8.04.2021, 11:05
Оқылды: 125

Өрттен зардап шеккен отбасы қолдауға зәру

Апат айтып келмейді демей ме?! Расында да, солай екен. Ауласындағы қарапайым тірлігін жасап жүрген Қайырбектің осы күні жыл сайын бір бөлмесін қосып салған баспанасы, тырнақтап жинаған дүниесі әп сәтте тілсіз жаудың құрсауында қалады деген ой өңі түгіл, түсіне де кірмегені анық. Іңір қарасында тап берген өрт осының бәрін жалмап, бақандай бір отбасының шағын ғана дәулетін күлге айналдырды. Аллаға сансыз мың мадақ, отбасы мүшелері дін аман. Алайда, шағын ғана табысын шашау шығармай, тырнақтап жинаған дүниесінен қас пен көздің арасында айырылу қиын екенін көпшілік түсінеді. Тас түскен жеріне ауыр деген, қызыл жалын Азбантаевтар отбасына қара аспан төңкеріліп түскендей болды.

52A83011-BB5C-4CCE-9A63-747251C19CD6

Отағасы Қайырбек Азбантаевты аудан орталығындағы, жуық маңдағы ауылдағы көлік жүргізушілері жақсы біледі. Бала кезінен көлік жөндеуге қызығушылығы бар азамат өзінің шеберлігінің арқасында көпшіліктің арасында азды-көпті бедел жинаған. Көпке жұғымды мінезі де бар, көлігі жүрмей, қиналған алдына келген ауылдастарының бірде-біреуінің бетін қайтарып көрген жоқ. Дөңгелек қисайса, моторынан ақау шықса, тіпті кузовының бір бөлігі майысса да, жігіттер көліктің тілі мен «ішек-бауырын» түсінетін Қайырбекке жүгіреді. Көлік жүргізушілерідің өз арасында «Көлігің сынса, Қайырбектен сұра, білмейтіні жердің астында» дейтіні де сондықтан. Мұның бәрін қызыл сөз үшін емес, өрттен зардап шеккен отағасының азаматтық келбетін жеткізу үшін тізбектеп отырмыз.

B062E384-5AFC-4E5A-8AF4-A875B9E834C6

Қайырбек Азбантаевтың айтуынша, кешкі тамағын ішіп алып, көліктің дөңгелегін жөндейін деп гаражға бет алыпты. Енді кірісейін деп жатқанда, бір танысы келіп, көлігін қарап жіберуді өтінген екен. Көмек сұрай келген адамның бетін қайтармайтын ол кезекті көлікті жөндеуге кіріседі. Темір тұлпардың тілін түсінетін шеберге қаншалықты көп уақыт қажет дейсің, 10-15 минутта қалпына келтіріп, көлікпен көшені бір аралап, тексеріп қайтады. Осы уақытта арт жаққа қарай кеткен жолдасы Гүлмира гараждан түтін шығып жатқанын байқап, Қайырбекке айтады. «Қайдағы түтін, осыдан 15 минут бұрын түк болған жоқ еді?» деп, гаражға жетіп барған оның қақпаны ашқаны сол еді, іште тұншыққан өрттің жалыны  сырттан ауа кірген соң, лап етіп, лезде өршіп кетіпті. Ішке кіріп, гаражда жөндеуде тұрған көлікті алып шығайын деп ұмтылған азаматтың беті мен қолын өрт шарпып үлгереді. Дегенмен, бет қаратпаған жалын оның бұл ойын жоққа шығарды. Гараждың ішінен ештеңе де ала алмады. Бұл кешкі сағат 6-лардың шамасы болатын

Гараж жалғаса салынғандықтан, лапылдаған өрт үйге де тап берген. Әп-сәтте баспананың жартысына жуығы оттың құшағында қалды. Осы арада өрт сөндіру жасағы да жетіп, тілсіз жау тек 2 сағаттан кейін ғана ауыздықталды.

– Бастапқыда не болып жатқанын, не істеп жүргенімді түсінбедім. Өң мен түстің арасындай болды бәрі. Аз-ақ уақыттың ішінде жан-жақтан  ағайын-тума, көрші-көлем, тамыр-таныстар келіп, өртті сөндіруге көмектесіп жүр. Ішімнен «Анамның, апамның, жарым мен баламның аман қалғанына шүкір» деп қайталай беремін. Тек ертеңгі күні ғана өрттің салдарынан баспанадан айырылып, тек үстіміздегі киіммен ғана қалғанымызды түсіндім. Санаңмен түйсініп, бар болғанды ойша есіңе түсірген де оңай емес – осы сәтте кімнен көмек сұрарымды білмей, аңтарылып қалдым. Өзегімді өкініш кернеп бара жатыр.  Анамның көңіліне медеу – кезінде марқұм інім Нұрбек сыйға тартқан бір үстел аман қалыпты. Қиын, әрине. Ешкімнің басына мұндай қиындықты бермесін, - дейді ол.

Оқиға орын алған соң зардап шеккен отбасыға қолдау көрсетіп, жан-жақтан көмек ағылды. Бірі төсек-орын, ыдыс-аяғын жеткізсе, енді бірі киім-кешек, азық-түлігін жеткізіп жатыр. Ағайын, көзтаныс жұртшылық Қайырбектің Каспи Голд картасының есепшотына бар қал-қадірінше қаражат аударып, демеушілік білдіруде.

– Мені қиындықта жалғыз қалдырмай, медеп жатқан ағайынға таудай рахмет. Белгілі кәсіпкер Нух ағамыз өртенген үйдің орнына баспана тұрғызып алғанша уақытша баспанасын беріп, қолдау көрсетті. «Көп түкірсе, көл деген», баспана тұрғызуға бастапқы қаражат жиналып та қалды. Осындайда елдің ішінде отырғаныңды, қиындықпен ешкім сені бетпе-бет қалдырмайтынын түсінеді екенсің. Алдағы уақытта да аяғымыздан тұрып, баспаналы болуға жәрдемдесемін деген жандарға да алғысым зор. Жақсылықтың қайтарымы жақсылық деген, қол ұшын созған жанашыр жандардың жақсылығы Алладан қайтсын.

Иә, баспанасын өрт жалмаған отбасыға естіген жан отағасының айтуынша қолдау көрсетуде. Әйткенмен, жинақталған қаражат баспананы қалпына келтіруге жеткіліксіз. Ал оны ауыл-елдің жаппай көмегінсіз анасы, апасы, жары, ұлы сүйенген отағасы Қайырбек Азбантаевтың әлі жетпесі анық.

Қашан да бір-біріне қол ұшын созып, жақынын жамандықта қалдырмаған бірлігі мол халықпыз. Біреудің мұң-мұқтажын өтеу, оны басына түскен уақытша қиындықтан құтқарып, жағдайын жеңілдету де – сауапты істің бірі. Азбантаевтар отбасына қолдау көрсетіп, төменде көрсетілген есепшотқа қадіріміз жеткенше, қаржы аударып, жәрдем етейік. Ең қарапайым көмектің өзі адамнан адамға жалғасып келіп, өзіне қайтады деген!

Ақжайықтық ағайын! Көмек көрсетемін деген жан Каспий Голд картасына қаражат аудара алады: бұл карта 8 747 551 1984 нөмірінде тіркеулі.

Көмек көрсетуге асығайық! Қолдауға мұқтаж отбасын баспаналы ету қолымыздан келеді!

Әсем Есбек,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале