9.01.2023, 12:15
Оқылды: 680

Орындалмаған уәде немесе кешіккен құрылыс

Казталов аудандық «Ауыл айнасы» газетінің 27 қыркүйегіндегі №39 санында «Құрғақ уәде ауыз кептірмесе игі» деген тақырыппен аудандық мәслихаттың бюджет, экономика және инфрақұрылымды дамыту мәселелері мен білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияларының кеңейтілген отырысы жөнінде көлемді мақала жарияланған болатын. Сол жиында Казталов мектеп-лицейінің күрделі жөндеу жұмысы жөнінде мәселе көтеріліп, мердігер желтоқсан айының 1 жұлдызында жиынға қатысқандарды мектеп ғимаратын қабылдауға шақырды. Бірақ айтылған сөз сол жерде қалып, құрғақ уәде ауызды кептірді...

1673242739284

 

Сөздің шыны керек, біз желтоқсаннан көп үміт күттік. Өйткені қылышын сүйреткен қыс келмей тұрып, Казталов мектеп-лицейінің оқушылары күрделі жөндеуден өткен ғимаратқа кіріп, жылы орында білім алып, ұстаздарымыз аудан орталығының бір шетінен екінші шетіне қатынамайды деп үміттендік. Әйтсе де бетті қарыған қара суықта оқушылар мен ұстаздар әр мекемеде тентіреп жүр. Бұған селт еткен мердігерді байқап отырған жоқпыз. Мәселенің байыбына жету үшін «ГрадСтройСервис» ЖШС-ның өңірлік директоры Бейбарыс Қасымовпен WhatsApp мессенджері арқылы тілдестік.

1673244316275

– Қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмысын жеделдетіп жатырмыз. Тапсырыс берушімен арада өзара келісім болып, оны рәсімдеу көп уақытымызды алды. Ғимараттың шатырына қайтадан техникалық қорытынды жасаттық. Ондағы мақсатымыз – қаржыны үнемдеп, жобалық-сметада көрсетілмеген жұмысты жасау. Біз күрделі жөндеуді бастамай тұрып, қаржы уақтылы аударылмауы, орындалу актісінің уақтылы толтырылмауы жұмыстың кешеуілдеуіне себеп болды. Егер аталған жұмыстар уақытымен орындалғанда біз құрылысты аяқтаған болар едік, – деді Бейбарыс Қасымов.

Бұл түйткілді мәселе халық қалаулылары мен қоғамдық кеңес мүшелерінің назарында. Қоғамдық кеңес өкілдерінен жауап ала алмадық. Дегенмен нысанның күрделі жөндеу жұмысын қадағалауға бекітілген аудандық мәслихат депутаты Абылай Шакуовпен әңгімелестік. Халық қалаулысы мәселенің жай-күйі бақылауда екенін жеткізді.

– Казталов мектеп-лицейіне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу барысын жіті бақылауда ұстап отырмыз. Қазіргі уақытта мектепке жылу жүйесі қосылып, ішкі әрлеу жұмысы жасалған. Сыртқы жұмыс әлі жасалуда. Ал абаттандыруды кеш бастаған мердігерге сын-ескертпемізді айттық. Мұнысын мойындап, кепілдік берілген мерзім ішінде қайта қалпына келтіретінін жеткізді. Мектеп-лицейдің күрделі жөндеуін жүргізіп жатқан «ГрадСтройСервис» ЖШС-ға облыс әкімі тарапынан да сын айтылды. Біз жуырда ғана аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев, депутаттар Дулат Рахматуллин, Қайрат Жақып және қоғамдық кеңес мүшесі Сисенғали Нығметовпен бірге мектеп-лицейде болып, мердігермен тағы бір мәрте кездестік. Күрделі жөндеу келесі жылдың қаңтар айында аяқталады деп жоспарланып отыр, – деді депутат.

Уақыт созғаннан не пайда? Тентіреген ұстаз бен шәкірттің хәлін кім ойламақ? Неге тиісті шараны қолданбай отырмыз? Заңды сауал көп, әрине. Бұл сауалдарға аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Жангереевадан жауап алдық.

– «БҚО әкімдігі білім басқармасының Казталов ауданының білім беру бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «ГрадСтройСервис» ЖШС арасында 2022 жылдың 14 наурызында №93 құрылыс саласындағы жұмысты мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарт жасақталды. Жобаға «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым бойынша іс-шараларды іске асыру бюджеттік бағдарламасы, ҚР Ұлттық қорынан бөлінетін нысаналы трансферт есебінен кіші бағдарлама бойынша 315 132 000, 00 теңге және жергілікті бюджеттен 10 пайыз бірлесіп қаржыландырумен 36 159 762,94 теңге, жалпы 351 129 176,94 теңге көлемінде қаражат бөлінді. Құрылыс-монтаждау жұмысы биылғы 8 сәуірде басталып, әлі күнге дейін жалғасуда. Күрделі жөндеу жұмысының мерзімі негізінен сегіз айға жоспарланған. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмысы өндірістік кестеден артта қалды, – деді ол.

Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, шатыр жабыны, терезелер, еден (стяжка) және қабырғалар мен төбенің әрлеу жұмысы аяқталған. Қазіргі уақытта қабырғалар мен төбенің таза әрлеу жұмысы, электр желісімен қамтамасыз ету, кәріз жүйесін қалпына келтіру, желдету, жылыту жүйелерін жөндеу, сайдингтің жақтауын орнату мен оқшаулау, сыртқы абаттандыру жүргізілуде. Самал Қанапияқызы өз сөзінде мектептің күрделі жөндеу жұмысының кешеуілдеуіне байланысты қолға алынған шаралар жөнінде де атап өтті.

– Жұмыстың баяу жүргізілуін, өндірістік жұмыс кестесінен артта қалуын, атқарылып жатқан жұмыстың сапалы жүргізілуін қадағалау мақсатымен және жобаның техникалық қадағалау өкілінің жұмыс жүргізуіне қатысты Батыс Қазақстан облысыындағы мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасына 2022 жылдың 6 маусымында №1-11/788, 16 қыркүйекте №1-11/1052, 10 қазанда №1-11/1148 және 7 қарашада №1-11/1229 санды хаттар жолданды. Алайда одан нәтиже болған жоқ. Сонымен қатар БҚО білім басқармасының бастамасымен мердігер, авторлық және техникалық қадағалау ұйымдарының басшыларымен жобаны нәтижелі аяқтау үшін бірнеше рет жиын өткізіліп, нақты тапсырмалар берілді. 2022 жылдың 8 желтоқсаны күні құрылыс-монтаждау жұмысын жүзеге асыру үшін алынған талонның мерзімі аяқталып, құрылыс-монтаждау жұмысының ақталмауына байланысты 2023 жылдың 8 қаңтарына дейін қосымша талон алуға тапсырыс берілді, – деді.

Жабулы қазан жабулы күйінде қалмаған. Тапсырыс беруші де мердігердің жұмысын сынға алып отыр. «Құрылысқа қажет техникалардың жоқтығы, жұмыс күшінің аздығы да – жұмыстың уақтылы аяқталмауына сеп», – дейді тапсырыс беруші тарап.

Ал Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы тарапынан келген жауап хаттарда тек заң тұрғысында кеңес берумен ғана шектелген. Алдағы уақытта құрылыс-монтаждау жұмысы мерзімінен кешіккен жағдайда мердігерді «жосықсыз» деп тану шарасын қолға алу мүмкіндігі бар. Ендігісі келер күн еншісінде.

P.S. Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында білім саласына, ұрпақтың жарқын болашағына ден қойып келеді. Осы мақсатпен бірқатар мемлекеттік бағдарлама да қолға алынды. Оның қатарында мектептер санын арттырып, ескісін жаңарту жұмысы бар. Ауданымызда да алдағы бес жылдықта бірқатар мектеп күрделі жөндеуден өтіп, біразы қайта салынбақ. Өткеннен сабақ алып, алдағы уақыттағы жобаларға зер салғанымыз жөн секілді. Мердігердің жауапсыздығы, құрылыс жұмысының кешігуі қай уақытқа дейін жалғасын таппақ?...

 

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале