16.02.2022, 15:10
Оқылды: 58

Переметныйдағы қоныстой

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз тапсырмасында тұрғын үй мәселесін шешуге жергілікті кәсіпкерлерді тарту қажеттілігін айтқан болатын. Аталған тапсырманы іске асыру жұмысы Бәйтерек ауданында былтыр басталып, аудан орталығы Переметный ауылында «Сүндетов» шаруа қожалығының басшысы, аудандық мәслихат депутаты Есен Сүндетов екі пәтерлі төрт тұрғын үй көтерді. 

IMG-20220216-WA0021

Кәсіпкер тұрғызған әр баспананың аумағы 69 шаршы метрді құрайды. Үйлер қажетті инфрақұрылыммен толықтай қамтылып, ауласы қоршалды. Баспана кезегінде және арнайы санатта тұрған азаматтарға берілетін үй құрылысы аяқталған соң оны иесі саттыққа шығарып, әкімдік тиімді бағамен сатып алды.

IMG-20220216-WA0014

Жуырда аталған үйлердің салтанатты ашылуы өтті. Сегіз баспана ауданда үй кезегінде тұрған түрлі санаттағы, яғни көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі, жетім, апатты үй тұрғындары мен аса қажет мамандық иелеріне жалға беріледі.

IMG-20220216-WA0017

Қоныстойын тойлап, қуанышқа кенелген ағайынның шаттығын аудан әкімі Марат Тоқжанов бөлісті.

IMG-20220216-WA0018

-Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде ел үкіметі азаматтардың барлық жағдайын жасауға және лайықты баспанамен қамтуға күш салып келеді. Былтыр тойлаған Егемендік тойының 30 жылдығына аудан үлкен жетістікпен жетті. Алға қойған мақсатқа жету және президент тапсырмасын іске асыру жолында біраз жұмыс жасалды. Негізінен, ауылдағы елді толғандыратын жол, газ, су мәселелерін реттеуге күш салдық. Аталған жайттардан еш кем түспейтін баспана мәселесін шешу үшін де біраз шаруа атқардық. Осы мәселелерді шешуге көмек көрсеткен аудан кәсіпкерлері мен мердігерлерге ризашылығымыз шекіз. Жаңа үйдің әр бұрышы қуаныш пен шаттыққа және бақытқа толсын,-деді қоныстойын тойлаған ағайынды құттықтаған аудан әкімі Марат Тоқжанов.

IMG-20220216-WA0019

Кейін зейнеткерлер мен жетім балалар, еңбек ардагерлерінің жесірлері, құқық қорғау, медицина саласының мамандары мен көпбалалы аналарға жаңа пәтер кілттері табысталды.

IMG-20220216-WA0013

Біраз елді қуанышқа бөлеген шарадан соң аудан басшысы көп жылдан бері үй кезегінде тұрып, баспанасына қол жеткізген ана Ақманар Галиеваның үйіне кірді. Жаңа пәтерге ие болған зейнеткер баспана салып, оны қажет еткен отбасыларға берген аудан басшылығына ризашылығын білдірсе, үйлерді тұрғызған мердігер Есен Сүндетов үй иесіне су жаңа кілем тарту етті.

-2007 жылы Переметный ауылына көшіп келдік. Содан бері үй кезегінде тұрмыз. Енді пәтер жағалап, әркімнің қас-қабағына қарамаймыз. Ел үкіметінің қара халыққа жасаған жақсылығы осы. Үйді салған, оны сатып алып, елді қуанышқа бөлеген аудан басшылығына алғысымыз шексіз,-деді жаңа үйге қоныстанған Ақманар Галиева.

IMG-20220216-WA0012

Сонымен қатар жаңа пәтер кілті аудандық аурухананың жалпы тәжірибедегі дәрігері Елена Маратқа да табысталды. Келгеніне көп болмаса да, үй алып, қоныстойын тойлап жатқан жас дәрігер болашақта ата-анасын көшіріп алмақ ниетте екенін айтты.

IMG-20220216-WA0010

-Үй бергені маманға көрсетілген құрмет деп білемін. Енді еш алаңсыз жұмыс жасап, елге пайдамды тигізуге күш саламын. Баспаналы болуыма қолғабыс еткен әр жанға разымын,-деді жас маман Елена Марат.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале