24.03.2022, 9:30
Оқылды: 362

Өткен күн өрнектері

Алматы шаһарында тұратын Нарынның нар ұлдарының бірі, Бөкей ордасының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, 1964-1977 жылдары Орда кеңшарының, 1977-1986 жылдар аралығында Орда ауданының тізгінін ұстаған,  ел-жұрты Тау аға атап кеткен Тауасих аға Мырзағалиевке де қоңырау шалып, ой бөліскен едік. C7EBB736-7265-498A-B941-D816B6C32C3E

– Орда ауданының қайта құрылуы туралы әңгімені алдымен Орда кеңшарының ұйымдастырылуынан бастаған жөн шығар, - деп бастады әңгімесін қадірменді қария.

– 1952 жылдың зобалаңынан кейін бұл киелі мекен талай тар жол, тайғақ кешуден өтті ғой. 1964-ке дейін мұнда тек механизаторлар даярлайтын училище, орман шаруашылығы мен обаға қарсы күрес стансасы ғана болды. Былайша айтқанда, дүбірлеген дүние төңкеріліп, елдің шетінде, желдің өтінде қалған елеусіздеу бір елді мекен күйін кешті.

Әлі есімде, 1963 жылы Алматыға директорлар курсына оқуға бардым. Қолымыз сәл қалт етсе, елден шыққан ардақты ағаларымызды іздеп тауып, сәлем беруді перзенттік парыз санаймыз. Сондай кездесулердің бірінде «Орда» совхозын құру төңірегінде сөз қозғалып, «Ғабит Мүсірепов елге барғанда сенің тірлігіңе риза болып келді. Сол ауылдың тізгінін өзіңе ұстатамыз» демесі бар ма ағалардың. Осы ретте Ленин орденді ұлағатты ұстаз, туған өлкесінің шынайы патриоты Ғұмар Зариповтің еселі еңбегін де естен шығармаған абзал. Ол кісінің кіндігі ауылға байланғанымен, Алматыдағы зиялы қауым өкілдерімен тығыз байланыста болды. Мұндай тірліктің тіні тарқатылуына, ел-жұрттың тілегі жоғарыға жетуіне сол Ғұмақаңның үлесі аз болған жоқ. Небір даңқты бабалардың ізі қалған өлкені қайта тірілту бағытында жарғақ құлағы жастыққа тимей, өшін ақ қағаз бен қалам ұшынан алды. Ғұлама жанның қатарына ерген елдің өзге ерлері де өз үндерін қосты. Оның өзі – бір  тарих.  

Сонымен, ардақты ағалардың ұсынысы негізінде 1964 жылы Орда кеңшары құрылып, оған басшылыққа мен тағайындалдым. Сосын ана бір кезде елден үдіре көшіп, тарыдай шашылған жерлестерімізді қайтадан атамекендеріне шақырдық. Аз ғана уақыт ішінде 700-дей отбасы һәм 3 мыңдай адам туған топырағына оралды. Солардың бірі – марқұм  Уәли Мырзағалиев. Ардақты азамат өте жершіл еді ғой. Орданың қай жерінде қандай шөп өсетіндігін, жерасты су көздерінің қай жерде молдығын жақсы білетін-ді. Осындай алдыңғы толқын данагөйлеріміздің кеңесімен 120 мың гектар әскери сынақ аймағын қайтарып алдық. Өрісіміз кеңігесін мал басы да өсті. Осылайша ақырындап еңсеміз тіктеліп, шаруа жайымыз жақсара түсті. Ал енді 1967 жылы Орда ауылында өткен «Әкелер даңқы жолымен» атты республикалық слет ауданымыздың қайта құрылуына ізашар ізгі шара болғанына жалпақ жұрт куә. Оған Мәскеуден қазақтың тұңғыш кеңестік генералы Шәкір Жексенбаев, Алматыдан жерлестеріміз академик Ғақаш Бияшев, қазақтың тұңғыш инженер қызы Мәдина Бегалиева, Мәншүктің анасы Әмина Мәметова және сол кездегі облыстық партия комитетінің хатшысы Бисен Жұмағалиев, тағы басқа да көпке танымал тұлғалардың қатысуы аталмыш жиынның мән-маңызын айшықтап тұр ғой деп ойлаймын. Осыдан кейін тарихи мекеннің күре тамырына біртіндеп қан жүгіріп, үніміз жоғары жақтың құлағына жете бастады. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, араға 20 жыл үзіліс салып, 1972 жылы ауданымыз қайта шаңырақ көтерді. Енді оның орталығын таңдау таласы туды. Орда тарихи мекен болса, Бисеннің географиялық тұрғыдан мойны озық тұрды. Сайқын теміржолымен басымдыққа ие. Жасыратыны жоқ, ол мезгілде көлік тапшы, жол қатынасы қиын, жанар-жағармай қат. Ақыр соңында көпшілік дауыспен бүгінгі Сайқынымыз аудан орталығы мәртебесін алды. Бұл шешім дұрыс та болған сыңайлы. Қазіргі күні мұның бәрі кәрі тарихтың сарғайған парақтарына айналып отыр.

Иә, өткен өмір өрнектері санадан өшер ме?! Бертін келе,  өзім де он жылға жуық сол Орда ауданының бірінші басшысы болып, жақсы-жайсаңдармен қанаттас, қатарлас жүріп, ел үшін қызмет атқардым. Ол жылдарды жеке ғұмырымның алтын парақтары санаймын. Өмір жолымда кездескен жақсы жандардың есімдері әлі күнге жүрек төрінде сақтаулы, әттең, тек қатарлары тым селдіреп қалды. Ал мынау тоқсанның төріне озған шағымда тоқсан ауыз сөзге жасар тобықтай түйінім,  Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ақсақалдың мына бір ойларымен сабақтас. Біздің дәуіріміздің дарабозы һәм заңғар тұлғасы: «Менің тірі пендеге өкпем жоқ, ал менде кеткен өкпе-наз болса, ақ басымды иіп, мың қайтара кешірім сұраймын. Сондықтан дүние қайта айналып келмей-ақ та қойсын, мен басқаша істейтін едім деп жұлқынбай-ақ қояйын. Әр нәрсе өз уақытында» деген еді. Ендігі басты   тілегім, жанымның бір бөлшегіндей болып кеткен қасиетті Нарын өлкесінің торқалы тойы тарқамағай!      

  Ұлпан Жакина,

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале