27.01.2022, 9:30
Оқылды: 76

Өз өніміміз көбейгені қуантады

2021 жылы еліміздің веб сериалдары көпті таң қалдырды. Атап айта берсек өте көп. Неше түрлі сюжетке құрылған, оқиғалары да әрқилы болып келетін топтамалар көрерменін тапты десек те болады. Әсіресе жасөспірімдер арасында кеңінен таралған «Synyptas» сериалы өзіме ерекше әсер етті.

B4ED7125-476D-4A05-A195-E441F2CC7913

Бәрімізге белгілі, елімізде түсіріліп келе жатқан сериалдардың басым көпшілігі махаббат яки отбасы мәселелері туралы. Ал «Synyptas» сериалының ерекшелігі де, көрерменінің көп болуының сыры да осы кезге дейін жабық болып келген мектеп тақырыбына арналғанында десек артық айтқанымыз емес. Иә, шыққанына көп уақыт өтпей жатып, бірінші бөлімінен-ақ көрерменнің көзайымына айналған сериал өзгеше тақырыпты ортаға салды. Күнделікті тақырыптағы сериалдарды көрген бір бөлек, мектеп туралы сериал көрген бір бөлек.

Аталмыш сериал екі маусымнан тұрады. Аты айтып тұрғандай, «Synyptas» сериалы сондағы басты рөлдегі жас блогерлердің мектепте өткен қызықты оқиғаларын баяндайды. Мектеп кезін еске салады. Ондағы оқушылардың оғаш әрекеттері, ұстазды тыңдамауы, сыныптар арасындағы ұрыс-керістер, ҰБТ және басқа да тақырыптар сөз болды.

Сериал 11а мен 11б сыныптары арасындағы түсініспеушілік пен бір-біріне деген сыйластықтың болмауынан бастау алады. Күнделікті қайталана беретін көреалмаушылық, оқушылардың арасындағы кикілжің...

Дейтұрғанмен, бұл жерде айта кететін жайт, қанша жерден екі сынып арасында түсініспеушілік болғанымен, сырттан келген бұзақы жігіттер олардан ақша сұрап қорқытқанда бірігіп, қарсы тұра білді. Бұл жерде де байқалатын дүние қанша жерден арада татулық болмаса да, басқа ортада достардың бірлігі сақталуы қажет. Керек кезде көмек қолын соза білуге, қиындыққа тап болған жанға көмек көрсетуге ұмтылуды үйрететін сериалдың берері мол түсінген жанға.

Қай сериал да махаббат тақырыбын айналып өткен емес. Жасөспірімдерге арналған кинода қайдағы махаббат деуі мүмкін кей үлкендер. Бірақ қазақ әдебиетінің тең жартысы қос ғашықтың хикаясы емес пе? Сол себепті артық морализм осы жерде артықтау.

Осы «Kak budto» entertainment-тің негізгі танымал блогері Азамат Тұрсынбай шын өмірдегі ғашығымен бірге сериалға түсті. Кино арқылы өзге қыздардың көреалмаушылығы, қызғанышы һәм үшінші адамның пайда болуын жақсы көре алдық. Аталмыш сериал да осындай махаббат оқиғаларымен қызықты деп білемін. Өйткені, соңында екі ғашық бірге болады. Ал «Happy end» қашан да қызық.

Қанша жерден «Synyptas» сериалын мақтағаныммен, бұл жерде «әттеген-ай» дегізер дүние бар. Әрине, бұл – сериалда кездесетін сленг һәм боқтық сөздер. Осы жерде цензура мен морализм керек-ақ. Өйткені шығып жатқан сериалдарды тек қана жасөспірімдер ғана емес, кішкентай балалар да тамашалайды. Ал сүйікті кейіпкерінің боқтық араластыра сөйлегенін көрген балақай оны дұрыс деп қабылдауы мүмкін. Былай алып қарасақ, бұл сериалды жас блогерлер өздері түсіріп жүр. Ол да үлкен еңбек. Қанша жерден боқауызды қолданба десек те, ол сөздер сериал шыққанға дейін де болды, аяқталған соң да болады. Меніңше, киноны көрген адам кейіпкердің жақсы жақтарынан өнеге алып, ұнамсыз тұстарынан арылуы керек. Сонымен қатар сериал тәрбие емес, көңіл көтеру құралы екенін де ескерген жөн. Десе де, өзімнің жеке ойым, құлаққа түрпідей тиетін сөздермен сериал түсіру қисынсыздау секілді.

Қалай болғанда да, бұл топтамалар – өзіміздің өнім. Өзгенің қаңсығына таңсық болып жүрген жоқпыз, сол жағы да қуантады.

Жансая Абдраманова,

Қасым Аманжолов атындағы мектеп оқушысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале