8.12.2021, 18:08
Оқылды: 46

Pfizer вакцинасын егу басталды

−Pfizer вакцинасының ерекшелігі хақында түсінік  жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Қызығушылық танытқандар ол туралы ақпаратты ғаламтордан іздеп тапса, мамандарымыз арнайы кездесу өткізіп, жіті түсіндіріп жатыр. Өткен аптада басталған түсінік жұмыстары қазіргі таңда барлық білім ошақтарында аяқталды. Тіпті екпені салуды бастап та кеттік. Екпе алуға ниеттілер көп деп айта алмаймын, алайда, түбегейлі қарсы болып отырғандар жоқтың қасы. Көбі әлі де ойлану үстінде. Бірден айта кетейін, екпе алғандарда ауырсыну, жалпы ешқандай теріс көрсетілімдер болмады, -дейді Бөкей ордасы аудандық аурухананың эпидемиолог дәрігері Сания Харесова.

50

Маманның айтуынша, кездесулер барысында туындаған сауалдарға жауап беріліп қана қоймай, бұл вакцинаның артықшылықтары түсіндірілген. Ауданда 12 мен 17 жас аралығындағы 1065 бала бар. Бұл вакцина осы жасөспірімдерге және 16-37 апталық жүктіліктегі 78 әйелге және 221 емізулі сәбиі бар жас аналарға коронавирус індетімен күресу үшін енізілуі қажет. Әрине, тек келісім негізінде. Қазіргі таңда  Pfizer вакцинасының екі құтысы ашылып, ол үш жүкті, бес емізулі сәбиі бар әйелдерге және үш жасөспірім мен бір студентке егілген.

Айта кетелік, Pfizer вакцинасының сақталу тәртібі бойынша ол өте суық температурада сақтауы керек. Алайда ауданға жеткізілген 36 адамға арналған алты құты вакцинасы ерітілген түрде сақтаулы. Маманның айтуынша, осы күйінде бұл вакцина бір айға дейін жарамды, өз қасиетін жоғалтпайды. Қазірде екі құтысы кәдеге жаратылып, тағы екі құты ауылдық округтерге жолданған. Оның бірі Хан ордасы, екіншісі Бисен ауылындағы медициналық ұйымға жеткізілген. Онда да тиісті температуралық тәртіпте сақталады. Бір құты алты адамға арналғандықтан ол екпе алушылар саны толғанда ғана ашылады екен.

Раушан Бақытова,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале