24.08.2021, 10:55
Оқылды: 49

Өрнектас өрудің шебері

Бүгінде жұмыссыз, қол қусырып қарап отырған жанды көп кездестірмейсіз. Күнделікті тірлік үшін шауып, шаруа қуған бір адам. Әйтеуір бәрінің бір мақсаты – отбасы қамы. Біздің кейіпкеріміздің бастаған кәсібі осы сөзімізге дәлел. Казталов ауданына қарасты Қараоба ауылының тұрғыны Алпамыс Молдашев аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант ұтып алып, жеке кәсібін бастады. Былайша айтқанда екінің бірі меңгермейтін ауылда жоқ кәсіптің көзін ашты. Алпамыс ағамен хабарласып, нақтырақ ақпарат алуды жөн санадық.

ор1

- «Еңбек» бағдарламасы аясында 583400 теңге грант ұтып алып, туған ауылымда өрнектас (брусчатка) өндіру жұмыстарын қолға алдым. Әзірге әкем екеуміз, кейін тапсырыс көбейсе жұмысшылар қамту ойда бар. Қолдағы қаржыға цемент араластырғыш, қалыптар, тас соғатын вибростол, ауа компрессоры сынды құралдарды алып, жұмысты бастап кеттік. Ауылдастардан тапсырыстар түсіп жатыр. Алдымен поребрик өрнектастың айналасына цемент арқылы құйылады. Ұзындығы – 50 см, ені – 20 см. Содан кейін ғана өрнектас төселеді. Тек құм тасымалдау қиынға соғып тұр. Алда да жоспар көп. Үлкен ауыл болған соң тасқа сұраныс жетіп, артылады.. Жаз айы қайнаған тірлік уақыты ғой. Көпшілігі жаңадан үй тұрғызып, жалғап, монша салып, құрылыс жүргізуде. Осы орайда болашақта керамзит блок тас соғу құралдарын алу жоспарда бар. Өрнектасқа мемлекеттік ұсыныстарды да қабылдаймыз, - деді ағамыз.

ор3

Мемлекеттің қолдауы ретінде берілген грант жұмыссыз азаматтардың кәсбін дөңгелетіп, нәсібін табуға зор мүмкіндік. Қолдағы қаржыны пайдаға жаратып, кәсіп ашу үлкен еңбек. Алпамыс секілді шаруаның басын қайырған азаматқа тұтынушыларыңыз көп болсын дейміз! Енді қараобалық ағайын қалаға сенделмей, ауылда отырып-ақ өрнектасқа тапсырыс бере алады.

 

Әсем Болат,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале