24.08.2021, 11:49
Оқылды: 60

Орны бөлек қос алтын

Щучинск қаласында жазғы шаңғы жарысынан жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты аяқталды. Келер маусым алдындағы ірі жарысқа еліміздің барлық аймағының үздік жас спортшылары жиналды. Аталған жарыста облыс шаңғышылары да бақ сынады. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы облыс құрама командасының аға бапкері Серік Хайруллин ел чемпионатына жеті ұл және екі қыз барғанын айтады.

IMG-20210823-WA0058 (1)

- Жазғы чемпионат – келер маусымға дайындық. Сол себепті бұл жарысқа кіл мықтыларды іріктедік. Өңір атынан жарыс жолына шыққан спортшыларымыз намысты қолдан бермеді. Нәтиже жаман емес, - дейді бапкер Серік Құрманғазыұлы.

Чемпионаттың алғашқы күні кросс қашықтығында өнер көрсеткен ақсайлық Мадина Жақсылықова бірінші орын иеленді. Ақсай қаласында жас бапкер Ислам Сагиналиевтің қол астында жаттығатын жас шаңғышы үшін бұл – үлкен жетістік. Жалпы бұл біріншілік Мадина қызымыздың бабында екенін көрсетті. Жарыстың соңғы күні конек әдісімен жарысқан Мадина Жақсылықова облыс қоржынына тағы бір алтын медаль салды.

Осылайша бірнеше күнге созылған чемпионатты өңір шаңғышылары екі алтынмен аяқтады.

Шыны керек, көп жанкүйер облыс шаңғы жарысының жарық жұлдызы Еділбек Елубаевтан жүлде күтті. Бірақ ол екі жаттығуын да төртінші орынмен аяқтады. Бапкерлер бұл жақсы көрсеткіш екенін айтуда.

Мадина алған қос алтынның орны бөлек өйткені соңғы 10-15 жылда Батыс Қазақстан облысының шаңғышы қыздары ел чемпионатынан алтын түгілі қола алып көрмеген. Сондай-ақ ақсайлық ару облыс қоржынына жүлде салған алғашқы қазақ қызы. Сонысымен де Мадинаның қос алтыны құнды.

-Осыдан бірер ай бұрын шағын отадан өтіп, қалыпқа келу жаттығуларын Риддер қаласында өткізген Еділбек әлі толық бабына ене қоймады. Бұл жарыс ол үшін алда болатын ересектер арасындағы ел чемпионатына дайындық болды. Сол себепті Щучинскте ол өзінен жасы үлкен спортшылармен жарысты, - дейді Еділбек Елубаевтың жеке бапкері Серік Хайруллин.

Чемпионатта барын салған Еділбек жүлдеге сынық сүйем жетпей қалыпты. Бар болғаны бір секундқа ғана ұтылған.

Одан бөлек, Жанерке Тудахунова атты ақсайлық қыз да жақсы өнер көрсеткен. Ислам Сагиналиевтен тәлім алатын Жанерке кросста да, конек жаттығуында да бесінші нәтиже көрсетті. Осы бабынан таймаса алдағы жарыстарда Жанерке де үздіктер қатарында болады деген сенім білдіріп жатыр шаңғы жарысының мамандары.

IMG-20210823-WA0055

- Қыздарымның нәтижесі қуантады. Ия, тек Мадина жүлде салды. Бірақ ол басқа спортшылар жаман өнер көрсетті дегенді білдірмейді. Жаттығу жасап, спортшыларымыздың шеберліктерін шыңдай түсетін мүмкіндік бар. Тек ерінбей еңбектенуіміз керек, - дейді бапкер Ислам Сагиналиев.

Жалпы Щучинскте өнер көрсеткен облыс шаңғышыларының көрсеткіштері төмен болды деуге ауыз бармайды. Дамир Қабекесов үздік ондыққа енсе, Арсен Ғұмаров пен Дамир Жұманиязов үздік жиырма спортшының қатарында болды. Әр топта кем дегенде 50 шаңғышы болғанын ескерсек, өңір спортшыларының нәтижелері алдағы жарыстарда жақсарады деген үміт басым.

 

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале