29.11.2023, 17:55
Оқылды: 21

Парақша бар құпиясы ашылмаған...

Жәнібек аудандық білім беру бөлімінде «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» атты акция аясында жиын өтті.

405290388_890665629729779_2125258111963815488_n

Жиынға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Садирова, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Мейрамхан Бапақов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиев, аудандық ардагер ұстаздар кеңесінің төрағасы Дина Сапашева, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың директоры Мөлдір Әбдірешева, қоғамдық бірлестік төрағалары, мектеп директорлары мен психологтары қатысты.
- Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер арасында бір қылмыстық іс тіркелді. «Аида» сауда дүкенінің алдында Т. Жароков атындағы мектептің оқушысы бір адамның күртесін шешіп алған. Қазіргі таңда ол студент. Сондай-ақ аз қамтылған төрт отбасы бар. Олар біздің бақылауымызға еніп, бірқатар іс-шара жүргізіліп жатыр,- деді Мейрамхан Темірханұлы.
Балалардың болашығына алаңдайтын Ләззат Айтқалиқызы түнгі уақытта жұмыс жасайтын оқушылардың жайын тарқатты.
- Ата-ана құқығынан айыру түк те қиын емес. Тек баланың тағдырына алаңдаймыз. Оларға бәрібір әке мен ана қымбат. Өзге бағытта ата-аналармен жұмыстануымыз қажет. Жеке шақырып, мәселесіне үңіліп, отбасыны сақтап қалуға қылуға тиіспіз. Өзіміз де бала өсірдік. Бала тәрбиесі өте қиын дүние. Қазіргі таңда оқушылардың түнгі уақытта кафе, ресторандарда жұмыс істеуі, оларды ата-аналары қадағалаусыз қалдыруы өршіп тұрған мәселе. Қыздар ерте жүкті болып, ұлдар неше түрлі зиянды әрекеттерге әуес болып өсуде,- деп әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылықтың ықылым заманнан бері тиылмай тұрғанын баса айтты.

Осы орайда Асхат Хамитұлы өз ұсынысын айтып, аудандағы қоғамдық бірлестіктердің көмегіне жүгініп, аудандық полиция бөлімінің бақылауына алынған жандармен жұмыстануға шақырды. Аудан орталығында көптеген іс-шара өтіп жатқанымен ауылдағы ағайын құр қалатынын жеткізді. «Ауылдарды аралап, кездесулер ұйымдастырайық» деген білім беру бөлімінің басшысы онда да теперіш көрген тағдырлар барын еске салды.

Т. Жароков атындағы мектеп директоры Сержан Қошанов та ой қосып, осындай жағдайлар болған кезде кәмелет жасына толмағандармен жұмыстанатын инспектордың тұрақсыздығы, электронды темекінің ашық сатылатыны туралы қаузады.

Ол мәселелер аздай, ең сорақы жағдайға куә болған мектеп басшысы былайша сөйледі:
-  Замананың дертіне айналған кибербуллингке тез арада тойтарыс берілсе екен. Ұялы телефонның арғы жағындағы белгісіз адамдар құйтырқы әрекеттерін қиналмай жасап, өскелең жастың жүйкесіне әсер ететін дөрекі сөздермен шабуыл жасап отыр. №1 мектеп-лицейі мен өзім басшылық ететін мектептің атынан жалған instagram парақшалары ашылды. Оның кім екені әлі күнге дейін жұмбақ. Жалған парақша ашып, балалардың санасын улап жүрген оқушы емес, ересек адам болуы да мүмкін. Дәл instagram-да ашылған жалған парақшаны анықтау мүмкін емес. Амалын да жасап көрдік. Ашуға алғашқы амалдарды жасай бергенде бізді бірден бұғаттап тастайды. Мысалы, бір жасөспірімге «сенің әкең арақ ішеді» деген хабарлама жолдайды екен. Шұғыл нақты қадамдар жасап, оны анықтамаса, соңы жақсылыққа апармайды. Облыс көлемінде өз-өзіне қол жұмсағандардың саны артты. Бірден-бір себебі осы кибербуллинг екені сөзсіз, - деді Сержан Қошанов.
Жиын соңында талқыланған өзекті түйткілдерді шешу үшін бірнеше ұсыныс айтылды.

Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале