6.10.2022, 10:00
Оқылды: 58

"Өз салаңда көш баста!"

Мақсат Абатұлы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті филология  факультетінің IV курс студенті, ҚР Президенті шәкіртақысының иегері:

InShot_20221006_095117269

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуы тиіс екенін айтты. Реформаларға тоқталды. Жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заң және тәртіп саласындағы түйткілді мәселелерді талқылады. Сондай-ақ әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің маңызды рөл атқаратынын және жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін, ағылшын тілін оқытуды мейлінше күшейту маңызды екенін жеткізді. «Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде»,– дейді Президент.

 

Жастарға жан-жақты қолдау көрсету назардан тыс қалған жоқ. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын» демеп пе еді?! Осы орайда жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау жалғасын табады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілмек. Жастар тынымсыз еңбектеніп, өз-өзін кәсіби тұрғыда дамытуға міндетті. Қандай кәсіппен айналыссақ та, нәтиженің сапалылығына баса назар аударғанымыз абзал. «Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Мен биыл жазғы демалыста АҚШ-қа бардым. Үш ай бойы Массачусетс штатының Тизбюри қаласында «Қазақстан-АҚШ» жастар бағдарламасы бойынша еңбек еттім. Өз саламның қыр-сырын әбден меңгеріп алу үшін тынбай іздендім. Әрине, біздің елге бәсекеге қабілетті жастар, кәсіби шеберлер ауадай қажет. Сондықтан жастардың өз-өзін жан-жақты сынап, дамытқаны дұрыс.

«Қазіргі геосаяси жағдайда біз мемлекетімізді біртіндеп нығайтып, реформалар мен жаңару бағдарын нық ұстануымыз қажет. Барынша мұқият әрекет жасап, еліміздің ұзақ мерзімді мүддесіне  сай жұмыс жүргізуіміз керек. Реформалардың қазіргі қарқынын сақтау, саяси мәселелердің бәрін кейінге қалдырмай шешу аса маңызды. Ол үшін алдағы сайлау кезеңдерін тиімді жоспарлау қажет», – дейді Президент. Осылайша билік жоспарын қоғамнан жасырын ұстайтын саяси дәстүрден арылып, биыл Президент сайлауын, келесі жылы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауын өткізуді ұсынды.

«Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілетті мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған конституциялық жаңалық, сөзсіз, билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтып, жаңа жүйе арқылы саяси тұрақтылықты нығайтып, қоғамдық құрылыстың қазақстандық үлгісін қалыптастырмақ. «Бетеге кетсе, бел қалады, бектер кетсе, ел қалады, берекең кетсе, нең қалады?» деп ата-бабамыз айтпақшы, осындай аумалы-төкпелі кезеңде ұлт мүддесі үшін ұйымшылдықпен нақты нәтижеге қол жеткізуге  тиіспіз.

Орынша Түсіпқалиева, Теректі ауданы, Ақжайық ауылдық мәдениет үйінің директоры:

3

– Қазақстан Республикасы Президентін кезектен тыс сайлау биылғы 20 қарашада өтетіні белгілі. Конституцияға енгізілген соңғы түзетулерге сәйкес Президент  жеті жылға және бір мерзімге сайлана алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауына дайын екенін айтты. Әділетті Қазақстанды құру жолында жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажеттігі түсінікті. Кейбіреулер 2024 жылғы сайлауды ертерек өткізуді құп көрмейді. Бірақ Мемлекет басшысының өзі еліміздегі азаматтардың өзгерістерді қалап отырғанын атап өтті. Расында, әлемдегі экономикалық дағдарыстар, етектен тартқан инфляция, әлеуметтік шиеленіс, саяси реформаларға деген сенімсіздік жағдайында сайлау өткізуге  шешім қабылдап, тәуекел ету оңай емес. Оған қоса Қаңтар оқиғасынан әлі «жарасы» жазылмаған халықтың ашуы толық тарқамағанын естен шығармалық. Жалпы сайлауды ертерек өткізу біздің Ата заңымызға қайшы келмейді.

Бұрын билеуші партияның ел басқаруда үстемдік құрғаны мәлім. Енді Мемлекет басшысы ешбір партияны басқармайтын кезде бәрі басқаша болмақ. Алдағы Президент сайлауына көп партия қатысып, сондай жүйе қалыптасатын болса, онда азаматтық қоғам дами түседі. Сайлаудың әділ өтуі өзімізге, сайлаушыларға тікелей байланысты. Сондықтан жастар да аға буын өкілдерінен үлгі алып, саяси науқанға  белсенділікпен қатысуы керек. Бір сөзбен айтқанда, жалпы еліміздегі президенттік жүйе саяси тұрақтылықты нығайтып, тәуелсіз мемлекетімізді жаңа саяси  дәуірге  қадам  бастырады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале