24.01.2024, 14:30
Оқылды: 77

«Перевод» алмаймыз!». Жаңа жылдағы жаңа дүрбелең  

 

Жаңа жылдың алғашқы күні кәсіпкерлер арасында жаңа дүрлігумен бастады. Осыған дейін банк қосымшаларынан аударымдарды қуана қабылдайтын бизнес иелері бұл әдеттерін ескі жылдың еншісіне тастап, 1 қаңтарда телефондағы ақшадан жерініп шыға келді. Осы мақаланы дайындаған кезде газет тілшілері болып Ақжайық ауданы орталығындағы дүкен, қызмет көрсету орындарын аралап, төлем алу жағын байқадық.

Жп платеж

«4-5 жасар бала QR-код сұрап келеді»

Алдымен бас тіреген дүкеніміз редакциядан көп алшақ емес. Ел аузында иесінің тегімен «Мордвинчев» аталған сауда орны. Елдің бәрі жаңа жылдан бастап аударымдардан бас тартса, мұндағылар одан бұрын да телефон арқылы төлемді қош көрмейтін. Қай күні барсаң да, саудалаған тауарының ақысын қағаз ақшамен төлеуді талап ететін. Енді мұндағы тәртіп өзгеріпті.

Қолымызға 100 теңгенің бір бөтелке суын ұстап, сатушыға жақындадық. Жылы жүз танытып, амандасып біздің телефон арқылы төлеуге ниеттенгенімізді байқап, бірден «Наличка жоқ па?» деп сұрады. Жоқ екенін айтқанымызда, үстелдің астынан QR-код құрылғысын алып шықты. Ықылассыз алып шықты, дүкен иесінен сондай нұсқау алған шығар, қағаз ақшаға бүйрегі бұрып тұрғаны байқалады.

Осыдан кейінгі нысанамыз – ірі сауда орны саналатын «Ақжайық» супермаркеті. Супермаркетте бірнеше бөлім бар. Барлық бөлімде де сатушылардың қолында – аудан тұрғындарының басым бөлігі қаражатын ұстайтын Kaspi, Halyk банктің төлем алатын құрылғылары. Қағаз ақша, төлем – ешқайсысын жатсынып жатқан жоқ, тауардың құнын қалай төлесе де, тұтынушының еркінде. Тіпті жоғарыда аты аталған банктердікінен өзге банктің картасын да NFC (Near Field Communication – мәліметтерді жіберу технологиясы) төлем арқылы да қабылдап жатыр.

– Біздің дүкеннің иелері электронды төлемдерді өзгелер секілді 1 қаңтардан емес, былтырдан бастап енгізді. Тұтынушыларға да ыңғайлы. Бұл төлем жүйесі екі тарапқа да ыңғайлы. Көпірген қағаз ақша санап, есеп тапсырғанда қиналып жатпайсың. Бәрі электронды түрде автоматты есептеледі. Әрі тұтынушыларға да ыңғайлы. Алғашында қабылдаған төлемдеріміз көрінбей қала ма деп аздап үріккеніміз жасырын емес. Бірақ мұндай жүйеде бәрі ашық көрініп тұрады. Біздің дүкен ірі супермаркет болғасын, мұнда тек аудан орталығының тұрғындары ғана емес, ауыл-ауылдан келгендер де сауда жасайды. Әр кезеңнің адамдары әр түрлі. Мысалы, зейнеткерлер көбіне қағаз ақша ұстаса, жастар жағы цифрлы ақшамен есептеседі. Жастар дейміз ғой, кейде 4-5 жасар бала да QR-код сұрап тұрады. «Заманына қарай адамы» деген осы, – дейді осы дүкенде біраз жылдан бері қызмет ететін Света есімді сатушы.

Одан кейін тағы бір-екі дүкенге бас сұқтық. Мұнда да сатушылар ептеп жаңа төлем әдісіне үйреніп келе жатқанын айтады. Бақылағанымыз мынау – әр үшінші сауда орны жаңа талаптарға бейімделіп, QR-код арқылы төлем қабылдап жатыр. Енді бір жартысы әлі де аударымдарға қарсы емес. Мәселе киім сататын кейбір дүңгіршектерде болып шықты. Олар тауардың ақысын электронды төлеммен алуға үзілді-кесілді қарсы. Демек, сізге сатқан тауардан түскен табысын жасыруға ниетті.

Мемлекеттік кіріс органдары қандай түсінік берді?

– Кәсіпкерлердің электронды төлемдерден бас тартуы заңсыз. Тұтынушылар қандай төлем жасауға да құқылы. Қазіргі талап бойынша мемлекеттік кіріс органдарына екінші деңгейлі банктерден кәсіпкерлер, жеке тұлғалардың мобильді аударымдары бойынша ақпарат түседі. Мұндағы мақсат – кәсіпкерлікпен жасырын айналысып отырғандарды анықтау, яғни бизнесті көлеңкеден шығару.

Осыған дейін кейбір кәсіпкерлер тауар мен қызметтер үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алды, бірақ тіркемей, чек соққан жоқ, осылайша тұтынушылардың құқықтары бұзылды. Қазір де солай төлем қабылдап жатқандар бар, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері де кездеседі. Біз кәсіпкерлермен жүздесіп, бұл әрекеттерінің заңсыз екенін түсіндірдік, – дейді аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Қайрат Қапан,

Қайрат Талғатұлының айтуынша, мобильді аударымдардың барлығы тегістей тексерілмейді. Тек әр түрлі тұлғалардан ай сайын үш ай қатарынан 100-ден астам аударым алған тұлғалар нысанаға ілікпек. Мұндай жағдай орын алса, тексеру жүргізіліп, тиісті көлемде айыппұл салынып, қанша жалтарғанымен кәсіпкер ретінде тіркелуге міндеттейді. Бірден айта кетейік, бұл талап мүлдем мобильді аударымдардан бас тарту керек дегенді білдірмейді. Туыстар мен достарға әдеттегідей жеке мақсатта ақша аударуға ешқандай шектеу жоқ.

– Қазір ауыл ішінде, қала мен екі араға жолаушы тасымалдап, такси жүргізушісі ретінде табысын тауып жүрген жандар баршылық. Оларды да бұл талап айналып өтпейді. Жүргізушілер міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. «e-Salyq Business», «Egov Mobile» және кейбір екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы тіркелуге болады. Кәсіпкерлікке арналған банк есепшотын ашып, қысылмай төлем қабылдай бер. Ол үшін жүргізушіге смартфоннан өзге техниканың керегі жоқ. QR-кодты көрсетсе, жеткілікті, – дейді ол.

Қ.Талғатұлы табысын жасырғанның арты жақсылыққа апармайтынын да айтады. Айталық, кәсіпкер қағаз ақшамен жұмыс істеп, есептерінде салықты аз төлеу үшін табысын азайтып, айла-амал жасауы мүмкін. Бірақ әрбір осындай айлакердің білуі керек мәлімет – мұндай жағдайда оған қымбат автокөлік, тұрғын үй сатып алу қиын болмақ, себебі ресми түрде оның мұндай дүниені алуға жағдайы жоқ. Ал жылжымалы немесе жылжымайтын активтерді тіркеген жаңа иесі мемлекеттік кірістер органының назарына ілігеді. Декларацияда көрсетпей, табысын азайтқан кәсіп иесі мұндай мүлікті қалай алғанын түсіндіре алмаса, оған айыппұл салынады.

Электронды төлем  бизнеске пайдалы

Айыппұлмен қазір ешкімді қорқыта алмайсың, әрі кәсіпкерді қыспаққа алайын деп жатқан әзірге жан жоқ. Талап – табыс заңды түрде ресімделуі керек, табыстан белгілі мөлшерде салық төленуі қажет. Айыппұлдан гөрі, осы тұста электронды төлемдер, табысты ашық көрсетудің айқын басымдықтарын мақаламызға тұздық ете кетейік.

Ең алдымен, еліміздегі екінші деңгейлі банктерден арнайы есепшот ашып, күнделікті төлемдерді сол банк арқылы қабылдаса, кәсіпкерге сол банк бизнесін дамытуға несие беруге ықыласты болмақ. POS-терминал арқылы өтетін ақша айналымы қаншалықты қомақты болса, келісілетін несие көлемі де көбеймек. Айта кетейік, бизнеске арналған несиелер бойынша пайыздық үстеме жеке тұлғаларға берілетін несиенікімен салыстырғанда, әлдеқайда төмен. Несиені рәсімдеудің бүкіл процесі онлайн жасалады. Банктің табалдырығын тоздырып, құжат жинаудың қажеті жоқ.

Электронды төлем қабылдайтын кәсіпкерлік нысандардың табысы артуы ықтимал. Себебі кәсіпкер тауарын түрлі маркетплейс арқылы еркін сатып, тұтынушыларға банктер арқылы бөліп төлеу немесе несиелендіру әдісін ұсына алады. Мұндай жеңілдіктер тұтынушыларға әсте ұнайтынын Kaspi-ЖҰМА сынды жаппай сатылым науқандарында байқауға болады.

Тағы бір пайдалы тұсы – жеке кәсіпкерлікті ашу, салықтарды есептеу, әр кезеңнің есебін тапсыру, фискалды чек пен тегін онлайн-касса. Міне, осының бәрі қазір автоматты түрде банктердің бизнеске арналған қосымшалары арқылы жасалады. Ешқайда барудың, одан бетер есеп тапсыру үшін біреуге ақша төлеудің қажеті жоқ.

Табысын жасырмай, заң жүзінде кәсібін жүргізіп отырған жандарға берілетін тағы бір мүмкіндік – кәсіпкерлік атынан ипотека ресімдеу жеңіл, әрі медициналық сақтандыруыңызға да бас қатырмайсыз. Сонымен қатар мемлекеттік өзге де жәрдемақы, төлемақылары да бизнес саласында қызмет ететін азаматтарға көрсетіледі.

Салық дегеніміз – тақтайдай тегіс жолдар, балаларымыз білім алатын мектеп, жылы да жайлы аурухана. Сонымен қатар биылдан бастап салық – балаларымыздың ертеңі. Бәріңіз хабардар шығарсыздар, 1 қаңтардан бастап Ұлттық қордан балаларға міндетті төлемдер аударылады. 18 жасқа толған әр қазақстандық білім алу мен тұрғын үй жағдайын жақсартуға белгілі бір мөлшерде қаражат ала алады. Ал оның көлемі Ұлттық қордың инвестициялық табысына байланысты болмақ. Аймақтарды дамытуға түскен салықтың мөлшері жетпегендіктен, осы қордан да қаражат бөлінетінін қаперге алсақ, қаншалықты көп мөлшерде өңірге салық түссе, соншалықты көп қаражат Ұлттық қорда қалмақ. Демек, біздің балаларымыздың несібесі артады. Осыны да ойға түйіп алайық.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале