16.09.2021, 12:12
Оқылды: 57

Орындаушылық тәртіп керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауында еліміз инфляцияның бақылаусыз өсу мәселесімен бетпе-бет келгенін, Үкімет пен Ұлттық банк бәрін әлемдік үрдіске жауып, қауқарсыздық танытып отырғанын айта келіп, «Мұндай сылтау ұлттық экономиканың әлсіздігін көрсетеді. Онда «біздің кәсіби экономистеріміздің рөлі қандай?» деген сауал туындайды», – деп атап көрсетуі барлық саладағы басшы-қосшыға да, мамандарға да қатаң ескерту ғой. Мен солай деп есептеймін. Экономистер бар, басқасы бар, егер біліктілік, жұртына шын мәнінде жанашырлық танытса, айталық, азық-түліктің бағасына қатысты берекесіздік соншама бетімен кетпес еді-ау. Бұл тауарлардың кейде оңды-солды қымбаттауы «Апам да аң-таң, мен де аң-таңмынның» көкесі болып шығуда. Неге қымбаттап кетті? Бұл сауалға жалпылама жауаптарға, «мониторинг жүргізіп жатырмыз» деген жаттанды сөзге жұртымыз өкінішпен бас шайқайды.

3HqAY9E1

«...өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықтағы бағаның бәріне бірыңғай бақылау жасау қажет. Қазір осы жұмысқа бірнеше мекеме жауапты. Әр жолы баға шарықтағанда олар байыппен сараптама жасап, тиімді шаралар қабылдаудың орнына бір-біріне сілтей бастайды...». Жолдауда тура осылай көрсетілгені тап ақиқат, біздегі бір асқынған дерттің өзі. Қараңыз, «бірнеше мекеме жауапты», «бір-біріне сілтей бастайды». Ата-бабаларымыз ескерткендей, «Түйе көп болса, жүк сыймайдының» кері емес пе?! Әлі күнге жыбырлаған цифрлармен қағаз толтырудың екпіні қалмай қойды-ау.

Қайсыбір буын, қызметте де кәсібилікпен шешім қабылдауға, оны орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгерту керек. Екінші деңгейдегі банктер шағын жобаларға мұрнын шүйіріп қарайтыны жайында біраздан әңгімеленіп жүр. Мемлекет басшысы бұдан былай микроқаржы ұйымдарының әлеуетін іске қосу керегін, бұлар жергілікті жерде өзінің тұтынушыларын, олардың мүмкіндіктерін жақсы білетінін баяндап, шешімдер топтамасын әзірлеуге тапсырма берді. Бұл көпшіліктің көңілінен шықты. Сондай-ақ былтырғы  Жолдауда «Жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде өлместің күнін көріп отырғаны» айтылса, енді олардың құқықтық мәртебесі және көрсетілетін қолдау тәсілдері көрініс табатын «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» бөлек заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуге тапсырма жүктелді. Ауылдықтардың үмітін үкілеген осындай қам-қарекеттермен қатар олар бұрыннан ел арасында айтылып жүрген «субсидия бар жерде ебін тауып, асап қалатындар бар» дегеннің де тыйыларына сенеді. Өйткені Президент субсидияны талан-таражға салуға жол бермеу үшін оны рәсімдеу тәртібі түсінікті әрі толығымен ашық болуға тиістілігін тұжырымдап берді.

Иә, бұл таңдағы ең көкейкесті мәселелерге байланысты аса маңызды тапсырмалар анықталды. Тиісті салалар іс-қимылды үдетуге тырысып жатыр, мұны көріп, біліп отырмыз. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруден тыйылса, «тоғыз есік, тоқсан қағаздан» жерісе, нәтиже де сонша күттірмес. Халықпен тығыз қарым-қатынас, бүкпесіз әңгіме керек. Мұнсыз іс жүрмейді.

Болат Қосжанұлы,

еңбек ардагері,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале