27.10.2021, 11:00
Оқылды: 101

Отыз жылда өркен жайған отау

Әдетте жақсылықтың бәрі отбасынан басталады. Жанұя – туысты жақындастырушы, ұрпақ пен ұрпақты табыстырушы орта. Тәлім мен тәрбиенің, үлгі мен өнегенің, мейірімділік пен адамгершіліктің ұясында адам баласының өмірге келгеннен кейінгі бар тіршілігі өтеді. Берекесі мен бірлігі жарасып, тәуелсіз елмен бірге еңсесін тіктеген жанұялар көп-ақ. Солардың бірі інжу тойлары Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген – Дуана ауылының түрғындары, Таубасовтар отбасы.

17

-Зымыраған уақытпен ілесе жүріп, ақ отауымыздың ордалы, берекелі шаңыраққа айналғанына биыл 30 жыл толып отыр. 1991 жылда отау құрдық. Жолдасым Серік БҚМУ-дың технолог мамандығын бітірген. Отбасында  ұлымыз, қос қызымыз, төрт немереміз бар.

Ұл-қыздарымызды адамдық қалпынан айнымауға, адамгершілік қасиетін жоғалтпауға жастайынан тәрбиеледік. Қазір олардың қызығын көріп отырмыз. Тұңғышымыз Нұрсұлтан бізге алғаш «немере» деген тәтті сезімді сезіндірді. Үлкен қызымыз Гүлрух бүгінде үлкен өмірге қадам басты.  «Отбасы» деген бақыттың ұясын жылылыққа толтырып, түтінін түзу ұшырып, киелі шаңыраққа ие болып отырған сүйікті келін, ұл мен  қыздың анасы. Ал кіші қызымыз Гүлнұр қазір 9 сыныпта оқиды.

18

Отбасын құрғаннан кейін аяулы ата-ана болып бар махаббатымызды балаларымызға төктік. Одан әрі  ардақты ата мен әже болып немеремізге мейірім шуағымызды шашып келеміз.

Ұлымызды ұяға, қызымызды қияға қондырып,  қадірлі құда мен құдағай болып төрден орын алдық. Мінекей, отбасылық  өмір осындай өзіндік алмасулары арқылы қызық қой.

Жанұялы болғаннан кейін ер адам шаңырақтың иесі болуы керек. Бірін-бірі тыңдап, сабырлы болып, ынтымақтастықта өмір сүру қажет. Отбасы іргелі болуы үшін  ер төзімі темір, зайып мінезі алтын болу шарт деп ойлаймын.

Ел Тәуелсіздігінің отыз жылдық мерекесі құтты болып, еліміз тыныш, бейбіт заманда дамыған бай өлкеге айналуына тілеулеспіз!  Егемендікпен бірге жасап келе жатқан отбасымыздың іргетасы берік болып, алтын тойға аман есен жетейік, - дейді шаңырақтың отанасы Гүлмира Таубасова.

Перзенттеріне асқар тау әке, аяулы ана атанған берекелі шаңырақ иелері өздерінен кейінгі жас отбасыларға қашанда өнеге. Інжу тойын тойлап отырған жанұяның береке-бірлігі жарасып, шаңырағы шаттыққа тола бергей дейміз.

Айшабибі Мәмет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале