Бәйтерек аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлыбек Хайруллин Раздольный, Чиров, Құрманғазы, Сұлукөл және Кирсанов ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстарды баяндады. Есептік кездесу мақсаты – атқарылған жұмыстарды қорытындылау және тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді назарға алу болды.
Кездесу барысында тұрғындар ауылдағы бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Раздольный ауылының тұрғындары қала мен ауыл арасындағы қатынауды қамтамасыз ететін маршруттық көлік мәселесі мен ауылішілік жолдардың жағдайына алаңдаушылық білдірді. Сонымен қатар, ауыл тұрғыны Геннади Яконов жарықтың тұрақсыздығына шағымданып, медициналық пунктте қажетті жағдайлардың жасалмағанын атап өтті. Эленора Жаңабаева мемлекет тарапынан медициналық құрылғыларға қол жеткізу мүмкіндіктерін анықтап, ауылға дәріхана ашу қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, зейнеткерлер үшін кюар код арқылы дәрі-дәрмекке тапсырыс беру қиындық тудыруда. Ал Елена Теплекова ауылға кіре беріс жолды жарықтандыру, денсаулық сақтау мақсатында фитнес залын ашу және мүмкіндігінше LED экранмен жабдықтау сияқты ұсыныстарын жеткізді.
Чиров округіндегі жаңадан төселген кірме жолдың беті жарылып, сызат түскен. Ауыл тұрғындары бұл мәселені құрылыс жұмыстарын жүргізген компанияға кепілдік ретінде қоюды талап етті. Сонымен қатар, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Еркебұлан Ғабдірахимов округтегі спорттық құралдар тапшылығын шешу мақсатында демеуші табуды сұрады. Мәслихат төрағасы Нұрлыбек Хайруллин қажетті жабдықтардың тізімін алып, жуық арада ең маңызды спорт құралдарымен қамтамасыз етуді уәде етті.
Алмагүл Нашева жыл сайынғы білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына арналған экскурсиялық жобаларға оқу озаттары мен дарынды оқушыларды көбірек тарту туралы ұсыныс жасады. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар ауылға мал дәрігері мен жедел жәрдем көлігін бөлу қажеттігін білдірді.
Құрманғазы ауылының тұрғыны Самат Марабаев жарықтың тұрақсыздығымен қоса, ауыз судың сапасы туралы мәселе көтерді. Тұрғындар осы талап-тілектерін ескерген мәслихат төрағасы, бұл нысанның әлі әкімдік тарапынан қабылданбағанын атап, олардың жуық арада шешілетініне сенім білдірді. Сонымен қатар, тұрғындар кітапхана, ауылдық клуб және спорт залдары бар кешен салуды сұрады.
Кирсанов елді мекеніндегі кездесуде жол мәселесі көтеріліп, қыс мезгілінде жолдың бітеліп қалуының өзекті мәселе екенін айтты. Ауыл тұрғындары қазіргі заманда ұялы байланыстың қолжетімсіздігі де қиындық тудыратынын атап өтті. Сонымен қатар, Январцев ауылындағы мектепті күрделі жөндеу қажеттілігі туралы да сөз қозғалды.
Есептік кездесу барысында тұрғындардың сауалдары мен ұсыныстары қаралып, түрлі әлеуметтік қолдау көрсету шаралары жоспарланатынын мәлімдеген мәслихат төрағасы Нұрлыбек Хайруллин әр кездесуден кейін жеке сауалдарымен келгендерді қабылдады.
Гүлім Орда,
Бәйтерек ауданы