15.03.2021, 19:50
Оқылды: 58

Отыз жылын арнаған...

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі күні қарсаңында Бәйтерек ауданаралық әділет басқармасының бастығы Айгүл Жұбанышқалиева Тасқала ауданына атбасын тіреген болатын. Бір салада ұзақ жылдар бойы үздіксіз қызмет еткен Қарлығаш Тасқалиеваға алғысын білдіріп, гүл шоғын табысталды.

 IMG_1126

ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл толуына орай мерекелік медалі және Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР ведомствалық медалінің иегері Қарлығаш Дәуітқызымен пікірлескен едік.

– Негізінен, мен Тасқала ауданында 1978 жылы келдім. Алдымен аудан орталығындағы балабақшаға тәрбиеші болып орналастым. Қазіргі «Ақбөпе» балабақшасы сол кезде «Балдырған» деп аталған болатын. Балабақша тәрбиешісі болып қызмет атқарып жүрген кезімде де талай қызықтар болды. Жалпы, кішкентай бүлдіршіндермен жұмыс жасау өте қызықты. Кейін аталған балабақшада меңгерушілік қызметке ауыстым. Көп кешікпей бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған АХАТ органына қызметке орналасып, онда да бағымды бір сынап көрейін дедім. Ол сонау 1987 жылдары болатын. «Бюро ЗАГС»-тегі алдыңғы буын өкілдерімен иық тіресе жұмыс істеп, біраз нәрсені үйрендім. Содан бері 2005 жылдарға дейін үздіксіз қызмет жасаған екенбіз. Оның да өз қызығы мен қиындығы бар болатын. Әділет басқармасының аудандағы қызметкерлері біраз жұмыстың басын қайырып, талай асуларды артқа тастады. Жас мамандармен бірге қызмет жасап, ауданымыздың өркендеуіне үлесімізді қостық деп ойлаймын. Жылжымайтын мүліктерді тіркеу, нормативтік құқықтық актілерді тіркеу және АХАТ-тың жұмыстарын қоса атқардық. Өзіме халықпен тікелей жұмыс жасаған өте қатты ұнайтын. Аудан бойынша біраз балалардың туу туралы куәліктерінде менің тегім жазулы тұр. Күні кешегі атқарған қызмет болғанымен, мұның бәрі – бүгінгі тарих. Жалпы, халықпен жұмыс жасаған қызықты. Құжаттарды тіркеу, тағы да басқа алдыңа келген қызметтер халықпен тығыз байланысты. Солардың бәрі кейінгі кезде есіңде қалады екен. 2017 жылы зейнеткерлікке шықтым. Қазіргі таңда сол зейнеткерліктің рақатын көріп отырған жандардың бірімін. Туған күнім қаңтар айының 1 жұлдызы болғаннан кейін, 2017 жылдың 2 қаңтарынан бастап жұмысты тоқтаттым. Сол жылы қызым тұрмыс құрып, шаңырағымызда үлкен қуаныш болды. Той қамымен жүргендіктен бе, әйтеуір жұмыстан қалғаным басында білінбеді. Қазіргі таңда немерелерім мен жиендерімнің тәрбиесімен айналысамын. Соларға көбірек уақыт бөліп, қызығын қызықтап отырған бақытты әжемін. Ұлымыз әкесінің жолын қуып, қазіргі кезде белгілі кәсіпкер атанды. Өзім Ресей жерінде дүниеге келіп, орысша тәрбиеленіп, орысша өскеннен кейін қызымызды кішкентайынан бастап қазақша мектепке бергенбіз. Қазақша тәрбие алсын деген шексіз ниетіміз болғанғандықтан болар, қызымыз сол үмітімізді ақтады. Орал қаласындағы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан гуманитарлық университетінің филология факультетін бітіріп шықты. Өзің бір сәйкестікті байқап отырған боларсың. Тегіміз ауданның атымен аттас. «Тасқала-Тасқалиев» АХАТ-та жұмыс жасап жүрген кезімде, «Тасқала ауданы деп басталады да, Тасқалиевамен аяқталатын төлқұжаттар» талай ауылдастарымыздың қолында жүрді. Оның өзі бір бөлек тарих. Қазіргі таңда еске түсіріп отырсам, талай жайсаңдармен қызметтес болыппын. Олардан үйренгенім де көп еді. Кейінгі буыннан да білетінімді аямадым. Қызмет жасап жүрген жылдары бірнеше марапаттарға да ие болдым. Еліме шексіз рақмет, - деп сөзін түйіндеді зейнеткер ана Қарлығаш Дәуітқызы.

100

Тасқала ауданының орталығында тұратын Тасқалиевтерді білмейтін жан жоқ шығар. Қарлығаш Дәуітқызының жан жолдасы Қуан Тасқалиев – аудандағы танымал кәсіпкерлердің бірі. Ұрпағының қызығына бөленіп отырған кейіпкеріміз өзінің саналы ғұмырын АХАТ саласына арнағанына еш өкінбейді. Керісінше ауылдастарымен тығыз байланыста қызмет атқарғанын мақтан тұтады. Кейіпкеріміз секілді елге сыйлы, құрметке лайықты жандардың ортамызда жүргені қандай жақсы...

 

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале