29.03.2022, 12:40
Оқылды: 46

Өзін-өзі басқару жүйесі нығая түседі

Өткен аптада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа кезекті «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауын жариялады.

51F65032-FE5F-4B66-A4D6-B41AFC590576

Мемлекет басшысы жыл сайын жариялайтын Жолдаудан біз жағымды жаңалықтар күтеміз.

Әсіресе, бірінің артынан бірі келген қиындықтардан аман шыққан ел алдынан тек жақсылық үміт етеді.

Сол үмітіміз ақталғандай.

Жолдаудың аты айтқандай, ел жаңару мен жаңғыру жолын жалғастырады.

Президент осыған дейін саяси реформалардың төрт топтамасын ұсынған болатын. Соның аясында қоғамды демократияландыруға бағытталған бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асты. Осы Жолдауда да ол «Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес» деп қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген жаңғырту бағдарламасын ұсынды.

Президенттің өкілеттігі, өкілді билік тармағын қайта құру,сайлау жүйесін жетілдіру, құқық қорғау органдары және тағы басқа да салаларға қатысты реформалар жайлы айтқан Мемлекет басшысы жергілікті өзін-өзі басқару саласында да ауқымды шаралар қабылданатынын айтты.

Өз қызмет ететін сала болғандықтан мен «Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру» мәселесіне әсіресе зейін қойып таныстым.

Жолдаудағы «Өңірлерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қараған жөн. Қазіргі кезде ауылдық округтер жоғары тұрған әкімдерге толығымен тәуелді. Сондықтан мардымсыз қолдауға ие болуда. Әкімдер сайланатынын ескеріп, халықаралық озық тәжірибеге сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыру тәсілін енгізген дұрыс болар еді.

Сондай-ақ олардың меншік базасын едәуір кеңейту қажет. Олар елеулі ресурстар иеленген соң ахуалға ықпал етеді, сонымен қатар жауапкершілік алады. Олай болмаған жағдайда, бұл өзін-өзі басқару емес, жай ғана алдамшы нәрсе болып шығады. Осыған байланысты қажетті дайындық жұмыстарының бәрін биылғы жылдың ортасына дейін аяқтау керек» деген жолдардан  мен өз қызметімнің қаншалықты маңызды да жауапкершілікті екенін ұқтым.

Аяқтан шалған қиындықтарға қарамастан, Қазақстан жаңару жолын таңдады. Осы жолда біздер, ауыл әкімдері, өз айналасындағы жұртшылықты толғандырған проблемаларды тиімді шешу ісіне жұмылдыра алатын, нағыз беделді, жауапкершілігі мол жергілікті көшбасшы болуымыз – міндет.

Сол міндетті абыроймен атқару үшін барымызды саларымыз да сөзсіз!

Бахтияр Карл,

Теректі ауданы, Новопавлов ауылдық округінің әкімі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале