15.05.2023, 0:22
Оқылды: 46

Отан - отбасыдан

Отбасы - шағын мемлекет дейміз. Шағын мемлекеттің бірлігі, берекесі Отанымыздың тыныштығына, қарқынды дамуына әкеледі. Ауданымызда көпке үлгі жанұялар көп-ақ. Әкесінен алған тәлімді ұлдары жалғастырса, анасы салған өнегелі жолмен қыздары жүріп келеді.

50046511-AC6A-4D00-8D77-4990A62410DF

Ол отбасылардың бірі Жәнібектің өнерін алға сүйресе, бірі спорттың өрлеуіне үлес қосып келеді. Жекеленіп емес бірігу арқылы талай додаларда бой көрсетіп, ортақ мақсат қоя білгендерге қарап көз сүйсінеді.

5090FE1E-4452-4395-B191-E73ED1F38DEF

Айтулы мерекеге орай орталық саябақта 15 мамыр - Халықаралық отбасы күніне арналған "Отбасы - өнер ордасы" атты мерекелік кеш өтті.

Аталмыш шараның ерекшелігі ауданның "сен тұр, мен атайын" деген отбасыларының ән айтып, би билеуінде болды. Шаңырақтың тірегі әкелерден бастап кішкентай бүлдіршіндерге дейін және үйдің ұйытқысы аналардан әжелерге дейін сахна төрінен табылды.

99702CA3-95F0-4451-BF6C-C988040A3A9C

Олардың көпшілігі кәсіби әнші не биші емес. Олардың мамандықтары әр түрлі. Бар болғаны бос уақыттарында жаны сүйген іспен шұғылданып, өнер арқылы ұрпақтарының бойына асыл қасиеттерді дарытып келеді.

Нақтылап айтсақ, "Жәнібек жұлдызы" байқауының жеңімпазы атанған күйгенкөлдік Ноғайәлиевтер отбасы сахна шымылдығын ашты. Домбыраның құлағында ойнайтын әке соңынан ерген қызы да өнерден құр алақан емес екенін жеткізген жүргізушілер "Мерейлі отбасы" байқауының жүлдегерлері, мәдениет саласында бірге жүрген Бисенғалиевтер отбасының жетістіктерін айтып, ортаға шақырды. "Инабат" бишілер ансамблінің жетекшісі Қырмызы Бисенғалиева мен қызы Мерейлім Мұхтарқызы үнді биін тарту етті.

9E07F6B3-7551-4C7F-A693-29F18F8362AE
Ұрпақтар сабақтастығына айналған мерекелік кеште жас отбасылардың бірі, "Екі жұлдыз" байқауының арқасында шаңырақ көтерген Руслан мен Айда да төбе көрсетті. Айта кетейік, Руслан Хайрушев "Өнерлі өлкенің жарық жұлдыздары" байқауының бас жүлдегері.
Бұл шарада Жәнібек ауданына, облысқа аты мәшһүр Қалмияровтар отбасының болмауы әбестік болар еді. Жансеріктің жас спортшыларға көрсетіп жүрген қолдауы мен жанашырлығын айта кетпесек әсте болмайды. Бұл жолы анасы Ләззаттың жанынан ұл-қыздары табылып, жанға жылы әндер шырқады.

E77E9AD9-FF46-47D7-B068-3893B6EB4E2A
Содан соң өнерге құштар отбасылардың абыройын асырған ардагер ұстаз, аудандық "Асыл арна" әжелер ансамблінің мүшесі Гүлнар Қайырлиева мен қызы, аудандық аурухананың мейірбикесі Гүлмаржан Ғинаятова болды. Гүлмаржанның ән шырқағына қарап мәдениет саласының адамы деп ойлап қалуыңыз бек мүмкін. Себебі оның қазіргі таңдағы мамандағы өзге болғанымен, жастайынан анасының жанында жүріп ән мен биді бойына сіңірген.

6633B32D-888E-457B-825F-C087C3989558

Осылайша, ерекше маңыз бен мәнге ие мерекелік кеш көрермендердің таңданысымен аяқталды. Саябақта асыр салған бүлдіршіндердің дауысы, ата мен әжелердің немелерін жетектеп жүргені, жанұялардың күйбең тірліктен бір сәтке арылып, қол ұстасып тынығуға келгені ерекше әсер сыйлады. Өнерлерін ұсынған отбасыларға қошемет толастамай, аудан жұртшылығы қимай тарқасты.

99748B8F-2CBD-4F3B-B321-FF81242E3650

EDBBCA0C-41C8-411E-89CC-50C7038B6744

 

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале