12.07.2022, 16:30
Оқылды: 30

Орталықтағы қылқалам шебері

Казталов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы қызмет алушылар қатарында небір өнерлі жандар бар десеңші. Бірі ән салса, бірі мың бұралып билейді, ал бірі он саусағынан өнер тамған шебер.

IMG-20220712-WA0016

Тек олардың жан дүниесін түсініп, жүрек түбінде бұғып жатқан киелі өнерді шығара білу қажет. Мұны оларға тәрбие беретін педагог мамандар ғана түсінеді. Әрбір адам ерекше жаратылғаны белгілі. Әр адам өзіне дарыған өнердің иесі. Сондай жандардың бірі – арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушысы Балғабай Бекесов.

Ол мекемеге 2018 жылы келген болатын. Қазіргі таңда 66 жаста. Келген кезден бастап сурет өнеріне құмарланып, әралуан тақырыптағы суреттер сала бастады. Мекеменің еңбек терапиясында Балғабай Бекесовтің өнері шыңдала түсті десек артық болмас. Ерекше өнер иесі түрлі түсті бояуларға қаныққан, адам баласына қуаныш сезімін сыйлайтын суреттерді сала бастады. Әсіресе, мекеме ішіндегі қабырғаға сурет салғанын көрсеңіз. Қылқалам шебері өзінің қиялындағы әлемін қабырғада бейнелеп, орталықтағы ұжым мен қызмет алушыларды да керемет әсерге бөледі, қуаныш сыйлады.

Қабырғаға көз салып қарасаңыз, көктем мезгілінің шуақты күндері табиғатпен аймаласқандай көңілге жылу ұялатады. Ол өзінің ризашылығын қабырғаға сурет арқылы білдіргендей. Суретте тау сілемдері, ашық аспан, қарылғаштар, мәуелі теректермен қатар тау шыңынан аққан бұлақ, табиғат бейнелеген. Балғабай ағамыздың қолынан шыққан суреттері арқылы оның ішкі жан дүниесінің сұлу екенін ұғамыз. Болашақта Балғабай Бекесов секілді қылқалам шеберлерінің туындылары сурет өнерін жоғары бағалайтын көрмелерден табылса екен дейміз.

 

Әділжан Тасболатов,

Казталов арнаулы әлеуметтік қызмет

көрсету орталығының еңбек терапиясының нұсқаушысы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале