған ешкімнің дау айтпасы анық. Сонымен бірге Орда – өнер отаны. Үннен шілтер тоқыған небір шебер домбырашылар өткен бұл қасиетті өлкеде. Бөкей ордасының мәдениеті, оның ішінде домбыра өнеріне тоқталғанда тебіренбеу мүмкін емес. Білім бар жерде өнердің өрістеуі де ақиқат. Тұңғыштардың мекені Бөкей ордасында домбыра өнерінің дамығаны да шындық.

FB_IMG_1645182988027

Академик А.Жұбанов «Құрманғазы» атты кітабында «Ордада домбыра сайысы болса бас жүлдені Ұзақ домбырашы (Мырзабаев) бермейтін» дейді. Ұзақ Мырзабаев − Құрманғазының, Құрманғазы − Динаның ұстазы.

Төре күйінің негізін салушы Дәулеткерей Шығаев болса, оның күйлерін жалғастырушылар − Науша, Махамбет Бөкейхановтар.

InShot_20220218_164028942

Сейтек домбыраны ағасы Сұлтанғалидан үйренген. Оның күйлерін баласы Есқайыр жалғастырған. Осылайша өткен ғасырдың 30-ы жылдарынан бері Ордада Сарбөпе, Биақа, Кәрім Кенжалиев, баласы Уәлиолла Кәрімов консерватория бітірген – дирижёр, Ғилаж, Биляж Құсайыновтар, Құспан Нысанбаев (41, 45-тей күй шығарған) оның шәкірті Қайыржан Айбатов, Қожақ Тайтөриев («Ақсақ керат» күйі бар) Жанғазы Теміралиев, Есел Қазиев, Өтеген Жұмашев («Шаттық» күй»), Биболат Аюпов, атақты композитор, халық әртісі Базарбай Жұманиязов, композитор Сейілхан Құсайынов т.б. сияқты домбырашылардың тамаша бір буыны күй өнерін біздерге жалғастырған.

Осылардың ішінде домбыра өнерін жастарға және халыққа таратуда ерекше еңбек еткен Жанғазы Темірәлиевті оркестрдің атасы деймін. Өйткені Жәкең Ұлы Отан соғысына дейін Орда орта мектебінде оқушыларға домбыра үйірмесін жүргізсе, соғыстан кейін, яғни 1947-48 жылдары үлкен кісілерден домбыра оркестрін құрған. Оның құрамында мандолинада ( барлық аспапты өздігінен шебер меңгерген) Құспан Рушанов, белгілі скрипашы Марат Бисенғаливтің әкесі Самат Бисенғалиев – скрипкада, Ману Хаиров, Нығметолла Ахметов, Калима Құлшарова домбырада ойнаған.
FB_IMG_1645182991501

Ордада №9 Кәсіптік- техникалық училище құрылғанда курсанттардан оркестр құрып, талай өнер сайысының жеңімпазы атанып, 1956-57 жылдары Алматыға барып концерт қойған.

1964 ж. Наурыз айында Орда қой кеңшары құрылғанда Орда ауылдық мәдениет үйі жаныңдағы домбыра оркестріне жетекшілік жасады. Әр жылдары Жанғазы Темірәлиев, балалары Батыр, Бауыржан, Паңкерей Төлешев, Жұмарыстан Серғалиев, Айғали Ғизатов, Мұратқали, Биғали Ғабдуллин, Ержан Ғұмаров, Асқар Зарипов, Жанболат Аюпов, Бақыт Ғұсманов, Темірбек Әбілхатин, Бақтыгерей Құлбаев, Сисен Қалдыбаев, Берік Дүйсенов, Уахит Сариев, Роза (Әділалиева) Исақова, Уасила Мұқанғалиева (дирижер), Бақыт Бекеева, Галя Мырзағалиева (Дүйсенова), Меңсұлу Салауатова, Тоян Құрмашева, Сұлтанмұрат Сабиров, Төлеген Жұмашев, Есентай Нұрлыбаев, Сәрсенбай Әшенов, баласы Темірхан, Амангелді Салауатов, Ғарифолла Ситанов, Мақсат Омаров, Ермек Қазиев, және осы жолдардың авторы оркестрге мүше болдық. Капок Үдіров, Уасила Мұқанғалиева, Уәлиолла Кәрімов, сауатты орындаушы Еділман Жәбеловтер дирижерлік етті.

1964 жылдың күзінде Сайқын ауылында шопандардың аудандық слёті болатын болды. Осыған байланысты Жәнібек аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Биболат Аюпов үлкен домбыра оркестрін ұйымдастырды. Ол кезде Орда Жәнібек ауданына қарайтын. Сол кезден бастап Жәнібек аудандық ұлт аспаптар оркестрі құрылды. Оркестрдің көркемдік жетекшесі Биболат Аюпов, дирижёрі арнаулы орта білімді маман Күләш Ниетқалиева болды.

Биболат Аюпов ҚАЗМҰУ-ін физика-математика факультетін бітірген, мамандығы-мұғалім. Мәскеуде өткен VI дүниежүзілік жастар фестивалінің дипломанты. Күйшілердің өнерін зерттеуші, шебер орындаушы. Қарапайым домбырашылардан кәсіби оркестр құра білді. 1969 жылдың жазында 35 жасында суға кетіп, қайтыс болды. Марқұм Биболаттың туғанына 70 жыл толуына орай 2005 жылы «Орал өңірі» газетіне «Оркестрдің әкесі» деген мақалам шықты.

Оркестрдің репертуарында дүлдүл күйшілер Құрманғазының «Адай», «Ақбай», «Балбырауын», «Сарыарқа», «Кісен ашқан, Көбік шашқан»; халық күйі «Кеңес», Динаның «Жаса партия!», «Тойбастар», «Әсемқоңыр», Дәулеткерейдің «Қос алқа», «Топан», «Құдаша», «Айжан қыз», Сейтектің «Заман-ай», «80 ер», «Тойбастар»; Соқыр Есжанның күйі: «Соқыр Есжан», Ахмет Жұбановтың «Би күйі»; Сейілхан Құсайыновтың «Мереке»; Төлеген Құлтумиевтың «Комсомол»; Түркештің «Қөңілашар», «Қарабас»; Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғау» күйлері, Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отан», Мәкәлім Қойшыбаевтың «Советтік Қазақстан», шетелдік авторлардың «Венгерское рондо», «Түрік маршы», «Тәжік биі» т.б. шығармалары орындалды.

Оркестр 1972 жылы 7 қарашада Алматыда парадқа қатысып, кешінде Д.Қонаев бастаған үкімет мүшелері алдында, республика сарайында Алматы, Торғай облысының аудандық оркестрлерімен бірігіп концерт қойдық.

1974 жылдың маусымында оркестр «Халық оркестрі» атағын алу үшін мәдениет министрлігінен комиссия келетін болды. Оған жан-жақты әзірлік қажет еді. «Орда» кеңшарының директоры Тауасих Мырзағалиев арнайы концерттік киім, домбыра аспаптарын алу үшін бас бухгалтер Төлеген Жұматовты Алматыға жіберді. Жәнібектен талантты дирижёр маман Еділман Жәбеловті алдырды. Бәрі де әзір болып белгіленген уақытта мәдениет министрлігінен В.Мерзляков, Т.Қосанов бастаған комиссия келді. Концерт сәтті өтті. Оркестр «Халық ұлт аспаптар» атағын алды.

1982 жылы қарашада КСРО-ның 60 жылдығына орай Мәскеуде ауыл шаруашылық көрмесінде, Останкино телемұнарасында телебағдарламаға түсіп, Уктомский атындағы механикалық зауытындағы концерт қойдық.

1984 жылы ақпанның соңында Алматыға барып Сейтектің күйлерін «Алтын қорға» теле-радиоға түстік. Кейін ол «Дала дастаны» деген атаумен беріліп жүрді. Келер жылдың жазында Ұлы Жеңістің 40 жылдық құрметіне ГДР-ге туристік саяхатпен барып, Берлинде концерт бердік.

2005 жылдың ақпанында Орданың алғашқы домбыра оркестріне 50 жыл, халық ұлт аспаптар оркестріне 30 жыл толу мерекесін аудан көлемінде тойланды.

Міне, осы 1964-1985 жылдар аралығында оркестрдің құрамында болдым. Үйреткен шығарманы тез үйреніп, шығармаларды орындауда ритмді бірқалыпты ұстап отыру, тәртіпсіздікке жол бермегенім басшылыққа ұнаса керек, мені оркестрден қалдырмады. Осы жылдарда ойнаушылардың домбырасын күйге келтіру, дирижёрдің бастауымен домбыраны тарту баста отыратын маған жүктелді, яғни мұны домбырашылардың концертмейстрі дейді.

Жеке домбырада Құрманғазының «Алатау», Балмайсаның «Ғафыл дүние» т.б. күйлерді орындадым. 2014 жылы қыркүйекте Оралда «Қайран ерлер, қаһарман ағалар» атты Жеңістің 70 жылдық құрметіне арналған облыстық байқауда Құрманғазының «Кішкентай» күйін орындап II орын алдым. 2020 жылы Дәулеткерейдің 200 жылы онлайн жарысында ауданды бас жүлде, 2021 жылы Динаның 160 жылдығына байланысты жарыста III орын алдым. Ұзақ жылдар бойы ән-жырдың арасында болу босқа кетпей, ойға ән-күй болып жиналып ондаған ән-күй болып жарық көрді. Ауыл тұрғындарына әр жылдары үш рет жеке концертімді бердім.

Сексен жылдығымның құрметіне ауылдық мәдениет үйі мен мектеп ұжымы шығармашылығыма арнап, концерт берді. Авторлық «Қуаныш. Шаттық. Салтанат», «Өтеді-ау өмір», «Жайығым − Жерұйығым», «Көңіл құсы», «Тәуелсіздік», «Жаңылма, қалқам», «Мұратсай вальсі», «Қайран,Орда», «Нарыным − жартірегім», «Айша қызыма» атты күйлерім орындалды.

Каспи Жахатов,

ҚР Халық ағарту ісінің озық қызметкері,

Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, ардагер ұстаз, күйші

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале