7.02.2023, 20:50
Оқылды: 68

Өзекті мәселелер шешімін табады

Теректі ауылының Достық үйінде аудан әкімі Тілек Габдушев және ауылдық округ әкімі Әсет Әубакіровтің қатысуымен ауыз су, бұралқы иттер мен қоқыс мәселесіне қатысты тұрғындармен кездесу өтті. Айта кету керек, ауылдық округке қарасты су құбырының авариясы салдары себепті  ақпан айының басында Теректі ауылында су тапшылығы сезілді.

IMG-20230207-WA0083

Қазіргі таңда ақау жөнделгенімен, ұңғымасындағы ауыз су мөлшерінің азаюына байланысты тұтынушыларға қажетті мөлшерде үздіксіз жеткізуге су сорғы құрылғылардың әлеуеті жетпейді. Соның салдарынан ауыз суға жауапты мекеме «Теректі Таза су» ЖШС мамандары уақытша суды кестемен  беруге мәжбүр. Аталмыш мекемінің басшысы Руслан Галиевтің айтуынша, қосымша су сорғыштар алынып, 10 күн ішінде мәселе шешімін табады. Сондай-ақ,  аудан «Жайықгидрогеология» ЖШС мекемесімен бірлесіп, жақын арада қосымша ұңғыма қазуға аудан төңірегінде толық зерттеу жұмыстарын жасау қажеттігін жеткізді. Себебі қазіргі таңда ұңғымалар орналасқан жерлердегі су қоры жылдан-жылға азайып бара жатқан көрінеді.

- Аудан орталығында ауыз су тұтынушылардың саны – 1500 абонент. Қазіргі таңда су қысымын ретке келтіріп, резервуарларға қажетті мөлшердегі суды жинау үшін ескі су сорғы құралдарын жаңалау қажет. Бүгінде жаңа су сорғыларды жеткізетін компаниялармен байланыс орнатып жатырмыз. Алты данасын алу жоспарда бар, - деді аудандық ТҮКШ ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Қайрат Досанов.

IMG-20230207-WA0096

 

Ауылдық округ әкімінің де су мәселесін ретке келтіру бойынша өз ұсынысы бар.

- Ауыл аумағынан шаруашылық қажеттілікке байланысты қосымшы құдық соғу да жоспарымызда бар. Судың уақытылы болмауы салдарынан жаңадан салынған тұрғын үйлердегі жылу жүйесінің істен шығу факторлары орын алды. Бұл мәселе біздің назарымызда. Жаңа жылыту қазандықтарын су келмеген жағдайда тұрғындар дұрыс қолдануы бойынша мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, іске қосатын болады, - дейді Әсет Сәбитұлы.

IMG-20230207-WA0088

Достық үйінде өткен жиында су мәселесінен бөлек ауыл ішінде бұралқы иттердің көбеюі де әңгіме болды. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауапты мамандар толыққанды жауап берді. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша төленетін ақының көтерілуі хақында да тұрғындарға түсінік жұмыстары жүргізілді. Болашақта су мәселесіне қатысты барлық келеңсіздікті болдырмау үшін, тозығы жеткен су құбырын толық қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алған жөн секілді. Жауапты сала басшылары осыған назар аударса нұр үстіне нұр болар еді.

 

Әділет Әлібекұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале