12.10.2021, 9:49
Оқылды: 202

Өзіміз білмейміз, білгеннің тілін алмаймыз

Қазақтың «Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді»  деген сөзі бар. Бірақ «Молдамен  жолдас  болсаң  –  намазың қаза болмайды, ұрымен  жолдас  болсаң  – қазаның  таза  болмайды»  деген  сөзді де айтқан сол қазақ. Бұдан түсінетіміз,  қазақ  қоғамында  молда, имам жайлы екіұдай пікір әуелден болған. 

Өкінішке орай, кейінгі кездері молдаларды мінеп-сынау, имамдарды қаралау жиілеп кетті. Бұрынырақта (тап бұрын да емес, 5-10 жыл бұрын дейік) дәтіміз біреудің иегіндегі сақалын, біреудің басындағы орамалын әңгіме етуге ғана жеткен. Қазір «батылмыз». Қарсы отырып алып, имам-молдалардың бетін тіле беретін болдық.

665652_1502690147

«Болды ғой енді...»

Жаназаларда болып жүрміз. Обалымыз не керек, «біреудің кісісі өлсе қаралы ол»  дегендей, қаралы үйдің қайғысын бөліспек болып бәріміз барамыз. Көптігімізден аулаға адам, көшеге көлік сыймай кетеді. Марқұмның денесі ақ жуылып, аруланып жатады. Біз үйдің ішіне бір көрінеміз де, сыртта тұрамыз. Не істеп тұрамыз? Әңгіме айтып. Кейде әзілдеп, күліп те қоямыз. Қаралы үйге келгенімізді біле тұра, солай жасаймыз.

Ауланың іші-сырты сабылысқан адам. Үйден табыт шығады. Жанұя, әулет, жақын-жуық есіктің алдында аңырап қала барады. Имам мойнын созып:

– Жылап-сықтауды тоқтатайық! Марқұмның жаназа намазын оқиық! Дәреті барлар намазға тұрайық! – деп хабар айтады.

Жаңағы сапырылысқан жұрттың ішінен жаназаға тұруға 10-15 адам шыға ма, шықпай ма? 15 адам шықса, оның 12-сі жас жігіт. Екі-үшеуі ғана қарт кісі.

Сөйтіп, екі сапқа да толмайтын адам намазды өтеп, табыт зиратқа қарай аттанады. Қабірдің басына келеміз. Мәйіт қабірдің жанына қойылады. Халық жиналып жатады. Елдің соңы жиналып болғанша, зират басына бірінші келгендер адам жерлеуге келгендерін ұмытып, мола аралап, таныс-жақындарының мазарларын іздеп кетеді. Ол үшін басқа күні келуге болмай ма? Қайтқан кісіге де құрмет қайда?

Мәйіт лақатқа салынады. Жабылып, көрге топырақ тасталады. Қабір көміледі. Марқұмның тірі кезінде досы, ағайыны, танысы көп болған шығар. Қабірге жалғыз кетеді. Тірісінде «Toyota» мінген болуы мүмкін. Зиратқа табытпен келеді. Бәлкім, құс төсекте жатқан шғар. Суық көрге кіреді. Қабірге бірінші тасталған бір күрек топырақ – оның өмірден алған соңғы еншісі.

Қасиетті Құран Кәрімнің Әли – Имран сүресінің 185-ші аятында: «Әрбір жан өлімнің дәмін татады» – делінген. Ал «Ағраф»сүресінің 34-ші аятында: «Әрбір үмбеттің белгілі мерзімі бар. Олардың мерзімдері келгенде оны бір сағат кешіктіре де, ілгерілете де алмайды» – деп тағы ескертілген.  Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ләззат атаулыдан үзетінді (өлімді) көбірек еске алыңдар» – деген мүбәрак хадисі және бар. Имам осы аят-хадистерді мысал қылып:

«Дүние мен тіршіліктің арасында бізді жаратқан Алланы ұмытпайық. Ханбыз ба, қарамыз ба, баймыз ба, кедейміз бе, бізге бәрібір Құдайдың өлімі жетеді. Сондықтан өлім келмей тұрып, тәубеге келейік, Аллаға жақындайық! Дүние ісі, шаруа бір күні қалады. Мына зират шаруасы, арманы, ісі бітпеген адамдарға толы, – деп тым жақсы насихат айта бастаса, қазаға келген халық: «Болды ғой енді! Жетер! Өлім! Өлім!» – деп қақсай бердіңдер ғой, түге!» –  деп  тыжырына  бастайды.

Имам сабыр етеді. Уағызын доғарып, Құраннан аят оқиды. Молданың сөзін тыңдамаған ештеңе емес, адамдар Алланың сөзін тыңдамайтындарды көресің. Ел-жұрт Құранға ұйып отырса, екі-үш адам біреудің зиратының іргетасында әңгіме айтып отырады. «Тыныш, Құран оқылып жатыр!» – десең түсінбейді. Бетіңе қарап ажыраяды.

Міне, біздің аудандағыжаназа-садақалардың денінде осы көрініс қайталанады. Әрине, бұған бола түгел елді имансыз санауға тағы болмайды. Қаралы үйлерге көмек, жәрдем беру, қызмет қылуға келгенде тартынбайтын, тіпті өлімге көмектесуді парызы санайтын азаматтар, жөн-жосығын айтатын, аталы ақыл сөзін сөйлейтін аға, әкелер бар. Олардың үні бәсең, бірақ ісі мығым. Біздің арамызда амалы жоқ, бірақ айқайы қатты адамдар көбейіп барады. Сол қиын.

Біздікі не шірену?

Біз де қызықпыз. Қаза дастарқанында молда шариғаттан насихат айтып, халықты тақуалыққа, рухани тазалыққа шақырса, несі жаман? Имам садақаға келіп ән айтса, ренжуге болады. Дағуат айтқанға неге ренжиді?

– Шырағым, уағызыңды мешітте айт! – деген әңгімелерді де естідік үлкендердің аузынан. Қарттар мешітке барса екен. Уағызды сол жерден естіп, жүрегіне қабылдар еді бәлкім. Басты мәселесі сол – қарттар мешітке бармай тұр ғой. Сондықтан амал жоқ, имам оларға насихатты қаза дастарқанында айтады.

Тағы бір мәселе. Қарттар жас дін қызметкерлерін «Жап-жас болып жаназа шығарасыңдар!» – деп сөгеді екен. Үлкендер «Жастар былай тұрыңдар. Жаназаны өзіміз шығарамыз. Араласпаңдар!» – десе, қуанар едік. Өкінішке орай, аға буынның ондай сауаты жоқ. Тіпті ауылда марқұмды оң жаққа салатын адам да азайып барады. Олай болса, біздікі не шірену?

Бүгінгі қоғамның имамдар жөніндегі пікірі қандай? Халық неге оларды тыңда-ғысы келмейді? Ел дінді түсінбей жүр ме, әлде имамдар түсіндіре алмай жүр ме? «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшамызда осы сауал турасында талқы ұйымдастырдық.

«Бізде жұртына беделді, мықты, діншіл, салтдәстүрді мықты білетін, шежіре-тарихты тарқатабілетін, иманды, ақ сақалы иегіне жарасқан, ұлттық киімін тастамайтын, ұлағатты сөздер мен өнегелі әңгіме айтатын, жастарға бағыт-бағдар беріп, дәрежесі әкімнен де жоғары, деңгейі сот – қазымен қатарлас ақсақал, абыздар жоқ. Болса да, байқамадым. Бізде өздері ештеңе білмейтін, білгенді менсінбейтін, тыңдамайтын, ізденбейтін, діннен хабары аз дәлелі мен дәйегі жоқ бос сөздер айтатын, өздеріне «Біз коммунист болдық. Ол кезде дінге рұқсат болмады. Ой, Кеңес үкіметі кезінде рақаттанып жүрдік-ау!» – деп, сол кездегі ішкен-жегенін айтып, мақтануды білетін қарттар көп», – дейді Beibit Imangaliev деген желі қолданушысы.

Ал ақын Абылайхан Мақсұтов бұған қарсы пікір айтты:

«Сауатсыз шалдар көп делік.  Молдаларды да көріп жүрміз ғой... Бәрін жоққа шығарып, Құдаймен қорқытып қояды. Мейірімділігі қайда? Шалдар сондай әңгімеден жауыр болған ғой. Молдалар айтады пәлен сахаба бүйтіпті, сүйтіпті деп. Ол шалдар Пайғамбарды білгенмен, сахабаны қайдан білсін. Арабтарда ғана емес, тақуалықтың, діндарлықтың мысалын көрсеткен тұлғалар қазақтан да табылады. Имамдар сөз арасында соларды  да үлгі қылып қойса, халыққа әсерлі болар еді. Дін – апиын. Дін ұлтты рухынан айырмасын. Құдайға және оның жіберген пайғамбарына сенемін... Бірақ әсіредіншілдікті қолдамаймын!» – деп жазды ол.

Иә, Абылайхан бауырымыздың да сөзінде белгілі бір дәрежеде шындық бар. Имамдарға көп жағдайда психолог болуға тура келеді. «Айтпағым осы. Өздерің қорытып, түсініп алыңдар!» – дегеннен гөрі, имамның тыңдаушысының сана деңгейін саралап, оған түсінікті болуға тырысқаны абзалырақ. Аудиториясы қабылдай  алатын мысалды ғана айтса айтушы көп ұтар еді. Дегенмен, бұл пікірге келіспейтіндер де бар:

«Келісетін пікір емес. Біздің сауатсыз болғанымызға Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен оның сахабалары кінәлі емес қой. Сахабалар тура жол салды. Дінді апиын деп қаралаудың өзі Аллаға деген құлшылықтан бас тартқанмен тең. Өз ата-бабамыз заманында медресеге барып, Кеңес одағы кезінде намазын оқып, құлпытастарына да араб тілінде жазу жаздырып, бейіт тастарының қапталдарына Фатиха, Ықылас сияқты сүрелерді бедерлеп кеткенін неге айтпаймыз? Осының бәрі – ұрпағына деген үлгісі әрі аманаты. Біз – қазақпыз, рулы елміз. Біз – текті, жеті атасын түгендеген, салтын сақтаған ұлтпыз. Біз Исламды қабылдап, Аллаға сыйынып, Мұхаммед пайғамбарымызды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мойындадық. Үмбет болып, пайғамбар өсиетін сақтаушы сахабалардың мұрасына мирасқор болдық. Қазақ үшін – басқа дін, басқа қағида жоқ», – деді Beibit Imangaliev.

Талқы осылай екі жақты пікірде жалғасты.

Бір оқырман:

«Молдалар отырып алып ертегі айтады. 3-4 сүрені ана жерге де мына жерге де тыға бергеннен көп қазақ қажыды» – десе, оған: «Бәріміздің басымызға өлім келіп соғады. Бізге де, сізге де соңғы күн туары хақ. Сол кезде жаназаңызды ертегі айтатын молда шығармаса, сол сіз айтқан 4-5 сүрені ешкім оқымаса, не болар екен?» – деп жауап қайырғандар болды.

Бізге керек құнды пікірді Асан мешітінің бас имамы, өлкетанушы Мұратбек Жахатов мырза айтты:  «Дәстүрлі емес діни ағымдағылар елдің алдында діннің жағымсыз бет-бейнесін қалыптастырып алды.
Сондықтан да халық дін туралы ақпараттың қай-қайсысынан да қашып, қабылдамауға тырысады. Имамдар мен молдалардың сөзі сосын да текке кетеді», – деген сыңайда пікір айтты ол.

Түйін

Абылай ханның қолына қалмақтың атақты қарғысшысы түсіп қалыпты. Соның: «Өзің білме, білгеннің тілін алма! – деген қарғысын естіген хан, дүниеде бұдан асқан қарғыс бар ма?» – депті.

Мойындайық, бізде де осы жағдай. Өзіміз білмейміз, білгендердің тілін алмаймыз. Халықтың алдында екі жол бар. Біріншісі – діни сауатын арттырып, діни рәсім – жоралғыларды өзі атқарып үйрену, екіншісі – мамандарға, яғни имам-молдаларға сеніп тапсыру. «Тауық сойса да, қасапшы сойсын!» деген сөз бар. Дін – тауық емес, ол өте нәзік нәрсе. Сондықтан маман керек.

«Бүгінгі имамдар дым да білмейді. Олардың білгенін мен де білемін!» деген өркөкіректікті қою керек.

Бүгінде Сырым аудандық мешітінде 4 қызметкер бар. Бас имам Әділхан Наурызбайұлы – Орал медресесінің түлегі. Қазіргі уақытта шет тілі мамандығы бойынша жоғары оқу орнында оқуда. Ұстаздар Мерхан Нұрланұлы мен Қаныбек Құсайынов та – Орал медресесінің түлектері. Алдыңғысы медреседен кейін, Түркия елінде 6 ай тәжірибеден өтіп келсе, кейінгісі Бөкей ордасы ауданы, Бисен ауылында имамдық қызмет атқарған. Ал Ғабдол Оңаев – тәжірибелі дін қызметкері, жаназа, садақаның жөнін әбден игерген, Алматы қаласында діни білімін арттыр-ған молда. Бұдан бөлек аудандық мешітте Орталық Азиядағы белгілі діни оқу орны – «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің түлектері ұстаздық етіп жүр. Мешіт қызметкерлерінің бәрі де Құран ашқан, қара  танығандар.

Мешіт ұжымынан тыс, жаназа шығарып жүрген ауыл молдалары да оқу, білім жетілдіру курстарынан өткен. Мұны не үшін айтып отырмыз? «Имам-молдалар оқымаған! Білімсіз!» - деген сөз айтылмас үшін. Айтпақшы, біз сынап-мінеп жатсақ та, қаралы үйге басу айтып, келіп қызмет қылатын – осы имамдар ғой. Коронавирус пандемиясы уақытында туған-туыстың өзі қасына жақындауға жүрексініп тұрғанда, тәуекелге барып, вирустан ажал құшқан талай марқұмның жаназасын оқыған – осы имамдар ғой. Оларды сол үшін де құрметтеуге тиіспіз.

Алла біздің сыртымызды жаудан, ішімізді алауыздықтан сақтасын!

Бауыржан  Ширмединұлы,

Сырым  ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале