23.05.2022, 15:00
Оқылды: 67

Пейнтбол Тасқалада

Көбінесе қалалық жерде ұйымдастырылатын пейнтбол ойыны Тасқалаға да жетіпті деген ақжолтай хабарды естіп қуанып қалдық. Әсіресе жастардың аузында жүрген бұл ойын түрімен жақыннан танысатынымызды біліп пейнтбол алаңына барғанбыз. Ол жерден аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов те табылып, ойын ұйымдастырушылармен пікірлесті.

пейнбол2

«Жастар жағы бұл ойынды қызыға ойнайтынын жақсы білемін. Қалалық жерлерде көптеп ұйымдастырылады. Пейнтбол ойыны ауданымызға алғашқы рет ұйымдастырылып отырғандықтан бұнда келушілердің де көп болатындығына сенімдімін. Және бұл командалық ойын болғаннан кейін достардың ауызбіршіліктері де дами түсетіндігі сөзсіз. Баршаңызға сәттілік тілеймін», - деді аудан әкімі Бауыржан Есқайырұлы.

Басынан бақайшасына дейін қымтанып, каска киген ала киімділер пейнтбол алаңынан табылды. Аталмыш ойынның ережесі өзге ойындарға ұқсамайды екен. Бұл жерде ойын жетекшісінің айтқанына құлақ аспасаңыз, денеңізді ауыртып немесе тіпті жарақаттап алуыңыз да мүмкін.

пейнбол3

"Әзірге 14 дана ойын қаруын алдық. Яғни жеті адамнан екіге бөлініп ойнауға болады. Ойын алаңы 2000 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар әжетханасы мен демалыс үстелдері де қойылған. Отбасымен келетін болса, балаларға бөлек алаңдарды да қарастырып жатырмыз. Болашақта осы ойын түрін дамытқымыз келеді. Өзге аудандарда пейнтбол алаңы бар деп естімеппін. Жалпы өзіме бұл ойын түрі ұнайды. Әсіресе жастар жағы көптеп келеді. Ойын алаңында арнайы жасырынатын орындар дайындалған. Отбасылық достар да келіп, қызықты ойын өрнегін ұйымдастыруда. Ойын бағасы бір адамға 3000 теңгені құрайды. Оған киімі, каскасы, қару жарағы және 100 дана (түрлі-түсті бояулы) оғы кіреді. Алдағы уақытта пейнтбол ойнынан сайыстар ұйымдастыру жоспарымызда бар", - дейді ойын жетекшісі Дәурен Мүсіралиев.

1

Жетекшінің айтуынша, оқ бояуы тиген адам қолын көтеріп алаңнан шығып кетуі керек екен. Одан бөлек оқ бітсе де жеңілгенін мойындау тағы бар. Және өте жақын жерден атуға болмайды. Ондай ара қашықтық бола қалған кезде, қарсыласы жеңілгенін немесе берілгенін құптап ойын алаңынан тез шығып кетуі керек болады. Қорыта айтқанда пейнтбол ойыны қызықты екенін көзбен көріп қайттық.

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале