28.07.2022, 11:15
Оқылды: 53

Поймада мектеп салынады

Теректі ауданына қарасты Ақсуат ауылдық округінде «AMANAT» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының мобильді қоғамдық қабылдауы өтті.

8

Қабылдауға “AMANAT” партиясы БҚО филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаев бастап келген жұмыс тобы құрамында Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Темірғалиева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Арман Қалибеков, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық басқармасының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Аман Ашықов болды. Теректі ауданы тарапынан аудан әкімі Тілек Габдушев және бірқатар аудандық дербес бөлім өкілдері мобильдік қабылдау жұмысына қатысты.

8

Жұмыс тобы алдымен осы округтегі Пойма ауылында салынып жатқан мектептің құрылыс алаңына барды.

108 орындық, екі қабатты мектеп құрылысын мердігер «КазСтрой LTD» ЖШС бастағалы отыр. Жоспар бойынша, құрылысшылар 8 ай көлемінде мектепті пайдалануға бермек.

Партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес салынатын нысан басында Мұрат Мұқаев «аманаттықтар» білім ошағының сапалы салынуын жіті қадағалайтынын айтты.

6

Ақсуаттағы қабылдауға келген тұрғындар ауылдағы өзекті мәселелерді айтып өтті. Соның ішінде «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында тартылатын ауыз су мен ауылішілік жол құрылысын баса айтқан ақсуаттықтар электр бағаналарының ескіргенін де тілге тиек етті. Электр желісінің ауа райымен қоса құбылып, жарықсыз қалдыратыны халықты шаршатқан.

3

Тағы бір айтылған мәселе - балабақша орны жетіспеуі. Қазіргі балабақшада бала саны толық, кезек күтіп тұрған бала жетерлік. Ауылда тағы бір балабақша ашылуын халық асыға күтеді.

4

Қабылдауда қоқыс полигоны жайлы да айтылды. Ақсуат ауылынан 20 км жерде орналасқан қоқыс полигоны денсаулыққа зиянын тигізіп тұр. Полигоннан келген иіс салдарынан тұрғындардың аллергия, тыныс алу жолдары ауруларына шалдығуы жиілеп кеткен.

2

Мобильді топ қабылдауға келген қырық шақты адамның өтініштеріне жеке-жеке жауап беріп, шара қабылдауды қажет ететін мәселелерді қаперге алды.

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале